Донор сүті жайлы естіп пе едіңіз?

Аналардың ақ сүтінен нәр алған,
Аналардың үмітінен жаралған.
Сәби едік, енді қазір ер жеттік,
Жүректерде биік мақсат, бар арман.

Осы күнге шейін ана сүтінің доноры болады және оны арнайы банкте сақтайды деп ойлап көрдіңіз бе? Жалпы ана сүті сатылатынын және оны сатуға болатынын біліп пе едіңіз?

27- ге келсем де, менің санамда тек қан беретін адамдар ғана донор болады деген түсінік жайлап келді. Иә, иә қазір адам кез-келген дене мүшесін сатуға немесе көмек ретінде беруге болатынын қоспағанда... 

Ана сүті туралы материал іздеп отырғанымда мына хабарландыруға тап болдым. Шын, аздап таңқалдым, өкінішке орай хабарландыру берушіге хабарласа алмадым. 

"Ана сүтін қанша уақытқа және қалай сақтауға болады?" деген ой мені ана сүтінің донорлары жайлы қызығушылығымды арттырды.

Бізде, қазақтарда, донор сүті немесе ана сүтін іздеу деген ұғым болмаған, себебі біреудің баласына сүт жетпей жатса ауылдағы кез-келген бала емізетін ана сүт жетпеген баланы емізіп беретін болған. Туысы, көршісі тіпті ауылдасы көмекке келген. Дегенмен де... 

Әлемнің көптеген елінде ана сүтінің арнайы банктері ашылған. Атап айтсақ, АҚШ, Европа елдерінде, Қытай және Жаңа Зеландия елдерінде арнайы банктер ашылып, жұмыс істеп келеді. Ана сүтін өткізгісі келетін аналарға қойылатын талаптар да қатал. Темекі тартпауыңыздан бастап рак, вич ауруларының жоқтығын дәлелдейтін құжаттар керек. Тіпті ет жемегені үшін де ана сүтін қабылдай алмайды. Ал бізде бұндай банктың әзірге жоқтығын белгілі, сонда біздегі жағдай қандай? Жоғарыдағы хабарландырудағы сүттің балаға еш зиян әкелмесіне кім кепіл бола алады? Біздің елімізде емшекпен емізетін аналарға қолдау, көмек көрсететін орталықтар бар ма?

Осы сұрақтардың жауабын білу үшін "Сүтті көмек" (Молочная помощьорталығының маманы Елена Асадчаяға қойып көрген едім: 

Елена Асадчая жаңа нәрестелі болған анаға баланы емізу жолдарын түсіндіріп жатыр

- Біздің орталықтың құрылғанына 3 жыл. Орталығымыздың мақсаты: балаларды емшекпен емізуді қолдау және балаларын емізетін аналарға көмек көрсету. Жаңа туған баланы қалай емізу керек, ананың өзі ауырып жатқан кезде қалай тамақтандыру керек, сүт болмай жатқан кезде не істеу керек, шала туған баланы тамақтандыру, сүтін дұрыс сауу сияқты балаға қатысты барлық сұрақтармен көмектесе аламыз. Біздің мамандардың бәрі арнайы осы мамандық жайлы оқыған әрі өздерінің балалары бар аналар. Себебі, сәби мен оның өмірі "былай істей сал" немесе "ананы жаға сал" дейтіндей нәрсе емес, сондықтан да біз арнайы оқыған және өз тәжірбиесі бар мамандарды жинадық. Қазірде біз Алматы, Павлодар, Ақтөбе қалаларында жұмыс жасап жатырмыз, жақында Өскемен, Астана, Қостанай қаларында өз орталықтарымызды ашпақпыз. 

"Молочная помощь" орталығының аналары мен кеңесшілерінің кезекті кездесуі

Ал енді донор сүтіне келер болсақ, біздің орталық немесе кез-келген медицина маманы, жалпы ана ретінде менің өзім де интернеттен немесе танымайтын адамдардан ана сүтін сатып алып балаға беруге қарсымыз. Себебі, бұл жерде әңгіме сүтін беріп отырған ананың гигиенасы мен денсаулығына байланысты болмақ. Біріншіден, сүтін сауған кезде ана қарапайым гигиена талаптарын сақтай ма, мысалы қолын жуа ма, сүтті стерильді ыдысқа сауа ма соны ескеру керек, екіншіден, ол ананың денсаулығы қандай, мүмкін оның өзі білмейтін аурулары бар шығар, мысалы ЖИТС (СПИД) ана сүті арқылы балаға жұғатынын ұмытпау керек. Үшіншіден, ананың, баласының жағдайы қалай, іші ауырып немесе басқа да жағдайлар болса ол сіздің балаңызға да жұғады. Себебі еметін бала ана сүтінен ауырып отырғандықтан сіздің де балаға іш ауруы оңай жұғады. Төртіншіден, 1 ай мен 6 ай арасында үй жағдайында сақталған сүтте ана сүтінің құрамындағы пайдалы организмдерден ештеңе қалмайды. Иә, сүт құнарлығын сақталғанымен пайдалы организмдер өліп қалады. Үй жағдайында сүтті негізі 1 айдан артық сақтауға болмайды. Ал арнайы банктерде арнайы тоңазытқыштарда 6 айға дейін ғана сақтауға мүмкіндік бар. 

Баланы өз анасының сүтімен емізудің пайдасы өте көп, ал егер донор сүті мен жасанды тамақтар екеуінің арасында қайсысын таңдайсыз десе, мен әрине донор сүтін таңдаймын, бірақ жаңа сауылғанын таңдаймын. Себебі жасанды тамақтарда ана сүтінің тек 40% пайдалы заты ғана бар, бұл көрсеткіштің өзіне әлемдегі ең керемет деген тамақтың өзі әрең жетеді.

Донор сүті қандай жағдайда керек? Бала өз анасының сүтіне тоймаған жағдайда немесе анасы ауырып балаға зиян дәрілер қабылдаған кезде балаға донор сүтін беру керек болады. Кей балалар жасанды тамақтан аллергия бергендіктен донор сүтін беруге тура келеді. Қойдың сүтін, ешкінің сүтін де беруге болады, бірақ жаңа туған балаға ананың сүтінің пайдасы молырақ. Әр балаға күнделікті қанша мөлшерде сүт керек екенін өлшеп алып соншалықты сүт беру керек.


А.К: - Сіздің орталықтарыңыз донор сүтімен көмектесе ала ма? 

- Біздің орталыққа көмек сұрап келген аналармен біз ай сайын кездесу өткізіп тұрамыз, балаға аналарға қатысты кеңестермен бөлісіп, түрлі ойындар ұйымдастырамыз. Бізге келген аналар бір-бірімен араласып, дос болып кетеді. Ал егер біреуіне сүт керек болып жатса біздің Vk- дағы тобымызға жаза алады, егер басқа аналар өздері көмектескісі келсе көмек қолдарын созып жатады. Бірақ осы 3 жыл ішінде бірде-бір ананың сүтін сатып бергенін көрмедім, тек сүтті сауатын арнайы пакетиктер әкеліп беріп, сүтті өздеріңіз алып кетіңіздер дейді. Бізде Қазақстанда ана сүтін сату ұят саналады, қолыңнан келген көмекті неге бермеске?... 

P.S. Әрине, ана сүтіне ештеңе жетпейді. Дегенмен, өмірде түрлі жағдайлар болады. Ана баласын емізгісі келмегеннен донор сүтіне немесе жасанды тамаққа жүгінеді дегенге өз басым сенгім келмейді. Бірақ сұраныс бар жерде ұсыныс та болады. Тек мұндайға мәжбүрлікпен ғана барса деген ниет бар...

Суреттер "Молочная помощь" орталығына және Аңсаған Мұстафаға тиесілі. Орталықтың жақында болатын жиналысына арнайы шақырту алдым, өзім сол кезде түсіруге мүмкіндік алатын болам.



Бөлісу: