Дос (әңгіме)

Дос (әңгіме)
жеке
блог

         Соңғы қоңырау соғыла сала інілерімен саябақтарда, зообақтарда қыдыртып, базардан керек-жарағын алған соң әкесі Жантасты ауылға, ата-апасына апарып тастайды. Бұл жылдағы әдет. Үш ай жазғы демалысын ауылда өткізетін Жантас жазды ауылсыз, ата-апасы, ауылдағы достары, бұзаулар мен иттері, жылқыларынсыз елестете де алмайды. Ес білгелі ауылымен қатар ұғымдай жүретін жан досы - Арыстың орны Жантас үшін тіпті де ерекше. Өзінен екі жас үлкендігі бар Арыс та оқу біте сала қаладан келетін досын асыға күтеді. Биыл тоғызыншы сыныпты аяқтаған Жантасты ол ұзақ күтті. Ауылдан бұрын алдымен өзге қалаға қыдырып қайтуды жөн санаған Жантастың ата-анасы бір ай кешіктіріп оны ауылға әкеліп тастады. Алайда, досын күте-күте уақыты тығыз болған, көктемде әкесі қайтыс болған Арыстың отбасы басқа жерге көшіп кетті.

         Асығып-аптығып ауылымен қауышқан Жантас ата-апасымен хал сұрасып, сағынышын басқаннан кейін, бір кесе шәй іше сала көрші үйдегі досы Арысқа асықты. Бірақ оны атасының: «Балам, Арыстың отбасы көшіп кеткен. Ол сені ұзақ күтті. Алайда, оқуға құжат тапсырудың уақыты келіп, дайын көлік шығып тұрғандықтан, уақытты құр жібермейік деп, бір апта бұрын басқа жерге көшіп кетті. Қайда кеткендерін нақты айтпады. Келер-келмесін де білдірмеді. Саған дұғай сәлемін айтты» - деген сөзі тоқтатты. Жантас өзіне түсініксіз біртүрлі күйге түсті. Не істерін, не үйге кірерін, не шығарын білмей қалды. Абдырып біраз тұрды да, сыртқа қарай атылды. Бірден Арыстың үйіне жүгіріп барды! Есік, терезелер барлығы да сыртынан шегеленген, аулада ешқандай да зат жоқ. Нақ көшіп кеткен үйдің бейнесі. Жан досының расымен де жоқтығына, көшіп кеткеніне көзі жеткен Жантастың аяқтары өздігенін жүгіріп, бұған бағынар емес. Қайда екені белгісіз, әйтеуір жүгіріп барады. Кеудесінде бір қуыс пайда болып, оны самал жел шарлап кеткендей күй кешкен Жантас ұзақ жүгіргендіктен, аяқтары талып, жығыларға шақ қалды. Алқынып кеткен ол кілт тоқтай қалды да, жерге отыра кетті. Басы салбырап, көздерінен жас селдей ақты. Бірнәрсе жетіспей тұрғандай, қазір тұрса құлап қалатындай, ауылы бөтен ауылдай, тезірек қалаға қашып кеткісі келіп, бірқызық күйде бір орында ұзақ отырды. Неге жылап жатқанын, не себепті әлі құрып, жығыларға шақ қалғанын түсінер емес. «Арыс көшіп кетті. Тек көшіп кетті. Ол өліп қалған жоқ қой. Бір күні кездеседі. Иә, олар кездеседі. Достар ұзақ уақыт бөлек жүре алмайды ғой. Олар кездеседі.» Жантас өзін жұбатуға тырысты. Егер қазір жанында Арысы болса, мұның бұл халіне қарап, «қыз сияқты жылағаның не» деп, әбден ішек-сілесі қатқанша күлетін еді. Иә, жерге жата қалып күлуші еді. Ол қатты күлкісі келсе, дәл солай істейтін. Кенет құлағына Арыстың күлкісі естілгендей, досы арт жағында тұрғандай сезіліп кетті. Егер солай болса, ол міндетті түрде Жантасты келемеждейді. Соны ойлап, Жантас көз жасын сүртіп, бетін арлы-берлі уқалап, жайлап орнына тұрып, артқа бұрылды. Жоқ. Ол Арыс емес. Күлкісі тек естілген екен. Ал артында тұрған ол үй жақтан жүгіріп шыққалы қыр соңынан қалмай қуалап келіп, бәрін бақылап тұрған сүйікті иті - Ақтөс екен. Арыстың  Жантасқа жаңа туылғанда арнайы сыйға тартқан күшігі Ақтөс бүгінде үлкен ит болған. Арысты одан әрмен сағындыра түскен Ақтөстің алдына тізерлей отыра қалып, мойнынан құшақтай алды. Ит те егесін ұққандай, құйрығын бұлғаңдатып, құшағында үнсіз ғана тұрды.

         Сәл-пәл өзіне-өзі келген Жантас аяқтары жеткізген жердің досы екеуі жатып алып, қиялдайтын, бала кезде бағындырған биіктері, үйден сәл жырақтағы төсек-жота екенін байқады. Бұл жерді достар төсек-жота деп атап кеткен. Қолдарын жастанып, аяқтарын лақтырып тастап, шалқаласынан жата кетті. Күннен қорғана бір көзін қысыңқырап, көк аспанға көз тастады. Баяғы көк аспан. Досы екеуінің арман тақтасы. Арыс екеуі осы жотада жатып алып, көк тақтаға әрнені жазып, жасырушы еді. Есейе келе, ол тақтаға армандарын жазатынды шығарды. Олар аспанға ендігі бір кітап жазып тастаған да шығар. Бір көзі талса, екіншісін алмастыра, аспанға ұзақ қарады. Кенет көк тақтадан жаңадан танысқан кішкентай Арыс пен Жантас көрінгендей болды. Сөйтіп, өткен күндер бірінің артынан бірі жалғаса берді. Құдды кино көріп жатқандай болған Жантастың көз алдына досы екеуінің достар сияқты алғаш рет ойнағандары, бұл қаладан оған арнайы шәпкі мен қара көзілдірік әкеліп беріп, оны тағып алып, мақтанамын деген он жасар Арыс көшеде тасты көрмей, домалап құлағаны, екі  үйдің тірлігін біріге істейтіндері, кейіннен бір жазда Арыс біреуден алып, бағып жүрген көдегіне алғаш мінген Жантасты көдек жатсынып, қалай лақтырып жібергені, өсе келе екі үйдің шөбін бірге шапқандары, таудан отын дайындап, картопқа соқа тартқандары көріне бастады. Көк тақтаның ендігі көрсетіп жатқандары жан досын тіпті де сағындыра түсті. «Сенің атың Жантас болса, менің атым Қожа болсын» деген Арысқа «Олар дос емес, қас. Ал, біз достармыз. Сондықтан, сен Қожа болмай-ақ қойшы. Мен де кинодағы Жантас емеспін. Мен жәй ғана сенің досыңмын» дегені, үйден қарбыз ұрлап шығып, осы жотаға әкеліп, кинодағыдай жерге ұрып жейміз деп, жерге ұрған қарбыз жеуге жарамсыз болып қалғаны, төменгі ауылдың балалары «қаладан келдім деп мақтанасың ба не?» деп, Жантасқа жабылғанда, оны қорғамақшы болған Арыстың көзінің көгергені, тауықтың жұмыртқасын кім көп жинайды деп жарысқанда, Жантас байқамай күрке тауықтың жұмыртқаларына тиісіп, ашулы тауықтың қалай қуалағаны, жоталарындағы дүңкиіп, жыбырлап тұрған сиырлардың оқырасын қызық көріп, таяқпен түртеміз деп, бір бұқаның екеуін қалай қуалағаны, сиыр тарағанда сиырдың құйрыған ұстап алып, сырғанайтындары, осы жотада жатып қиялдаймыз деп, ұйықтап қалған екі досты, кешқұрым іздеуге шыққандардың оятқандары, өткен жазда таудан жылқыларды іздеуге кетіп, бірақ кешке дейін оралмай, жоғалып кеткен Арысты ауыл болып іздеуге шыққанда, ешкімге бой бермей өздігінен аттанған Жантастың аттан құлап, мертігіп жатқан Арысты таудың бір қуысынан тауып әкелгені, досының ауруханада жатқаны, асау тайды үйретеміз деп, ақыры тай екеуін де топыраққа тойдырып, қашып кеткені, өскенде нағыз қазақы аттарды баптайтын фермер болып, балаларымыз шабандоз болып, жүйріктерімізді бәйгеге қосамыз деген армандары, сабақты жақсы оқитын достардың бірін-бірі сынай жаудыратын сұрақтары, кім жеңілсе, сол осы жотадан үйге дейін жеңгенін арқалап келетіндері, қаладан келгенде досының қалай күтіп алып, қалаға кетерде қалай қимай қоштасатындары... бәрі-бәрі зулап өтіп жатыр. Көк аспан құдды көк экранға айналып кеткендей. Сағыныш. Иә, досын сағынып жатыр. Бірнәрсе жетіспей тұрғаны анық. «Қайда кеткендерін нақты айтпады. Келер-келмесін де білдірмеді. Саған дұғай сәлемін айтты...» Атасының сөздерін тағы есіне алды. Есіне алды да, «Сен біз армандаған арманға жетуің керек! Мен де жетемін! Мен саған, сен маған уәде бергенсің! Бұл жотаға енді сенсіз келмеймін...» - деп, Жантас орнынан атып тұрып, жотадан төмен жүгіре жөнелді.

         Қала-ауыл арасында жүріп, мектепті жақсы бітіріп, қалаған оқуына түскен Жантас ата-апасының, әке-шешесінің мақтанына, қарындастары мен інілерінің қамқорына айналды. Жоғары оқу орнын да жақсы бітіріп, тәуір жұмысқа орналасқаннан кейін, тұңғыш немересі арнайы атасы үшін үйлену тойын дүркіретіп тұрып ауылда өткізіп берді. Бір ұл, екі қыздың әкесі, ата-апасының көз қуанышы, әке-шешесінің арқауы, достарының ардақтысы, отбасының панасы, жаман қылық, жаман әдет: арақ, темекі, құмар ойын, тағысын тағы, жаман істерден ада Жантас өзіндік өмірін қатардан қалмай сүріп жатты. Жұмысында дәрежесі өскен ол қала шетінен арнайы жер сатып алып, сол бір бала кездегі досы екеуінің арманы - жылқы фермасын ашты. Жылқыларды баптап, алдын бәйгеге қосып, кішігірім жүлделі орындарға да ие бола бастады. Тұңғышы - Бекболды төрт жасынан атқа отырғызып, жылқының қыр сырын, баптау әдістерін құлағына құя берді. Алты жасқа келгенде ұлы алғаш рет бәйгеге қатысып, үшінші орынды місе тұтты. Сексенге келген атасы шөбересіне арнайы сыйға тартқан құлыны келер жылғы бәйгеге сақадай сай дайын тұр.

         Осы бір он екі-он үш жылдың ішінді ауылына қаншама рет барып, қаншама адамнан сұрастырса да Арыс туралы бірде-бір дерек таба алмады. Бейне жер жұтып кеткендей. Барлық ісі оңғарылып, бәрі жақсы болса да, жүрегіне бірнәрсе жетіспей тұратын. Кеуде тұсында әлгі бір қуысты ешнәрсемен толтыра алмады осы уақытқа дейін.

         Ауыл алқалыларының бірі аталарына арнап бергелі жатқан астың соңы бәйгеге ұласатынын естіген Жантас та жеті жасқа толған Бекболды атасы сыйлаған жүйрікпен қоса ауылына алып келді. Ауыл шетінде өтіп жатқан бәйге қыза түсті. Жиырма бес шаршы шақырым. Он айналым. Бас бәйге де қомақты. Алпыс жүйрік қатысқан бәйге дала шаңын аспанға көтере, шабандоздарды одан әрмен қыздыра түскен көрермендердің айқайы, қиқуы, қосшы сөздерімен жандана түсті. Тоғызыншы айналымға өткен жүйріктердің алды болып Жантастың Бекболы мен бірнеше аттар оза шауып келеді. Ұлымен бірге жаяу шапқылап жүрген Жантас ұлы жақындаса көрермендердің алдына шығып, кіл жүйріктер шеңбер айналып кетсе, көрермендердың арт жағына қарай жүгіріп, бергі жақты шаңдатып бұл жүр. Шабандозымен бірге санын қамшылап, тақымын қысып, жанын қоярға жер таппай, терге малынып, Алладан тілеуін тілеп, іштей күбірлеп, бір байыз таба алмаған Жантастың кенет біреу иығынан ұстай алды. «Шабандозың мықты екен! Жүйрігіңді де әден баптапсың! Жарайсың!» - деген әлгі бейтаныс адамға таңырқай қараған Жантас, әңгімеге уақытым жоқ дегендей, алға қадам аттап кетті. Енді оң иығынан түртіп қалды біреу. Жалт қараса, ешкім жоқ. Сол жағына қарай қалса, әлгі адам тұр. Бұл адамның көздері және жаңағы әдеті сондай таныс. Кім бұлай істеуші еді? Есіне түсер емес. Оныншы айналымға өткен аттардың үшіншісі болып Бектастың жүйрігі келеді. Бар тілеуін, бар ынтасын, бар қалауын қолына жиып, жұдырығына түйіп, қос жанарымен Бекбол мінген жүйрікті қамшылап тұрған Жантастың құлағына біреу: «Арман тақтасындағы арманымызды орындайтыныңа сенгенмін...» -деді. Бір орында сілейін қатып қалған Жантастың көз алдында шабандоз ұлы оза шауып, мәре сызығынан бірінші болып өтті. Бағанадан бергі шапқылау, жүгіруден қалжыраған Жантас жерге отыра кетті де, сол бойда шалқалап жата қалды. Бас жүлде иегерін құттықтап соғылып жатқан ду қол шапалақтар, айқайлап, мәз болып жатқан ел, құттықтауға шабандоздарға қарай ағылған жұрт. Бәрін естіп, сезіп жатса да, қозғалуға әлі жоқ ол бір көзін сығырайта аспанға қарады. Көк тақта сол қалыпта. «Менің ұлым, жүйрігіммен келер жылғы бәйгеге қатысады. Сол кезде жақсылап дайындал. Жеңіліп қалма. Ал, бүгінгі жеңіс сенікі! Құттықтаймын!» -деп аяқтарын лақтыра, қолдарын басына жастана жанына жата кеткен жанның ішінен Жантас шынтағымен салып қалды. «Оны сол кезде көрерміз. Кім озып, кім қалар. Ал, қазір, төсек-жотамызға кім бұрын жетер екен?» - деп, орнына атып тұрып сол маңдағы бұрынғы төсек-жоталарына қарай зырқырай жөнелген Жантастың артынан «ой, әкеңнің» деп күліп, өре түрегелген Арыс та жүгіре жөнелді. Қуаныштан мәз болып, әрі бірінші жетемін деген мақсатпен озып келе жатқан Жантастың көзінен аққан қуаныш жастарын самал жел артқа қарай лақтырып жатты...