"Дос" атты құмырсқаның бастан кешкендері

"Дос" атты құмырсқаның бастан кешкендері
жеке
блог

Үлкен қалада Дос атты құмырсқа өмір сүріпті. Әңгіме Дос құмырсқа жайында. Олардың тұрағы үлкен қаланың қақ ортасындағы үлкен көшенің екі жағындағы жүз жылдық еменнің түбі. Илеу дейтін илеу де жоқ. Кіп-кішкентай. Илеу деп шіркін орманды, далалы жердегі отаудай, үрім бұтақтарында есеп жоқ дүниені айтсаң болады. Дән тасып, маңдайың терлемеген соң, тамақ та татымсыз болады ғой. Кеше бір қызық оқиға болды. Қалада өмір сүретін адамдарға да обал, жұмыстан келген соң төрт бұрышты әйнектен көзін алмай отырғаны. Әлде оларды сол жерге байлап қойған ба екен? Әйнекпен сөйлесе ме екен? Өздері кейде мәз болып күліп отырады. Дос қабырғамен өрмелеп келіп, бірінші қабаттың терезесінің тұсына келді. Ішке мойнын созып қарады.

– Е, е, мына кісінің үйі екен ғой. Өзі қатал, қабағын бір ашпайды, ылғи аспанға қарап жүреді. Бір сәт жерге қараса да болады ғой. Мүмкін сонда бізді таптап кетпес еді. Кеше ғана осы кісінің жол ережесін бұзғандықтан бірнеше жұмысшы құмырсқалар жараланды. Оларды емдеу де оңай емес. Қой, мұнда кірмейін, анау қолындағы шыбын қаққышымен ұрса, түгім қалмас.

Екінші қабатқа өрмеледі. «Қош келдің!» дегендей балконның есігі айқара ашылып түр. Дос өз үйіне келгендей, емін-еркін кірді. Кірді де, қуанып кетті. Мынау апай ғой, тоқтай тұр, бұл кісіге біз Күнкүлді деп ат қойғанбыз. Өзі күн сияқты және өмірі күліп жүреді. Тіршілік біткенде бізбен адамша сөйлесетін жалғыз осы кісі. Өзі асығысып бара жатса да, бізге амандасуды, бір-екі ауыз сөйлесуді ұмытпайды. Айқара ашылған есіктен менің кіргенімді байқамады ма? Жоқ, әлде асығыс па? Қайта бұрылып шығып кетті. Артынан мен де ілестім. Мына бөлме, тіптім, үлкен екен. Көршісі қарап отырған төрт бұрыш әйнек мұнда да тұр.

Күнкүлді баласына бір дүниені көрсетіп (кейін білдім ғой кітап екен) жатыр. Құлағы қалқиған бала, ауызы ашыльш, анда-санда көзін жыпылық-жыпылық қағып қояды. Сіз сенесіз бе? Күнкүлді апай біздер туралы, құмырсқалар туралы айтып жатыр. Баламен бірге менің де аузым ашылып тыңдап отырып қалыппын.

–  Болды енді кеш болды, ұйықтай ғой, дегенде барып, селк  ете қалдым. Өйткені маған да үйге қайту керек қой. Күнкүлді апайдан қалмайын деп, қанша адымдағанмен жете алмадым. Балконның есігін жауып тастады. Біраз әуреге түстім, сыртқа шығар қуыс жоқ. Құмырсқалардың заңында басқа жерге қонуға болмайды. Басқа жерге қонып келген құмырсқаны өз отбасы қабылдамайды.

Дос жылап жіберді. Ары-бері жүгіре беріп, Күнкүлді апайдың көзіне де түсіп қалды.

– Ой, сәлеметсіз бе?

– Сен қайдан жүрсің? Құдайым-ау, жаңа ғана сендер туралы Айданаға айтып едім. Қап сонда келмегеніңді қарашы, – деп Күнкүлді апай маған құмырсқалардың тілінде үн қатты.

– Мен сонда келгенмін. Сіздің әңгімеңіздің бәрін естідім. Қызық екен. Қызыққаным сонша кетпей отыра беріппін. Үйге қайтуым керек еді.

– Неге?  Біздің үйге қонақ бол. Бүгін, тіптім, қонып кетсең де болатын еді.

– Жоқ, маған басқа үйде қонуға мүлдем болмайды.

– Неге? Сендер көшенің арғы бетіне де барып жүресіңдер ғой.

– Барамыз ғой. Өмір ғой. Құмырсқалар да бір-бірімізбен араласамыз. Бірақ бізде заң сондай. Әр құмырсқа өз шаңырағында түнеу керек. Өз үйіне қонбағанды сатқындық деп есептеп, баршасы жабылып өлтіреді де, тұмсықтарымен итеріп үйден алысқа апарып тастайды.

– Ойпырмай-ә, өте қиын екен.

– Күнкүлді апай, рұқсат болса, мен үйге қайтайын. Есігіңізді ашыңызшы.

– Жарайды, бара ғой. Үй арасы алыс емес қой, келіп түр.

– Міндетті түрде келемін. Біз туралы әңгімелеріңіз соншалықты қызық екен. Күнкүлді апай, бір сұрағым бар еді?

– Қоя ғой.                                                   

– Сіз құмырсқалардың тілін қайдан білдіңіз.

– Мен  кішкене  бала  күнімде  табиғатты  керемет  сүйдім. Үйіміздің қасында үлкен-үлкен құмырсқалардың илеулері болатын. Шөппен илеуді түртсек, көп   құмырсқа шөпке жабысатын, содан  кейін құмырсқаларды түсіріп тастап, шөпті кәмпит сияқты соратынбыз. Бір түрлі қышқыл, қымыздың дәмі шығатын. Содан бір күні құмырсқаларға сөйлеп отырмын. «Қолыма келіңдер» десем келеді. «Илеулеріңе барыңдар» десем, барады. Солай үйреніп кеттім. Өзің адамның тілін қалай үйрендің?

– Мекеніміз көше болған соң. Адамдардың сөзін естіп жүріп, түсінетін болдым. Бірақ адам тілінде сөйлей алмаймын. Сіздің біздің тілімізді білгендігіңіз, мен үшін үлкен бақыт болды ғой. Кеш боп кетті, сау болыңыз.

– Сау болып тұр. Көріскенше. Қалған әңгімені ертең айтармыз...

Дос Күнкүлді апайды жұмысқа шығарып салып, жұмыстан қарсы алып тұратын болды. Өміріне өзгеріс еніп, көңілді жүретін болды. Әне күлімсіреп, Күнкүлді апай келе жатыр.

– Дос, бүгін кешке үйге кел. Теледидардан құмырсқалар әлемі атты хабар болады.

Е, анау әйнектен бе?

– Иә, иә, жақсы хабар, кел бірге көрейік.

– Жарайды, кешкі жиналыстан соң барайын.

– Қандай жиналыс?

– Бізде әр құмырсқа бір күндік істеген жұмысының есебін  береді. Жалқауланған, ұрлық жасағандары болса, жазасын алады. Күзетшілер ауысады. Олар да есеп береді.

Достың қасына бір жіңішкелеу құмырсқа келді.

– Күнкүлді апай, мына кезекші шақырып тұр. Мен кеттім.

– Келерсің.

«Күнкүлді» деп құмырсқалардың қойып берген аты өзіне ұнап та тұр. Біреулерге айтса, сенбейді-ау ә? “Ауырып қалды ма?” – деп ойлаулары да мүмкін ғой. Жарайды, адам баласына айтпай-ақ қояйын.

 Гүлтас Сайынқызы