... Оның көңіл күйі болмай тұрғанда мен күле алмаймын, бұл ыңғайсыз... Онда бір қиындықтар туындаса мен қол қусырып отыруға өзімді ыңғайсыз сезінемін. Ондай сәттерде бәрін жинап қойып Оның қасында болып, демеп, ісіне бірге ат салыссам өзімді өте жақсы сезінемін. Оның ойын айтпай тұрып ұғып қоямын, нені қалайтынын да жақсы білемін. Себебі Оның ішкі әлемі менің ішкі әлеміммен егіз, сондықтан да біз бірге жүрміз. Кейде ата-анаңның жанын ауырпас үшін оларға айта алмайтын ойларың болады, ол ойларды Оған айтып, талқылай аламын. ...Біз сәл нәрсеге келіспей қалсақ мен қатты мазасызданамын, тезірек барып кешірім сұрауға бет алғанымда ол бірінші келіп есігімді қағып тұрады. Үлгермей қалғаныма, Оның бірінші келгеніне ыңғайсызданамын...
Менде қиындықтар туындаса «құрал-сайманын» алып Ол бірінші жетеді. Кейде шамам жетпей салым суға кеткенде менің барлық ісімді сөзге келместен атқарып береді. Мен ыңғайсызданамын, ал ол дұрыс атқара алдым ба деп қобалжиды. Ол менің кемшіліктерім мен асып кеткен тұстарымды уақытында ескертіп отырады және менің де солай істеуімді сұрайды. Мен өзімде болған заттың Онда да болғанын қалаймын, бірімізде болып бірімізде болмаса толық қуаныш болмас еді. Кез келген жерде, кез келген сәтте мен оған толық сенім арта аламын, себебі ол мені өз жанындай түсіне алады. Және Ол да маған кез келген сәтте алып шыға алады деп сенім артады. Мен оның сенімін ақтауға барымды саламын, толық орындауға шамам жетпей қалар ма екен деп қатты уайымдаймын... Өзімнің салақтығымнан арамызға дақ түсіріп аламын ба деп қатты ыңғайсызданамын...
...сірә, бұл ДОСтық деп аталады.