Драматургияны қалай түсінемін?

Драматургияны қалай түсінемін?
жеке
блог

 

Театр

Драматургия... Драма... Иә, бұл жанрға жақындығым, бәлкім, өмірімнің соңғы 5-6 жылы драмаға толы болды. Яғни қуаныш та болды, қайғы-мұң да сейілмеді. Дегенмен, бұл жанрға бірден келе қоймадым. Мектепте сол 11-класымда Жанна апайым орыс тілінен олимпиадаға дайындап жатқан уақытта болашақта кім болатындығымды сұраған тұғын. Ойланып отырып, аузыма жазушы деген сөз түсе қалыпты. Әйтеуір, сол шақта "Жаралы сезім" киносы шығып, әлдебір күйді кешіп жүрген едім. Әрине, "Жаралы сезім" оның алдын шықты ғой. Не керек, үнді киносын көрсем, жылаушы едім. Уәлибек көке айтпақшы, алақанға алақан тисе заряд болатын дегенді кәдімгідей сезім көремін. Алыстағылармен хат арқылы да сөйлескім келетін қатты. Бірақ қазір хат жазып жатсаң, есі ауысқан деп ойлауы мүмкін. Не керек, әйтеуір, драма деген нәрсені жүрегім сіміріп, көңілге сіңіріп жатты ғой. "Жаралы сезімді" көбісі ұнатпай, мен екінші бөлімінің сценарийін жазамын деп те ойлағам. Әйтеуір, мектеп бітірген соң шала-пұла бір сценарий жаза салғам, Жүргеновке апаруға. Расында, ол кезде сценарий дегеннен білімім жоқтұғын. Қазір де жоқ. Бірақ түсінік бар. Сөйтіп, көңілімнің, ішкі толқынның осы драма деген нәрсеге ынтықтығы бар болып шықты. Отбасылық тауқымет те рухани тренинг болды.

Жалпы, драматургияны өмір деп түсінемін. Әдебиет те адамтану ілімі ғой. Көбісіміз әдебиет оқымаймыз оншалықты. Бірақ көп оқыған да зиян. Әдебиетті көп оқыса да, мақала жаза алмайтын жандарды білемін. Яғни жазушылық да өз алдына бір қабілет. Бірақ жақсы жазу үшін тіл байлық, көп оқығандық, көп көргендік керек екен.

Отбасылық драманың арасында өскендіктен, жанұя дегеннің қадірін жақсы білемін, тек менің қадірімді білетін жар табуым қиындау. Кейде адамдар арасындағы коллизиялар қызықтырады. Қарап отырсам, көбінде бастауы - болмашы нәрседен екен. Кез келген жазатын адам өз шығармасына сезімін, рухын қоспаса, жақсы жазылмасы анық. Мен де болашақта өз пьесаларыма бар сезімімді салмақпын. Себебі менің бұл жанрға деген махаббатым Дүкең көкемдікінен кем емес. Драматургия саласына енді-енді ғана тәй-тәй басып келудемін. Әрине, маған осы саланың мамандарының ақыл-көмектері қажет-ақ. Жүргеновтегі жолдастарым қалай екен, пьеса жазды ме екен, сценарий жазды ме екен олар? Алла біледі. Бір жағынан, маған да драматургиялық орта керек.

Драматургия жайында осылай жаздым енді. Әлі де болса ойымды жинақтай алмадым. Әлі де қосатыным бар секілді.