Жақында Алматы қаласы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония залында талантты күйші Бекзат Мұстафаевтың «Мен сені сүйемін, өмір» атты қайырымдылық концерті болып өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырылуына Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдірді. Сонымен қатар, «Қазақстан» РТРК» АҚ, Жамбыл атындағы филармония ұжымы, «Отырар сазы» фольклорлық оркестрі концерттің жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысты. Опера саласының майталмандары мен жыршы-термешілер де осы концертте төбе көрсетті.
Бекзат Мұстафаев-Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, бойындағы тұнған талантымен көпті мойындата білген күйші. Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан «Аманат» өнер студиясында шәкірт тәрбилеп, олардың өнер әлемінде қалықтап өсуіне барынша қызмет етіп жүрген жанашыр ұстаз. Ең өкініштісі, Бекзат 2014 жылдан бері ауыр дертке шалдығып, соның әсерінен екі бүйрегі істемей қалған. Аптасына үш рет гемодиализ алып, жастық шағын жанкешті күреспен өткізіп келеді. Оның өнерге деген шексіз махаббаты өмір сүруге құштарлығын арттыра түсті. Қазіргі уақытта Беларусь еліндегі бүйрек трансплантациясын жасайтын клиникамен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бекзаттың және отбасы мен туған-туыстарының бар үміті-бүйрек ауыстыруға жететін қомақты қаражат жиналған соң шет елге шығып ем қабылдау, дертінен құлан-таза айығып кету. Сондай-ақ еліміздің құзіретті салалық басшылығы тарапынан моральдық-ақпараттық қолдау көрсетіліп, өнердегі аға-інілері, әріптестері де қайырымдылық акциясын қолға алған болатын. Концерттен түскен қаражат та Бекзаттың ем-домына жұмсалмақ. Дәл қазір қазақтың күй өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дарынды ұлының өмір үшін күрес әрекеті 65 000 $ ақшаға тәуелді болып тұр.
Бекзаттың әкесінің есімі-Дәурен. Ол Алматы Зооветеринарлық институтын бітірген. Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп ғылыми зерттеу инситутында жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет етеді. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты. Бірнеше жетістіктерге қол жеткізген ғылыми мақалалардың авторы. Ал анасы Мәулен қазір Алматы қаласындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Бекзаттың өзінен үлкен екі бауыры бар. Қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, мәртебесін көтеріп жүрген Бекзаттың ата-анасы мен достары оның жеті жыл бұрын жабысқан ауыр дертінен тезірек құлан-таза айығып кетуін тілейді.
-Қазір Белоруссия мемлекетіндегі бүйрек трансплантациясын жасайтын клиникамен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондықтан, сол отаға қажетті қаражат жинау үстіндемін. Менің осы дерттен құлан-таза айығып кетуіме рухани-материалдық көмек көрсетіп жатқан барша қайырымды да тілекші жандарға, күллі Қазақ еліне шексіз алғысымды білдіремін! Алла тағала Сіздерді сауаптан жазсын! Аллам бұйыртып, ота сәтті өтіп, науқасымнан жазылып шықсам, өзімнің сүйікті мамандығым ұстаздық жолымды жалғастырып еңбек еткім келеді. Шәкірттеріме қазақтың қазыналы күй өнерін үйрете отырып, дәстүрлі ұлттық өнерімізді дамытуға, көркейтуге үлесімді қоссам деген арманым бар.
Аллам сол күнге аман жеткізсе екен!-дейді дарынды күйші.
Бекзат шәкірттерін күй өнеріне баулып, жетістіктер шыңынан көрінуге бар ынта-жігерімен атсалысып жүрген мейірімді ұстаз. Оның үйреткен сабағына шәкірттері де дән риза. Солардың бірі- №126 мамандандырылған лицейдің
6-сынып оқушысы Сәбитбек Әбурахман Ұланұлы. Әбурахманды өнерге баулыған ұстазына көзқарасы жылы, әрқашан тілеулес болып отыратын шәкірті ретінде байқадық:
-Мен 2017 жылдан бері Бекзат ағайдың домбыра үйірмесінде оқып келе жатырмын. Осыншама уақыт ішінде Бекзат ағайдан 10-нан астам күй үйрендім. Бекзат ағай өте керемет ұстаз. Ол мені өзінің домбыра тарту шеберлігімен қызықтырып, өнерімен баурап алады. Әрбір сабағыма асыға барамын. Әрбір жаңа күй үйренгенде бір белесті бағындырғандай қуанамын. Бекзат ағайдың бойындағы бар жақсы қасиеттері маған ұнайды. Өзіме үлгі тұтып, өскенде сондай азамат болғым келеді,-дейді өнерлі шәкірттерінің бірі Әбурахман.
Осыдан бірнеше күн бұрын Бекзат өзінің «Аңсау» атты қайырымдылық концертін өткізген болатын. Рамазан Стамғазиев, Жұбаныш Жексенұлы сынды өнер иелері бастаған бұл кеште Бекзаттың шәкірттері де бар талантын ортаға салып, ұстазының тезірек сауығып кетуіне шынайы тілектес жандар екенін көрсетті.
Денсаулық-адам өмірінің ең басты байлығы, аманаты. Десек те денсаулығынан айрылған, өмірге деген құштарлығы ерекше адамдар айналамызда қаншама... Алайда Бекзаттың басына түскен осы бір қиындық оның сағын сындырып, өнерге деген ықыласын, махаббатын өшіре қойған жоқ. Қазақтың қара домбырасынан күмбірлете күй төгіп, жас буынға, болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп келе жатқан Бекзатты сақтап қалу біздің басты міндетіміз!
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ