Дос, достық туралы не айта аламыз? Не ойлаймыз? Кіммен доспыз? Өмірлік серік, ертеңгілік үзеңгілес болар досымыз кім? Аттың жалын тартып мінген ата-бабаларымыз, ат үстінде желіп жүріп елді қорғағанда айтылған шығар "үзеңгі жолдас" деген сөзі. Интернет, әлеуметтік желі деп жүріп қарапайым теледидар қарауды ұмыттық. Өткен күннің бірінде *(бұл, үстіміздегі жылдың наурыз айы болатын) үйде интернет желісі уақытша үзіліп, теледидарға бір сәт назар аударғаным бар еді. Әр каналды бір ақтарып отырып kazakh.tv арнасында "Атамекен" деген бағдарламаның қызу талқылауының үстінен түсіп қалдым. "Бақсам бақа екен" демекші, талқылап отырған тақырыбы "достық" турасында екен. Осы тақырып төңірегінде ой шомып жүргенде, бұлда "іздегенге сұрағандай" болып, тапжылмай тамашаладым. Сонда, бірінші көңіліме қонған пікір, бағдарламаның бір қонағы: "Достықтың екі түрі болады: бірі адал достық, бірі амал достық. Адал досты табу қиын, амал достықтың ғұмыры қысқа болады" - дегені еді. Сәл ертеректе осындай бір бағдарламада жазушы Д.Исабеков ағамызда достықты бірнеше категорияға бөліп тастаған еді. Бұл жерде адал мен амал достық түсінікті сияқты. Бағдарламаның екінші қонағы: "Достықтың екі түрі бар; рухани достық, әлеуметтік қарым-қатынастағы достық" - деп бөліп қарастырды.
Бағамдап қарасақ осы пікірлердің өзінен достықтың түрлі нұсқаларын анықтап алуымызға болады. Бірақ, менің айтпағым бұл емес. Өзімнің досым туралы баяндағалы отырмын. Оның бірде достарымызбен жиналып отырғанда айтқаны сөзі әлі есімде: жақында бір жігіттің аузынан естідім, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде "Сендердің достықтарыңның ең қайырлысы Алланың разылығы үшін дос болғандарың" дегені еді. Қым-қуат мына тіршілікте кейде Алланың берген несібесіне шүкіршілік етуді ұмытып кетіп жатамыз. Ал досымның "Алланың разылығы үшін" деген сөзі үнемі еске түсіп отыратын болды осы сәттен кейін. Ия, әдетте біз бөгде адаммен танысқанда "осының бір пайдасы тиіп қалар" деген есеппен танысып жатуымыз мүмкін. Бірақ, "есепті дос айрылмақ" деген бар, есеппен достасудың ғұмыры ұзақ болмайтыны айқындалған. Кейбір жандармен алғаш танысқанда мән бермеуіміз мүмкін, бірақ уақыт өте келе рухани дүниеңде үйлесімділік пайда болып, сабақтасып жақын досқа айналуың мүмкін. Қазіргі уақытта адал досты кезіктіру қиын дейміз. Бірақ, ол өзімізге байланысты сияқты. Өйткені, өзіне сенімсіз адам, өзгенің де сеніміне ие болуы неғайбыл. Өзіңді жеңбей тұрып, өзгенің сенімін қалай жеңбексің? Кейде біз достықты міндет сияқты қабылдаймыз. Есепті достық осындайда басталатын сияқты. Ал, достықтың сыналатын, шыңдалатын шағы басыңа қиын жағдай туғанда. (әрине, ондайдың бетін аулақ қылсын). Менің айтып отырған досым қаншама қызықты да, қиын сәттерді бірге өткіздік, осы уақытқа дейін бойынан өзге бір құбылысты байқағаным жоқ. "Сыйластық сізден" басталады деген досым танысып, араласа бастаған уақыттан бері атымды атаған емес. "Дәке, Дәке"*(Данай ғой атым :)) деп жүргені. Менде үнемі тікелейде, сырттайда Әбеке деуден жаңылған емеспін. Атын атау құрметсіздік сияқты.
Көктем мезгілі кірісімен, денсаулық жағдайыма байланысты ауруханаға түсіп қалғаным бар. Сонда қандай қиындық көргеніммен досымның арнайы келіп, жылы лебізін білдіріп кеткені жанға қуат бергендей. Үнемі хабарласып, аяқтан тез тұрып кетуіме себепкер болуға тырысқан бірден-бір досым осы. Тіпті, ризалығымды қалай білдірерімді білмим... Бүгін екеуміз жұмыс уақытынан соң, түн жамылып, 4 км қашықтыққа жүгіріп келдік. Операциядан кейінгі алғашқы спортқа аяқ басуым. Бұл іске де досым себепкер. Физикалық ауыртпалықтан кейінгі сезінетін ләззатты айтып жеткеру қиын ғой. Оны тек бастан өткеріп, сезіну керек.
Міне, осылай Алланың ризалығы үшін достасқан досыма ризалығымды айтып жеткере алар емеспін. Алланың разылығы үшін ризамын. Адал, рухани үйлесімді, үзеңгі жолдас болар досты сіздерге де нәсіп етсін!!! Шымкент. 27.03.2014 сағат 22-30