Домбыраның ашылмаған сырлары көп пе?
блог
Қазақ халқы қашанда мерекесі мен қуанышында, қайғысы мен бейнетінде домбырамен күй шертіп, ән-салып, жанына рахат қосып, дертіне шипа таба білген, нарды да идірген рухани бай халық деп білемін. Қосарлана зарлаған қос ішектің дауысы сенімен бірге қуанып, сенімен бірге мұңдасқандай болады. Қазақтың күйші-батырлары да өмір бойы өзімен бірге домбырасын серік етіп арқалап жүретіні бекер емес. Мен де дүниеге көзімді ашқалы бері серіліктің күнін кешпесем де, қара домбырамды арқалаумен келемін. Үнсіз досым, кейде адал жарыңдай болады. 23 жылдай қысқа ғұмырымда осы аспапта білім алып, оны зерттеумен келемін. Қазіргі жаhандану заманында аспабымыз түрлі формат, яғни, заманауи музыкалық жанрлардың сан алуанына байланысты дамып келеді. Соған қарамастан, домбыраның үні мен дыбыс бояуы сақталып келе жатқанына не себеп? Осы сұрақтың жауабын тобымыздың продюсері Нұржан мырза сонау 88 жылдары білген-ді. Оның айтуынша, мәселенің басы домбыраның 2 ішегінің қалыңдығында екен. Яғни, 2 ішектің диаметрі бірдей болғандықтан, домбыра - домбыраның үнін береді. Егер де астыңғы ішегін жіңішкелеу қылып тақса, домбыраның колориді өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін.
Әр халықтың өзіндік ерекшеліктері, фольклоры, салт-дәстүрі, дағдылары болады. Біздің қазақ халқында, оның ішінде фольклоры, музыкасының ерекшелігінің өзіндік орны бар. "Нағыз қазақ - домбыра" деген сөзден кейін де төбең көкке көтеріліп, жігерленіп қалатынымыз да рас.
Домбыраның әлі-ақ мүмкіншіліктері көбейіп, көптеген сырлары ашылып, әлемдік дәрежеде сапалы орынға шығады деген үлкен үмітпен, сеніммен қараймын!