ДОСЫМ МЕНІҢ

ДОСЫМ МЕНІҢ

 Рамазан бокстан спорт шеберлігіне үміткер болатын.

Ол қылшылдап, ойнақшып, бұла күші тұла бойына сыймай тұрған шағында Шымкенттен Алматыға бірден екінші курсқа ауысып келді.

Біз, Абай атындағы университетте бірге оқыдық.

Әйгілі Панфиловшылар паркі қасындағы сегізінші жатақхананы білетін шығарсыз. Иә, иә, біз сол жатақхананың 313 бөлмесіне соқталдай-соқталдай алты жігіт тұрдық. Алты дегенім «ресми», ал «бейресмиге» салсақ,  терезе арқылы кіретіні бар, осы қаладағы дос-жарандардан келгені бар күнде кешікісін 10-нан асып жығылар ек. Сонда да қазанымыз ортаймайтын. Рамазан  менің досым бұл. Енді оқиғаны досымның атынан берсем деймін.  Автор

 

***

Менің атым Рамазан. Мен студент болдым. Ғашық болдым. Есімі Анар еді. Көзі мойылдай қара болатын. Осы көз еді есімнен тандырған. Күлкісі сиқырлы болатын. Осы күлкі еді ұйқымды қашырған.  Өмірде қосарластықты жаным сүйеді. Қосарласып кино бару, қосарласып  ас ішуі, қосарласып қыдыру. Бұны біреулер көпшілдік деп жүр. Ораз екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Өйткені доспыз ғой.  Оның қортық аяқтары мен қайда болсам, солай қарай тәштиіп кетіп бара жатады әркез. Біз өмір бойы дос боп өтпекке сөз байластық. Мен сендім. Себебі ол адал болатын. Осы адалдық еді бізді дос қылған.

Біз тұратын 8-ші жатақхананың ауласында күн ұзақ отырамыз. Өткен кеткенді сөз етеміз. Ана қыз анандай, мына қыз мынандай. Анау ананы киіп апты, онысы жараспайды, мынау мынаны киіп апты, онысы тұрпайы. Осы қыз әдемі, бірақ ыржиып күлетіні несі. Мына қыз нағыз әйел болатын екен, бірақ бұты қисық. Әңгіменің сиқы осы. Іріген-шіріген дүние. Қыз біткен біздің «атысымызға» қипақтап жүре алмай қалады. Мәз боламыз. Сыртымыз бұраң бел бұрымдының бәрін ғашық қып тастап, жалғанды жалпағынан басқан, биік талғамдағы жігіттердің кейпін жақсы беріп тұрса да, ішімізден біздің де арманымыз бар. Біздің де қолымыз жетпей жүрген, бір-бірімізге айтудан жасыратын әлсіз армандарымыз бар. Әркімнің өзінше алынбас қамалы мен қол жетпес мұраты мол.  Менің де ұйқымды қашырған, шашымды гелдеткен, туфлиімді кремдеткен алып күш бар. Ол махаббат. Анарға деген махаббат. Махаббат қалай басталып еді?

Біз үшінші курстың дөкейлері қыркүйектегі «қансонарға» шығуды бастадық.  Көзі кәріс, ұлты қазақ,  Азаматтың айтуынша төртінші қабатта жаңадан түскен перваш қыздардың әдемілігіне сөз жетпейді. Бірінен бірі асып түсетін қара көздер мен ұзын шаштар-мыс. Біз негізгі қаруымыз –»наглый үшінші курстық» пен резіңке сүйретпемізді сүйретіп төртінші қабатқа көтерілдік. Дәл осы күні кешкі сағат тоғыздар шамасында бүкіл жатақхананың дәліздерін жуу жұмыстары жүріп жатқан. «Әй баспа мына жерді, арырақ жүр». «Көрмеймісің, жуып жатырмыз ғой», «Жүрмеңдер!» міне, осы сықпытты сөздерден аяқ алып жүргісіз жатақхананың  кең дәлізінде алшаң басып келе жатырмыз. Тумысында қолы қимылдаса міндетси кететін сегізінші жатақхананың  қыздарының құқайын шыбын шаққан құрлы көрмейміз. Себебі, үшінші курстарға сот жоқ. Көрер қиындықты көрген, ауғанның азабынан кем емес «перваштықтың» дәмін татып, терезеден секірудің, қазан ұрлаудың, вахтершаны алдаудың, тамақтың үстіне дәл түсудің мың сан техникасын меңгерген біздерге ешкімнің тісі бата қоймайды. Осыдан келіп қой, менің Ораз досым қортық аяқтарын барынша талтаңдатып басады. Оған онысы жарасады. Ал менің талтақ  аяқтарым  онсыз да маймиып, сірнек татып, қағажу көрген көк есектің тірсектерінен аумай сидиып қалады. Сондықтан мен аяқты талтаңдатып жүруды қойып, иықтарымды керіп, екі қолымды екі жаққа барынша лақтырып тастап жүру стилін ойлап тапқам. Айбатым арлан аларлықтай болып көрінетін шығар деп қоям.

Төртінші қабатқа қөтеріле бергенде бір қызға соқтығысып қалдық. Ол бұрыштан шыға берген екен. Көзіне көзім түскен дереу.  Қарашықтары үлкейіп, жалт етіп қарады. Беймағлұм кеңістікте, белгісіз тобырдың арасында қалып, не қуанарлық, не ренжірлік сезімді игере алмай тұрған көз болатын. Мойыл қара.

- Кешіріңіз, –  деді де, төмен қарап өте берген. Мен шалт қимылдап кес-кестей бердім.

- Жоқ кешіре алмаймын! Біз соқтығысып қалдық. Дереу осы іс бойынша қылмыстық іс қозғаймыз.

Ол аңырып қалды.

-  Түсінбейтін ештеңе жоқ. Көшедегі  көліктер соқтықса да ГАИ шақырып әуре сарсаңғы түсетін пенделерміз ғой. Ал мұнда үлкен соқтығысу болды.

Ораз да басын шайқап, таңдайын қақты:

-  Үлкен соқтығыс, үлкен соқытығыс. Пай-пай-пай!. Жүректер соқтығысы. Мұны жай қалдыруға болмайды, болмайды.

Мойыл қара көз біздің не айтып тұрғанымызды шынымен түсінбеді. Қарашықтарын қадап,  не боларды бағып тұрып қалды.  Оның осы бір дәрменсіз кейпі сондай сүйкімді көрінді маған. Бір нәзіктікке, ұяңдыққа, қорғансыздыққа тән кейіппен үнсіз қараған.

Мен болсам тапқырсындым:

- Аяқ астынан болған бұндай соқтығысуға үнсіз қала алмаймын. Онда, басынан бастайық. Мен өз жолыммен келе жатқам. Ал сіз бұрыштан шықтыңыз. Байқағанымыздай сіз паворотнигіңізді жақпағансыз. Демек кінәлі сіз… сондықтан.

- Сондықтан, кетіңдер мына жерден! Қазір ғана жуған жерді таптап тастапсыңдар! –деген  староста Құралайдың даусы шаңқ етіп бүкіл «романтиканы» ойран-топыр етті.

Мойыл қара көз селк етті де,  жалт беріп кетіп қалды. Ораз  ренжіді.

- Түу, Құралай, осы сенің «апамтірлігің–ай»!  Жатақхананың дәлізін жуыпсың деп саған ешкім ескерткіш қоймас! Үш жыл болды ғой осы жердің отымен кіріп, күлімен шыққаныңа. Шаршамадың ба әлі?

- Онда сенің шаруаң болмасын, қазір бөлмеңе бар, болмаса мына шелектегі суды төгіп кел!

Ораз  қолын сілтеп, тепкішекпен төмен қарай секіре басып кетіп қалды.  Мен мойыл көздердің соңынан қарап тұрдым. Тәтті соқтығысу болған еді мен үшін.

-  Қайтесің? Сұлу қыз ғой. Ал сен оған сай емессің- деді Құралай мені бастан аяқ бір шолып.

 

…Күзгі бал өтті. Ән, би. «Ханшайымдар» шайқасы. Бір-екі әумесер студент принц болып қылыштасты. Қарсыластың қылышы шалбарының ауына кіріп кетіп,  қақ айырды да, абыройы айрандай болған әңгүдік перваш ұялып қап, бетін басып отыра кетті.  Сосын «ұялған тек тұрмастың» кебімен, сол жүресінен отырған күйі сырғып, есіктен шыға бере, атып тұрып,  ауы далақтап тұра қашты. Бұл тосын қылыққа күлген жұрт “жарылып» қала жаздады. Сосын бір-екі жәркелеш КВН қойды.

- Сәлем! Танысып қояйық, мен Сека, 102 ші бөлме.

- Сәлем, Мен – Бека. 412 бөлме.

- Сәлем! Мен – апай.  Вахта!

Ду күлкі. Қарқ-қарқ!

Артына би кеші. Студенттер жай қозғалып вальс биледі. Тәтті тыныштық. Ән шырқалып тұр.

«Саған деген махаббаттың азабынан қажыдым.

Келші жаным, айтшы жаным, бар ма менің жазығым?»

 

Студенттер осы бір ғажайып әннің әуеніне елтіп, бір сәт жәркелештіктен тиылған. Біреу ғажайып сезім – махаббатың ауылында  адасып, қажыған жүрегін ұстап, арманы аспан кезіп, қиялға ерді.  Біреу дәл қазір қол ұстасып, қарсы алдында шыр айналып билеп жүрген сүйгенінің риясыз күлкісіне одан сайын ғашық болып, бақыт құшағында бойын билей алмай дір-дір етті.  Тағдырына қысы- жазы жатақхананы күзету жазылған түрік ағай болса, осы бір әркімнің маңдайына бұйыра бермес, студенттік шақтың бал сәтін сырттан бақылап, есіктің көзінде сілейіп тұрған күйі сілекейі ақты. Біз оның есімін білмейміз. Бірақ  ұлты түрік болған соң «түрік ағай» дейміз. Ол да пенделік инстинкт билеткен сезімге ырық бере алмай, өзі сөзін түсінбейтін ғажайып әннің жетегінде жүні жығылып, жастық шағын армандады. Күрсінгенін көрдім. Езу тарттым. Бірақ күлмедім. Себебі менің жағдайым салыстырмалы түрде оныкімен пара-пар болатын. Алматының қою түні біз өліп-өшіп сүйетін жатақханамыздан шыққан тәтті әуенді тыңдап балқып бара жатты. Ал мен… ал мен мазасыз күйге түскелі екі ай болған.

Анар мен Жанар қарсы бетте терезенің алдында тұрды. Оларды қанша жігіт  биге шақырды,  біреуіне барған жоқ.  Яки ұялды, яки осы бір жәркелештерді менсінбеді. Ораз құлағыма сыбырлады. «Екеуміз барып екеуін шақырайық, біздің бетімізді қайтар қоймас». Оразға сенем. Ол барады, себебі анық дос, адал жолдас, өжет жігіт. Ал менен ондай ерліктің енді шақпасына бек сенімдімін. Су жүрек қорқақтығымды түсінгелі  баяғы өркөкіректік пен алшаң жүріс  жайына қалған.  Осынша жыл шаршы алаңда сыр бермейтін мінезім осы бір шүйкедей қыздың алдында қожырап кететін. Мойыл көзді биге шақырмақ түгілі, оған жақындап сөйлеуге шама келмейтін, мүләйім ұсқынды жұқтырғаныма қайран қалам. Сидық аяқтарым су болып еріп кете беретін болған. Белі ұстамайтын баладай қиралаңдап, демі тарылған демікпе құсап ентігетінді шығардым. Үнсіз бұрышта қарадым да тұрдым. Би кеші аяқталып, бәрі бөлмелеріне тарағанда, сағат түнгі 2-ні соқты. Вахтерша Настя апай сүйікті қызметі мен сөзі : «всем спать! Праздник закончилсясын» сапырып, студенттердің қарғысын алып жатқанда, біз Ораз екеуміз Анар мен Жанар тұртын төртінші қабатқа қарай «сырғанап» бара жаттық.

Олардың есіктерінің алдына келгенде менің әдеттегідей демім тарылып, жүрегім дүрсілдеп кетті. 

-  Ораз, мүмкін сен барарсың. Мен бер жағында тығылып тұрайын. Сен бірінші Жанарды шақыр, сосын мен қастарыңа өтірік барып қалам да әңгіме араласып кетем. Сосын Анарды да шақыртамыз, – дедім.

Ораз көнбеді.

-   Бірге барайық. Екеуіне де шық дейік. Доспыз ба, бірге көреміз.

Соңғы сөз келіспесуден басқа амалдың құруына себеп болды. Мен дірілдеген тіземді байқатпау үшін қабырғаға сүйеніп тұра бердім. Ораз есікті қақты.

- Кім? – деді іштен. Жанардың даусы болатын.

- Кім болғанда…

Үнсіздік. Іштегі тың тыңдап тұрып қалды. Біз жүректеріміздің дүрсілін бағып, қатып қалдық.

Сәлден соң Ораз тағы тықылдатты.

- Кім деймін?

- Кім болғанда…

- Кім болғанда, кім болғандасы несі! Айтсаңызшы кімсіз?

- Біз ғой, сендерге қонаққа келіп едік.

- Қонаққа? Сағат түнгі екі ғой. Қайдағы қонақ?

- Мейлі, екі болмақ түгіл, екі жарым болсын! Біз кеп тұрмыз.  Атам қазаққа күні не, түні не, бәрібір.

Есік сырт етіп ашылды. Жанар үрпиіп тұрған екеумізге таңдана қарады.

- Не болды? Атам қазақтың осы сұрақты қоюға қақы бар шығар? –деді Жанар жымиып.

Ештеңе –  Ораз «бірдеңе десеш» дегендей маған қарады. Бағанадан бері өзімді қайрап бар күшімді жиып тұрған мен амалсыз сөзге араластым.

- Анар бар ма? Мен Анарға келіп едім. Ал Ораз саған келді.

- О! Атам қазақ меншіктеп бөліп апты ғой..

Жанар бізді түбегелейлі тұқыртқан күйі түрімізге рахаттана қарап, түлкі жымиыспен ішке кіріп кетті. Біз тұрып қалдық. Есік кілттеусіз қалды.

Ораз:

- Кіреміз бе, қайтеміз? Үндемеді, есікті кілттемеді ғой. «Молчание – знак согласие» емес пе – деді.

Осы кезде ішкі есіктің ар жағынан қыздардың сыбырласып, сықылықтап күлгені естілді.

- Тысс – дедім ернімді басып – Олар бізді сөз етіп жатыр.

Ораз маған :

- «Мен Анарға, Ораз Жанарға» дегенің не? Осы сен әңгімені қатырасың ә–деді басын шайқап.

-  Ал сен немене «атам қазақ» деп қыртып тұрсың?

Осы кезде есік ашылды.

-   Ал шықтық. Енді?

Анар мен Жанар екеумізге жымия қарады. Егіз қозыдай әдемі екеудің қулана жымиюы шынымен састырды. Негізі менің де, Ораздың да ойында бұндай табыстың боларына күмән болып еді. Оны айтпасақ та, әрқайсымыз іштей сезіндік. Іштей сезінгендіктен бұл қырындауда біздің тарапқа қатысты жеңілістің боларын алдын-ала топшылап келдік. Алайда, мақсат – біздің бұларға қатысты сезімдеріміздің бар екенін білдіру болатын. Түнгі екідегі есек дәменің бар күткені осы. Ал енді бұлардың салған жерден менсіне кетіп, бөлмелерінен шығып тұрғаны қатты таңдандырды. Аяқ астынан келген бұл бақыттың буына тұншығып қала жаздадық. Ораз маған қарады, мен оған қарадым. Ал Анар болса:

-  Жігіттер, онда біздің бөлмеге кіріңдер. Әңгімелесейік, –деді.

Сыпайы айтқанда, «Анардың сөзін жерге тастамай», ал шынтуайтында басқа амалымыз болмай, жеті түнде екі дос, апалы-сіңілілі екі сұлудың бөлмесінде қипақтап отырдық.

-  Біз сіздерді сырттарыңыздан танимыз. Үшінші курста оқисыздар ғой? – деді Жанар бізге бажайлай қарап.

-   Иә, үшінші курста оқимыз – деді Ораз.

-  Бірінші курстан бері жатақханада тұрасыздар ма ? – деді Анар араласып.

-   Иә, бірінші курстан бері жатақханада тұрамыз – деді Ораз.

-  Жақсы екен. Ал біз биыл келдік. Жатақханада тұрған жақсы шығар – деді Жанар күлімсіреп.

-   Иә, жақсы шығар – деді Ораз.

Осы кезде Анардың мойыл көзі менің көзіммен түйісті. Жылы жымиды:

-  Ал сіз өткендегі «қылмыс» бойынша іс қозғамадыңыз ба әлі? – деді шымши сөйлеп.

Жүрегім біртүрлі шым етті.

-  Жоқ, бірақ бүгін сол үшін келіп отырмыз –дедім бірінші рет үнімді шығарып.

Төртеуміз де күлдік. Бұл менің қайта айналып соқпас студенттік шағымдағы, ақ таңды көз ілмей атыратын бейғам жылдардың ең бақытты күзі, ең сәтті түні және менің тарихымдағы ең бір тапқыр сөздің бірі болатын. Мен күзді содан бері жақсы көрем.

Осыдан кейін күнде кешкісін 409-дың есігін қағып, сықиып келіп алатын әдет шығардым. Анар шығады, сосын біз төртінші қабаттағы фойенің терезесінің алдында таң бозына дейін әңгімелесеміз. Кейінірек жапалақтап қар жауды. Ақ қар басқан қара ағаш тура біз тұратын терезеге төніп, біз айтатын әңгімеге елтіп, құлағын тігіп, әр қимылымызды жіті бақылап, бағып тұрады.  Менің балаң жүрегімнің әдеттен тыс дүрсілінің дірілі ағаш бұтақтарындағы ұлпа қарды толқытып, бойын билете алмаған күйі  төмен қарай сырғыта жөнелетін. Әңгіменің төркіні әр тақырыптың ауылынан. Кино, сериал, КВН,  жаңа телефон, тегін смстер мен ммстердің тарифы, телефонға видеоны қалай жүктеу керек, фотоға қалай түсіру керек…

Мен осы бір аталмыш мәселерді жанымды салып, бар өнерімді паш етіп әңгімелер едім. Ол үнсіз жымиып тыңдайтын.

-  Тегін смс алу үшін 777 нөмерін тересің, сосын…  Немесе  »ик портың» болса, ана «сиеменстен» мына «сиеменске» сурет лақтыруыңа болады.  Айтпақшы, ана «Мятежный духтағы» Мануэль мен Мияның махаббаты маған қатты ұнайды….

Міне, осы тақылеттес «романтикаға» толы сөздерді Алматының Төле би – Қонаев көшелері қиылысындағы жатақхананың төртінші қабатындағы терезесі тұсынан әр түн сайын естуіңізге болатын еді. Тегін романтика. Күнде осы әңгіме. Күнде осы тұрыс. Арасында

-  Менімен кино барасың ба? -  деп қоям.

Ол:

-  Мүмкін, бірақ қазір емес – дейді екіұшты жауап беріп, – барар ем, бірақ вахта оннан кейін жабылады ғой – дейді содан соң  мені жұбатып.

Мен өкінем. Осы бір «оннан кейін» ережесін енгізген тасжүрек, ғашық болмағырларды жек көре бастаймын.

Осылай түндер өтті. Мен әңгіме айтам. Ол қолымен аузын басып есінейді. Мен Мануэльдің прическасын мақтаймын. Мияның сұлулығы осы жатақханадағы бір қыздың сұлулығына жетпейді деп өзімше тапқырсынам.  Ал ол терезеге қарайды.

Ол менің өзіне ғашық екенімді айдан анық білетін.  Алайда оған бұл сезімім туралы бірде-бір рет ашық айтқан емеспін. Бұл сезімді жаттанды үш ауыз сөзбен қорлағым келмегендігімнен емес. Қорқақтығымнан. Оның «жоқ» деген сөзінен қорқатынмын.  «Жоқ» деген үш әріп, үш сөзден құралған сөйлемнің қабырғасын қаусатып, туын қиратып тастауынан сақтанатынмын. Сондықтан,  Мануэль мен Мияның махаббатын жыр етуден арыға бармайтынмын. Ал ол көңілі түссе арманын айтады. Стамбулды көргісі келетінін, өзі оқып жатқан түрік тілінің байлығын айтып тамсанады. Біртүрлі  қызғандырады.  Менің қызғанышымды арттырғысы келгендей көздерін алыс болашаққа қадап қиялдайды. Мен оны қиялынан қызғанатынмын. Ол алыс болашақты армандайды. Ал менің арманымның  алысы сегізінші жатақхананың табалдырығынан ары аспайтын.  Алайда, бұл біреу үшін тым жұпыны, ал өзім үшін алынбас қамал екенін менен өзге ешкім түсіне алмас еді сол кезде.

 

***

Жаңа жылда мен де, Анар да ауылымызға кеттік. Шымкенттің қарсыз көшелері жабығып тұратын ылғи. Шымкенттің ызғарсыз ауасы демімді тарылтатын.  Сағындым. Телефон соқтым. Сол Анар. Күледі. Жымияды.      Бірақ өте ұстамды. Бірде тіпті телефонды көтермеді. «Қолым тимей жатыр» деген смс жіберіп құтылды.  Кейінірек тағы соқтым.  Ол «ауырып тұрмын, сосын хабарласайық» деп мұңайтты.

…Көктемде мен 409-дың есігін қағуды мүлдем қойдым. Ораз айтты.

-  Жанармен сөйлестім. Ол сені бекерге қиналып жүр деді. Анардың сені бәрібір жақсы көре алмайтынын айтты. .

Мен үндемедім. Ораз:

-  Бірақ мен оған сенің ол қызды түбінде қарататыныңды айтып кеттім, – деді мені жігерлендірмек болып.

Шынында да, айтатын әңгіме де қалмаған.  Махаббат екі жақтың әңгімесінен құралуы керек қой. Бір жақтың қыңыр қамыты қанша сүйрелгенмен, өз еркі мен өз қалауы болмаса, жүгі ауыр өмір жолында бәрібір қирап қалары анық.  Қашанғы Мия мен Мануэльді мақтап, қашанғы тегін смс туралы тиын санағыш түсінігімді жыр етпекпін? Көктем көңілсіз келіп еді осылай.

Мен аздым. Жүдеу тарттым. Ел бір мезгіл аулаға шығып доп тепкенде мен «бар ма менің жазығымды» тыңдап бүк түсіп жатып алатынмын. Ел лекцияда көздері қызарып, білім алып отырса, мен бөлмедегі ағаш төсекте көзім қызарып, аһ ұрып, «ауырып»  жататынмын. Ал Анар күнделікті өз тірлігімен күн кешті. Күндер сырғыды. Оны дәлізде көрсем дірілдеп, қипақтап кететінмін.  Ол жымиып ештеңе болмағандай амандасады. Жағдай сұрасады. Күледі. Мойыл көздері ғажайып сұлуланады. Ал менің жүрегім жырым-жырым боп, құруға шақ қалады. Өмірде сұлулану мен  жырым-жырым болудың қатар қоныс тебе беретініне қайран қаламын. Бір сұлулық, бір жырымдық. Алла жаратқан Жер бетінде небір түсінігі мен формасы, табиғаты мен талғамы екі түрлі нәрселері қатар, іргелес қоныстана беретінін ойлап басым қататын. Ол сұлу, ал мен жырым-жырыммын. Іргеге ауап түсіп жатқандағы ойлайтыным осы еді.

Көктем. Тұмауратып жатқам. Есік қағылды. Нұрбол ашты да, мені Анардың шақырып тұрғанын айтып есімнен тандыра жаздады.

Мен ауруымды ұмытып, атып тұрдым.

-  Жоқ болып кеттің ғой – деді Анар жымиып.

-  Жүрміз сол… сабақ қой.

Мұрным суланып, былжырап бара жатқан соң қолымдағы беторамалыммен бетімді жаптым. Бұныма «тұмау тиіп кетпесін» деген міңгірмен ұялғансыдым.

- Ммм, мен сол, бір келіп кетейін деп. Ауырып жатыр деп естігем. Жылы киінсеңші енді- деді менің желбегей түріме қарап. Тұла бойымды ыстық леп ду еткізді.

- Сабақтан жаңа келдім.  Дала жып-жылы. Көктем. Ал сен ауырып қапсың. Ауыруға бола ма екен? – деді аппақ тістерін көрсете жымиып.

Көңілім босап, мұрным бырқылдап бара жатқанына қарамастан әнтек жымиған болдым. Оным ұзақ уақыт тәтті көрмей, кәмпитке аяқ астынан қолы жеткен ашқұрсақ баланың жыламсырасына ұқсады.  Анардың, мен бар жүрегіммен қалап сүйетін осы бір мойыл қара көздің мені іздеп бөлмеге келгені төбемді көкке жеткізіп-ақ тастады. Алдағы күндерге үміттенгенім сондай, тәнімді игеріп, құрыш саусақтары құрсауына алған тұмауым аяқ асты ізім ғайым болғандай. Денемді құстай ұшарлық құштарлық биледі. Сосын өзімнің әлсіздігіме жыным келді. «Ау, ол саған келіп тұр ғой. Немене мүләйімсіп тұрсың? Мына мұрның не бырқылдап тұрған? Ұялмайсың ба? Салған жерден иіле кетпеді деп, жастығыңды бауырыңа алып, жата кеткеніңе жол болсын. Махаббатты, сезімді құрметтесең, бір орамға келмей жеңілгеніңді қалай түсінуге болады? Оның үстіне оған айтатын әңгімеңнің сиқы да – түкке тұрғысыз дүниенің күлі. Енді кеп… тұрысың мынау!»  Осы ойлармен өзімді армансыз бір сыбап алдым. Ал Анар менің жағдайыма қызығушылық танытып, әр нәрсені сөз етті. Лимонмен шәй ішудің пайдасын, көктем екен деп жеңіл жүрмеу керектігімді айтты да, қулана жымиып кетіп қалды.

Ол кеткен соң…

Достарым! Мен көктемді қатты жақсы көретімінді айтқым келеді!  Жанын шүберекке түйіп, сонау алыстан ұшып келетін жыл құстарын, жылымық мұзды,  бүршігі жарған алма ағашын, көктемде әшейіндегі тарпаң мінезі кенеттен жұмсара бастайтын вахтер апайды жақсы көретінімді айтқым келеді!  Тұмауға да өкпем жоқ!

Жаңа бір леп, жаңа бір серпін, жаңа бір толқын күшке себеп болатын көктемді осылайша жақсы көрдім!

409-дың есігі қайтадан қағыла бастады. Есік ашылатын болды.  Терезенің алдында бізге төніп тұратын қара ағаш басын көтеріп, бүршік жарып жан-жағына қарай бастады. Анар күледі. Көздері ғажайыптанады. Ал мен сол сериалдың біткеніне, Мия мен Мануэлдің хикаясы тамам болғанына шын өкінемін…

 

***

Қазір уақыт басқа.  Отбасы, өмірлік түсінік пен өнер жайлы пәлсапа. Иман туралы анық ұғым. Денеде бір бейғамдық пен сергектік қатар күн кешіп жатыр. Аллаға шүкірлік, Аллаға разылық бар.

Кейбір студент іні-қарындастардың түрлі өлеңдерін оқып отырып, ондағы балаң  жазбалардың аңғал өлең жолдарынан өз өмірімнің бір бөлшегін көргендей болам. Сондайда көмейіме жыр шумақтарының мөлтек моншақтары тізіле қалады. Бұл тәтті шақтарда, жасыл бақ аралап арман кешетін, лекцияда мүлгитін, жатақхана дәлізінде түн баласы көз ілмейтін кезеңдерде, әсіресе,  махаббат атаулы сынақтан, қайтарымсыз, жауапсыз  сезімнен аман қалмайтын  ешкімнің де болмасын  білем. Алайда, кейін жауапсыз махаббатың мұңы келмеске кетеріне уақыт дәлел. Жолы болмаған махаббат үшін жанды құрбан ету -ақылсыздық. Құдайдың тағдырына қарсы келу.  Немесе кімге ненің жақсы, ненің жаман екенін де білетін бір Алла ғана.
Студенттік шақ туралы кітаптың мен ұғынған парақтарынан аз-кем айтқым келгені осы. Өмірде небір тосын жайттар кездеседі екен. Әйтпесе, сонау күзгі бал кешіндегі есіктің көзінде мұңайған  түрік ағайдың елі кейін мойыл көзге қайын жұрт боларын сол кезде кім біліпті…

 

--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

материал Жандос Құсайыновтың интернеттегі жеке блогтұғырнамасынан алынды. Сілтемесі міне: https://murl.kz/1FEI7

https://zhazular.kazjur.kz/2013/02/20/%D0%B4%D0%BE%D1%81%D1%8B%D0%BC-%D0%BC%D0%B5%D0%BD%D1%96%D2%A3/#more-685


Бөлісу: