«Кешкі астың уақыты болатын. Үйде жарық көзі сөніп қалған. Сығырайған майшамның жарығымен отырмыз. Дала суық, қар қалың. Барлығымыз кешкі асты ішу үшін бір адамды күтіп отырмыз. Ол – әкем болатын. Бір кезде есікті тарсылдатып әкем келді. Қолында бір дорбасы бар. Біз ол кезде кішкентай болытынбыз. Барлығымыз сол дорбаға таластық. Сол кезде менің қолыма ілінгені бір төртбұрышты зат болды. Шығарып қарасам бір кітап екен.Өкінішке орай ол кітапты сол түні қараңғы болғандықтан оқуыма мүмкіншілігім болмаған еді. Ертесіне таңертеңнен бастап мен ол кітапты оқи бастадым. Ол кітап жалпы шахмат ойынының тарихы, үйрену әдістері жайында екен. Мен шахматтың не екенін білсем де, ойнау шарттарын білмейтін едім. Сол күннен бастап мен сол кітап арқылы шахмат ойнауды үйренген болатынмын.Арада біраз уақыт өткеннен кейін мен шахматты жақсы меңгеріп алдым. Бір күні мені әкем мектепке ертерек кел деп шақырған болатын. Мен әкемнің айтқанын орындап әдеттегіден сабаққа ерте бардым. Содан әкем мені бір кабинетке кіргізді. Оның ішінде шахмат ойнап жатқан оқушылар көп екен. Әкем мені ағаймен таныстырды. Сенімен де сол кезде танысқан болатынбыз. Міне, менің алғаш шахмат сахнасына келуім, сені алғаш көріп дос болуым мені алға жетелеген болатын. Сол күннен бастап мен шахматты жақсы үйреніп, көптеген жарыстарға барып жүрдім. Және әр кезде сол кітап менің қолымнан түспейтін болды.Менің қорғаушы періштем секілді... Бір күні есіңде ме, аудан орталығындағы жарысқа екеуіміз мектептің атынан қатысып, жарыс уақыты қас қарайғанша болып, түн болып кеткенде қайтқан едік қой. Міне, сол кезде мен өзімнің қорғанымның бар екендігін және ол сен екендігіңе көзім жетті.Сол күннен бастап мен қолыма сол кітапты алғанымда сен жайында ойланатынмын. Не істеп жатыр екен? Әлде біреумен шахмат ойнап отыр ма екен? Осы сынды сұрақтар мені мазалай беретін еді. Неге екенін білмеймін, әйтеуір сені көргенде жүрек шіркін дүрсілдеуін қоймайтын еді...
Осылай сезім сергелдеңіне түсіп жүргенімде мен аяқ астынан ауырып аудандық ауруханадан бірақ шыққан болатынмын. Сол кезде анам маған бір кітап әкеліп, бұл кітапты біреу беріп жібергенін, және ол сен екенінді айтқан болатын. Сол кітапты қолыма алған сәтімде мен ауруымнан айыққандай күй кештім. Ол ақиық ақын, мұқым елдің мұзбалағына айналған Мұқағали Мақатаевтың шығармалар жинағы болатын. Ол кітапты мен ауруханадан шыққанымша түгелдей оқып шықтым. «О, махаббат сен әлі тірі ме едің?!» деп жазылыпты алғашқы беттерінде. Сол күннен бастап мен өзімнің болашақ мамандығымды анықтап, алдыма мақсат қойдым. Бұл жолы да маған кітап көмектесті.
Есіңде ме, саған арнап жазған алғашқы өлең жолдарым? Қалай еді..? «Шырт ұйқымда көріп сені тағы да, ұмыта алмай өткен күнді сағына...» иә, дәл осылай басталған болатын.Ол өлең шумақтарын жазарымды жазып алып, ешкім көрмей-ақ қойсын деп тыққыштай беретінмін. Бірақ мен шыдай алмадым...Өзім бірінші болып қадам жасадым. Себебі кітаптан оқығаным бойынша, мен шын махаббатты қаладым. Соған жетуге асықтым.
Шынымды айтсам, сені ойламаған бір секундым да болмаған. Сені сағындым. А, айтпақшы, осылай махаббаттың шарабына мас болып жүргенімде бір кітап оқыдым. Саған да соны оқуға ұсыныс жасар едім. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітап. Оқысаң, шын махаббаттың не екенін түсінер едің...
«Махаббат дастандары», « Робинзан Крузо» міне, осы кітаптарды сен сүйіп оқитынсың. Маған телефон арқылы оқып беретінсің. Осылайша менің кітапқа деген қызығушылығымды оятқан сен болатынсың.Мені махаббаттың улы жыланы аямай шаққан тұста да, дертіме дәрі, жаныма шипа болған сен және сенің маған берген кітаптарың еді.. Шіркін, Абай айтпақшы : «Құдай-ау қайда сол жылдар, Махаббат,қызық мол жылдар» деп, жастық шақ қайта айналып келмейтіні рас екен. Білесің бе, сенімен дос болғаныма, сені өзіме медеу тұтқаныма, және де өмір жолымды кітап оқи отырып таңдағаныма өкінбеймін. Аллаға шүкір, қазіргі таңда сол кітаптар мен сенің рухани көмегіңнің арқасында мен біреулерге қолы жетпес арманына айналған оқу ордасында білім алудамын. Сені және сенің маған кітап оқып бертін сәттеріңді сағындым... Ауылға барғанымда саған арнап бір кітапты оқып беремін деп уәде беремін.және маған да бір қызық кітапты дайындап қоюды ұмытпа! Мамыражай мамырды артқа тастап, жадырап жаз да келді.Оқу аяқталып, соңғы қоңырау үні сыңғырлап,оқушы біткеннің барлығы ауылға аяқ басатын кез. Студенттердің де жазғы демалысқа шығатын уақыты таяу қалды.Мен де жақында ауылыма барамын...Қала ортасындағы саябақта өткен-кеткенді ой елегінінен өткізіп, ауылымды сағынып мен отырмын. Ақ қағазға ақ қаламмен саған арнап хат жазып отырған жайым еді бұл... Естелік хаттарды түгелдей оқып шығуыңды сұранамын. Сөзімнің соңында мына бір жолы ойыма оралып тұрғаны... «Махаббаттың шарабына мас болып,Ұмыта алмай жанарыма жас толып, Сағындым ғой, жиі ойлаймын бір өзіңді, Сағындым ғой «ЖАНЫМ» деген сөзіңді...»