Біз достар едік...
Алматының қаталдығынан қажығанда, бойымда әл қалмағанда, пана іздегендей, оның қанатына тығылатын ем. Ол да қиналып, қуанғанда, құлазып, жабырқаған сәтінде мені іздейтін...
Достар едік...
Неге екенін, ол қыздар туралы айтқанда, көкірегіме бір нәрсе кептеле қалатын. Сыртымнан білдірмеуге тырысып, өтірік күлімсірейтінмін: "Солай ма?"
Менің де жігіттер жайындағы әңгімем оның қабағына мұң торлататын. Сезем ғой!..
Бір күні ортақ танысымыз пойыздан түнгі 2-де түсетін болды. Ол екеуміздің де жақсы досымыз болатын.
Жеті түнде вокзалда пойызды сарыла күтіп тұрдық екеуміз... Пойыз келді. Кездестік. Ортақ досымызды күтіп алуға туыстары да келіпті. Қоярда-қоймай туыстары досымызды үйлеріне алып кетті.
Құдды екеумізді кездестіру үшін ғана шақырғандай...
Досым екеуміз вокзалда оңаша қалдық. Күтпеген оңашалық пен тып-тынық үнсіздікке оранып келеміз. Үлбіреп қар жауып тұрған... Сондай жылы, пәк, үлпілдек, бірақ әлсіз қар...
Алғаш рет мен оның көзіне тез болса да, терең қарадым да, "Неткен келбетті жігіт!" деп ойладым. Ол бірінші рет мен үшін әлемдегі ең жақсы, ең қымбат, ең ізгі адам болып көрінді. Бірінші рет таң атпаса екен, осы бір сәт мәңгілік жалғаса берсе екен деп тіледім... Оның жанынан ешқайда кеткім келмеді. Құдды күллі әлем соның қасына көшіп келгендей...
Жолдан өтерде, ол менің қолымнан ұстады. Дір еттім. Жүрегім тарсылдай соқты. Оның саусақтары терлеп кетіпті.
Қолымды тартып алдым. Қақым жоқ! Арамыздағы достықты бұзуға қақым жоқ!
Достар едік қой!..
Жүрегімдегі отты аяусыз жаншып тастауым керек. Есімді жиюым керек...
"Мен осы жерден таксиге отыра салайын!" – дедім де, кілт бұрылып, жол жиегіне қарай жүгіріп кеттім.
Алқына жүгіріп келем, жүгіріп келем... Өз-өзімнен қашып келем...
Жылап келем...