Діні, тілі жоқ халықтың - болашағы жоқ.
блог
Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.
Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деп айта аламыз ба? Өкінішке орай, қоғамдағы кейінгі кезеңде көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар керісінше жауап беруге мәжбүрлейді. Кейбір зерттеушілердің пікірінше «қазақтардың діншілдігі «үстірт», «таяз», әсіресе жастар ислам дінінің негізгі қағидаларын білмейді». Шындығында, мешітке барып намазға жығылып немесе үйінде бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтындардың көпшілігі өзінің ислам дінімен байланысын ұлттық дәстүрдің құбылысы ретінде қарайтындығы шындық. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – дінге сенем деушілердің көпшілігінің діни білімнің негізгі ұстанымдары, қағидаларын, тарихын жете білмейтіндігінде.
Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.
Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Басында айтқанымдай дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде осы кеңестерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген дұрыс. Діни сауатын арттыратын орын ретінде мешітке бағыт бағдар беретін едім. Өйткені қазір мешіттің жанында жастардың діни сауатын ашу мақсатында курстар ашылған. Сол жерлерден діни білім алса қоғамға да пайдасын тигізер жастар өсіп- өнер еді.