Дуал

Дуал
жеке
блог

Дуал

Бұрын мен қоршау дегенді білмейтінмін. Өз қазаным бос болмаса, көршімнің қазанынан тамақ жасап, көсеуін алып, отымды жаға беретінмін. Тек түнде ғана бөлек үйде жатқанымыз болмаса, көршіммен бір отбасының адамдарындай емін-еркін, арқа-жарқа араласатынмын. Ол менің, мен оның үйінде не бар не жоғын бес саусағымыздай білетінбіз. Оның қуанышы менің қуанышым, оның қайғысы менің қайғым болатын. Содан заман өзгерді. Мен көршімнен алыстау барып қоныстандым. Өз дүниемді қоятын кең жер керек болды. Мал кірмесін деп ағаш шарбақтармен үйімнің айналасын қоршап қойдым. Көршім де солай істеді. Бірақ, бір-бірімізді көріп, аман-саулығымызды білісіп, күнде бір кесе шай ішіп кету әдетімізге айналған. Солай уақыт өте берді. Елдің барлығы үйінің айналасын сәнді дуалдармен қоршай бастады. Біреулері таспен қалап, басқалары қатты қаңылтырмен оюлап тұрып биік-биік дуалдар тұрғызып жатты. Көршім екеуміз де елден қалмай, қолдағы қаражатты салып, биік әрі әдемі дуал орнаттық...Енді екеуміз бір-бірімізді аптасына бір-екі рет қана көретін болдық. Мен оның үйінде не болып жатқанын білмейтін болдым. Бұрын түске дейін есігінің алдынан көрмей қалсам, не болды екен деп алаңдап, бірден жүгіріп барушы едім. Дуалмен қоршалған күйкі тірліктің күйбеңімен көршімнің бар екенін де ұмыта бастағандаймын. Ол да бізге кіруін доғарды...Келсе де, қақпаны қағып кіретін болды...

Адамдар, үйімізді биік-биік дуалдармен қоршайық. Бірақ, жүрегімізге дуал орнатпайықшы. Сол дуалдың ар жағындағы адамдардың, хақысы Тәңірден болған көршіміздің қайғысын көрмей, қуанышымен бөлісе алмай, өкініп жүрмейік. Өйткені күнде көрмегендіктен есіктің алдына шыға алмаған көршімнің ауырып қалғанын білмеппін. Білмеген соң халін де сұрамадым. Көршімнің хақысын бере алмай, сауаптан қағылдым...жүрегіме де дуал орнай бастаған ба...