Домбыра қазақтан бұрын болған
блог
Қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын айғақтайтын деректер жетерлік. Домбыраны талай ғалымдар зерттеп, білгендерімен бөлісті.
Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында домбыра аспабы кең таралғанын білеміз. Мысалы, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак десе, буряттар домбро, моңғолдар домбор деп атайды. Түріктер – томбра, телеуіт – комус, шор – кобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп атайды. Қарап тұрсаңыз, аспаптың дыбысты бейнелейтін этимологиялық атауы түркі елдерінің қатарында бар.
Жиһангер Марко Поло қазақтың қобызын Еуропаға алып кеткен дейді. Ендеше, музыкалық аспаптар тарихы біздің домбыра мен қобыздан таралады. Домбыраның 20-дан астам түрі бар.
Домбыраның түрлері:
Ән мен күй домбырасы;
Торсық;
Тұмар;
Кең шанақты (екі нұсқасы;
Балдырған;
Балашық;
Шіңкілдек;
Аша;
Үш ішекті;
Қуыс мойын;
Шертер;
Оркестр домбыралары;
Қоңыр дауысты (альт);
Жіңішке дауысты (прима);
Ащы дауысты (секунда);
Қозықұйрықты.
Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектерінде тамбур аспабы жайлы айтылады. Өзбектердің дутары алғаш рет әл-Хусейнидің "Музыкалық канон" деген трактатында кездеседі. XI ғасырда Махмұд Қашқари ежелгі түріктердің бірнеше аспаптарының түрін атап кеткен. Ол – қобыз, бубен, тамбурин, барабан, қоңырау, сыбызғы, сигналдық барабан.
– Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мыңыншы жылдан басталады. Қазақ дегеннің аты да, иісі де жоқ кез. Демек қазақтан бұрын домбыраның болғандығын көрсетеді. Домбыра адамның силабикалық сезімін бере алады, ішкі ырғақ пен әсем суретті көріністі тұтастай көз алдыңа әкеледі. Ұлттық код, генетикалық жады деп көп айтып жатамыз. Осы генетикалық жады домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімдерінде бар, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Тастар домбырадан сыр шертеді
Жұмагелді Нәжімеденов "Домбыраның қоңыр үні" кітабында "Майтөбе" жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суретінің табылғанын жазады. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Суретте әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге баяғыдан жеткені баршаға мәлім.
Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен.Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады. Тастың тарихы алты мың жыл деген сөз. Керемет, ә! Осы сурет шындығында біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын бейнеленген болса, онда мынадай: "Жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы – қазіргі қазақтың қара домбырасы" деген сөз жазылар еді.
Домбыраның суреті бар тас жоғалып, қайта табылған. Табылған тасты 1988 жылы Жағда Бабалықұлы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейіне тапсырған. Бірақ,1993 жылы белгісіз себептермен жоғалған еді. 2008 жылдың қазан айында қайта табылды. Оны екінші рет журналист Қанат Әбілқайыр табады. Қоймада шаң басып жатыр екен.
Кейінірек этнограф тағы бір тастың бар екендігін естиді. Соны іздеп, 1994 жылы Маңғыстау облысы Шетпе стансасындағы Қамысбай мазарына барады. Тастың бір жақ бетінде – садақ пен қылыш, екінші жағында – бет қақпағында дыбыс шығатын ойығы бар тоғыз пернелі домбыра бейнеленген. Қызыл түсті тасқа XVII ғасыр деп қашалып жазылған. Осыдан-ақ, домбыраның бағзы заманнан бері болғандығына көзіміз жетеді.
Осы тұста айта кетейік, перғауындардың да асық ойнап, домбыра тартқан. Бұл туралы естіп пе едіңіз? Өлкетанушы Мұрат Ақмырзаевтың айтуынша, Египет пирамидаларындағы, жер асты бөлігіндегі мәтінде екі ішекті, тиекті қазақтың қара домбырасының суреті салынған.
Жалпы домбыраның пайда болу тарихы туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Әр ғалым өз еңбегінде әртүрлі сипаттайды. Тағы бір мысал, музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы алғаш домбыраның шыққан жері Алтай тауы дегенді айтады. Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасындағы үңгірден домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабын тауып алған.
Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бізге аманат. Сол сияқты ұлттық аспабымыздың бірі домбыраны да қастерлеп, халық арасында құнын жоғалтпауымыз керек. Осы мақсатта қазіргі таңда жасалып жатқан мерекелік шаралар да, «домбыра күні» деп белгіленген арнайы күн де мысал бола алады.