«Домбыра party - non stop» жайлы естіп пе едіңіз?

«Домбыра party - non stop» туралы естіп пе едіңіз? 

 

 

Естіген болсаңыз өте жақсы. Ал білмесеңіз, бүгін осы блогтан білетін боласыз. Осыдан екі ай бұрын Талдықорғанда «Домбыра party - non stop» атты шара өтті. Қазақстан аумағында алғаш рет қолға алынған шара бұл шараның мақсаты - тәулік бойы домбыра үнін тоқтатпай, ұлттық құндылығымызды ұлықтау болатын. "Non stop" - деген "тоқтаусыз" деген мағына берсе, «Домбыра party - non stop» деген қазақша "Тоқтаусыз домбыра party" дегенді білдіреді. 

 

 

Ұлттық нақышта безендірілген қазақ үйдің төрінде жетісулық күйшілер, әншілер және қарапайым тұрғындар шаңырақты домбыраның қоңыр үніне толтырды. Алматы облысының әр өңірінен келген өнерпаздар, Сүйінбай атындағы филармонияның дәстүрлі әншілері қазақтың ән-жырын, терме-дастандарын, күйлерін орындап жиналғанды ұлттық өнермен сусындатты.

 

 

Елбасымыз "БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" мақаласында: "Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу", - дей келе, "Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс", -деп жалғастырады. 

 

 

Ал енді жалпы Домбыра патидің өз қайдан шықты деген сұраққа жауап беріп көрелік.

 

Уикпедиада "Домбыра Party, Домбыра пати — қазақтың ұлттық аспаптарын, соның ішінде жалпыхалықтық саз құралы ретінде домбыраны, ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру және жалпы қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған флеш-моб форматындағы қозғалыс. Домбыра патилер, әдетте, аптаның белгіленген бір күнінде бұқара көп шоғырланатын қаланың қоғамдық орындарында open-air, яғни ашық аспан астында ұйымдастырылады. Шарада домбырада күйлер тартылады немесе аспап сүйемелдеуімен әндер шырқалады. Қозғалыстың ерекшеліктерінің бірі - аспаптарда тек өнер шеберлері немесе арнайы оқу бітірген мамандар ғана емес, сонымен қатар кез келген адам ойнай алардай дәрежеге жеткізуге үлес қосу. Қозғалыстың саяси астары жоқ.


 

Домбыра пати қазақ блогерлері мұрындығымен 2012/2013 жылдары туындаған қозғалыс. Шаралар тізбегі Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент, Қызылжар, Жаңаөзен, Орал сияқты Қазақстанның ірі қалаларында, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында (2012 жылдың 15 тамызынан бастап), сонымен қатар Ыстамбұл, Лондон сияқты әлем метрополияларында өткізіліп келеді.",- делінген. 

 

 

Шараға тек домбырашылар ғана емес, сонымен қатар өзге ұлттық аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар және тыңдармен-көрермендер қатысты.

 

Талдықорғандық Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары біздің бастауымызды білген соң көштен қалмайын деп, бізге келіп өз өнерлерін ортаға салып кетті. 

 

Ал мына жігіт осы оқушылардың басын қосып, шеберліктерін ашып жүрген  Жексембаев Самат деген жігіт. Айтпақшы, жақында ол "Алтын таяқша" атты Республикалық конкурстан жеңімпаз атанған. 

 

 

Тіптен Талдықорғанда өз өнерлерін көрсетіп жүрген "Балдаурен" балалар тобы да келіп, әндерін айтып, көрермендердің бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілігін ашып жіберді. 

 

 

Көрермендердің арасынан балаларды құшып-құшып жібергілері келгендері де бар. 

 

 

Бізге бүкіл аппараттарымен келіп, тәулік бойы түсірілім жасаған облыстық "Жетісу" арнасының жігіттеріне де рахмет айту керек шығар. Өйткені өзімізбен қоймай, оларды күні-түні жүргізіп қойдық. Ал басқа қаладағы жұрт домбыра патиді әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы көріп отырды. Оны төменде отырған Бекзаттың қолындағы екі смартфоннан байқауға болады. 

 

 

Телеарна түсірген бейнені не істеді деп ойлайсыздар? Далада осындай үлке-е-е-ен экранымыз бар. Содан тәулік бойы көрсетіп тұрдық. Өткен-кеткен адамдар да осы экран арқылы келіп, тыңдап кетті. 

 

 

Шарамызға Гиннестер рекорды кітабынан өкілдер келіп, өз кітаптарына тіркеулері керек еді. Өкінішке қарай, олар келе алмай қалды. Бірақ "Жетісу" арнасы түсірген бейнесюжеттерді жіберіп қойдық. Ол материалдан олар шешім шығара ма, шығармай ма, біз үшін әзірге беймәлім.

 

Бірақ республикалық телеарна "Хабар" да біздің шараны көрсетіпті. Оны кейін бір танысым ғаламтордан қаратты.

 

 

Басқа да газеттер мен сайттар біздің ісімізді қолдап, елімізде тұңғыш рет қолға алынған ауқымды домбыра кешінде жетісулық өнерпаздардың белсенділігіне тәнті болып жатты. 

Бұған біз әрине қуаныштымыз. Істеген ісің БАҚ өкілдері арқылы қолдау тапса, қаншама даярлықтың зая кетпегені ғой?! Сондықтан шарамыз аяқталғанда "Уххх" деп бір дем алдық.

Ал мына суретті ұят болса да көрсетейін. Бұл біздің түнімен ұйықтамай, шараның басы-қасында жүрген кезімізден естелік )))

 

Елбасы жоғарыда аталған мақаласын "Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді",- деп аяқтайды. 

 

Мен де өз блогымды өзім  түйген ойыммен аяқтасам деп отырмын. Ол - егер ұлтқа керекті іс жасасаң, ол әрқашан халық тарапынан қолдау табады екен. Өйткені біздің Домбыра патиімізге  облысқа танымал домбырашылар, әуесқой әншілер келді. Ең кішісі 8, ең үлкені 80 жастағы өнерпаздар қатысты. Сонымен қатар, Талдықорғанның айналасындағы Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының өнерпаздары да жырдан шашу шашып, күймен шара көркін кіргізу үшін арнайы ат басын бұрды.

Демек, халық күткен іс әрқашан қолдау тауып ары қарай кете береді. 



Бөлісу: