Дін мен дәстүр діңгегі

Радикалды ағымдар идеологиясының  алдын алу жолдары оларды өз әдістемесіне сәйкес қалыптасуы қажет.Кез келген  жаңа діни ағым қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады.Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді.Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және ұлттық құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін береді.Ал оның радикалды идеологияға арбалуы тұлға болмысының құлдырауынан бастап ,ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады.Сондықтан біз үшін уақыт сынынан өтіп,ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау-елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.Радикалды ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан,алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы-дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор.Жан мен ар тазалығына негізделген,сыртқы көріністі емес,жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу,оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюуға болады.

Елбасымыз атап көрсеткен «дәстүрлі құндылықтарға негізделген діни сана қалыптастыру» мәселесі бір ғана мекеменің қолынан келетін іс емес.Ол-бүкіл халықтың жұмыла көтеретін жүгі әрі бойында ұлтына деген сүйіспеншілігі бар әр азаматтың абыройлы міндеті.Тарихымыздың тағылымына назар салсақ ,бір шындыққа көзіміз жетеді:Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды,дәстүр байиды,ал ұлт діннің рухын сезініп,құндылық ретінде қабылдайды.Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп,ажырамастай болып тамырласып кетті.Біздің рухани құндылықтарымыз - ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы.Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі-өткеніміздің тарихы,болашағымыздың кепілі.Ал дәстүрлі құндылықтар-қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі.

Дін мәселесі-рух мәселесі.Дінге руханият негізі ретінде қарап,оның жасампаз құндылықтарын,рухани әлеуетін басты назарға алған жөн.Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға ,зайырлылық идеяларына пайдалануға болады.Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп,мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде дәл осы – діннің рухани мәнін терең түйсініп,қапысыз сіңіру,бейнелі түрде айтсақ,руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн.

Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы.Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес,ол-өмір сүру мәнері,моральдық нормалар,қарым-қатынас әдебі,жақсы мен жаманды,адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.Бір сөзбен айтқанда дін-рухани мәдениет феномені,ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай,маңызды және ықпалды.

Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді:ибадат,муамалат,ахуалу-шахсия.Ибадат (ғибадат) діндегі бүкіл ғибадат-құлшылықтарды қамтиды,ол толығымен сенім негіздеріне қатысты болады.Ал муамалат (мәміле) қаржылық,сауда-экономикалық,еңбек және басқа да қоғамдық қатынастарды,ахуалу-шахсия (жеке бас жағдайларды) отбасылық және жеке басқа қатысты басқа да азаматтық хал-ахуалдарды қамтиды.Ислам ілімінде бұл аталғандар  ақида,фикһ және ахлақ салаларына жіктеліп қарастырылады.Соның ішінде соңғы екеуі – фикһ және ахлақ толығымен рухани-моральдық құндылықтарға негізделеді.Демек,дін тек сеніммен ғана емес,рухани құндылықтармен де тығыз байланысты.Сондықтан да қазақ «иманды» деп барлық адами ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған рухани деңгейі жоғары тұлғаны айтады.Мұхаммед пайғамбардың: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деген хадисі де рухани-моралдық құндылықтардың діндегі ерекше орнын айғақтайды.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Мәдениеттану мамандығының 4 курс студенті Бимұратова Әйгер



Бөлісу: