Қанша дос боп жалғасам да аяулы арман-тілекті,
Аямайтын ащы сыным ашындырар жүректі.
Табысыңа шын қуанып, сырға қоссам сыр алуан,
Бекер басқан қадамыңды бетке айтпай да тұра алман.
Білген жанға өмір деген мәңгі жарқын жаз емес,
Жұмыр бастан, кетіп жатар кемшілік те аз емес.
Әрине, оған кейде-кейде керек шығар кешірім,
Алайда оны кешірместен досша айтудың несі мін.
Өмір бізге кінәлі емес, шексіз достық сый еткен,
Сондықтан да менің сыным өтер бәлкім сүйектен.
Мейлі ұнат, мейлі ұнатпа мені тіпті ол үшін,
Қажет болса қолды саған бір сермеу де борышым.
Сені өкпе мен ренішке батырғанда белшеден,
Кем мұңайып, аз қиналып тұрмын ба екен мен сенен?!
Бұл айтылған достық сынды мейлің шын ұқ, шын ұқпа,
Тек қана оның маған да жай тимегенін ұмытпа.
Авторы: Төлеген Айбергенов