Достар, достар...

Қазір «дос» деген әлеуметтік желідегі адамның аты мен суретінің қасындағы «ваш друг» деген жазу ғана болып келе жатыр ма, қалай? Үлкен атаның айтатын сөзіне ұқсап қалса да айтайын: Біздің кезімізде анкета деген бәле болатын. Оны қыздар жасап, барлығына тарататын. Оның саған арналған бетін толтырасың, сурет салып әрлейсің. Әлеуметтік желі де солай, бірақ сәл күрделілеу. 

Әлеуметтік желі жайлы 



Бірінші сенен электронды пошта сұрайды, оны ашасың, сосын сіз жайлы желіде тұруы тиіс ақпарат сұрайды, сосын сервисті жақсарту мақсатында бір-екі сұрақ, суретіңізді енгізіңіз дейді, бір-екі форумда пікіріңізді айтып көресіз… Бір қарасаңыз бір емес бірнеше әлеуметтік желіде отырасыз, мына жақтан М-агент, ана жақтан ВК, ФБ, Туиттер шыңылдап жатады. 

Достар



Және ең бастысы «достар»! Достар саны көбейе береді. Дос көбейген сайын сен де танымал бола бересің. Басында достарыңды қабылдайсың, сосын достарыңның достары, одан кейін достарыңның таныстары, бір-екі рет кездескен адамдарың, достарыңның туыстары, аға-тәтелері… Күніге аз дегенде 5-6 авторизация келеді. Қабылдамасаң тағы болмайды, ренжіп қалса ше? Күніне 30-40 адамды әлеуметтік желі «возможно, вы знакомы», «мы нашли вашего друга» деп өзі де айдап әкеліп беріп отырады. Кейде сан үшін, кейде статус үшін кейбірін қабылдайсың, кейбірін қабылдамайсың. Күндердің күні қарасаң, өзің танымайтын 6 000 «достарың» бар. Не істейсің? Заман сондай! Барлығымен араласу керек, ешкімді ренжітпеу керек.

Лайк және Репост


Ренжу демекші, әлеуметтік желілердің арқасында сөздік қорыңызға «лайк» сөзін қосасыз. Жаңа қойылған суреттер, посттарға уақытында лайк қоймасаңыз, ренжитіндер пайда болады, өзіңіз де уақытында посттар мен суреттерге лайктарды шөп ұқсатып «орып» алып отырасыздар. Ору үшін әр демалысыңызда он минут сайын сурет салып жүріп, демалуды да ұмытып кетесің. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы болу оңай шаруа емес негізі)))

Статус



Бәрін айтта бірін айт, статустың пайдасын айтсашы! Әлеуметтік желіге кірсең, ауызынан сүті кеппеген 10 жасар қыздың өмір жайлы статустарын көресің, біреудің жаңа ғана не жегенін, қайда жүргенін, кіммен жүргенін біліп отырасыз. Сіз де жазасыз. Мұңлы нәрсе жазсаң жұбатқыштар, ақылды нәрсе жазсаң қолдағыштар қаптап кетеді. Рақат!

Заман талаптары (соңғы сөз орынына)
Қайтадан ақылды ақсақалдың сөздері: 20-ғасырдың қызықтары: секс, наркотик, рок; 21-ғасыр: көрпе, холодильник, Wi-Fi. Әлеуметтік желілер, атауына сай, барлығымызға үнемі керекті араласу, сөйлесу деген үшін жасалған. Онымен отырып әлемнің арғы жағындағы «досыңызбен» сөйлесіп, статусынан не істеп, не ойлап, не сезіп отырғанын біле аласыз. Бірақ… ойланып көрейікші, соңғы рет досыңызбен қашан көрісіп, сөйлестіңіз? Демалып, шәй ішіп отырып дегендей? Созсаңыз қол жететін тауға қашан шықтыңыз? Әлеуметтік желіде дос жинап жүріп доссыз қалмайық…



Бөлісу: