2021 жылдың 26 сәуір күні әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Ж.У. Кантарбаева және «Конфликтологиядағы діни бірегейлік» мамандығының 1 курс магистранты С.С.Қойшыбаеваның ұйымдастыруымен педагогикалық практика аясында «Дінтану» мамандығының 2 курс студенттеріне ZOOM платформасында «Дін және әлеуметтік стратификация» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Ашық сабақ барысында әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильділік құбылыстарына кіріспе шолу жасалып, қоғамдағы касталық және таптық жүйелер туралы анализ жүргізілді. Сонымен қатар, діннің әлеуметтік стратификацияға ықпалы туралы талқыланды. Жалпы дін социологиясының әлеуметтік стратификацияны түсіндіруге қосқан үлесі оның діни байланыстың әртүрлі әлеуметтік қабаттарды біріктіру құралы ретінде қызмет ететіндігін анықтауға көмектесетіндігімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, діни стратификация - бұл бір қоғамның (ұлттың, мемлекеттің және т.б.) шеңберіндегі әртүрлі діндерге жататын әлеуметтік топтардың теңсіздігі. Қоғамда әртүрлі діндер бар және олардың біреуі кейбір жағдайларға байланысты басым болған жағдайда, индивидтің осы үстем дінге кіруі оның әлеуметтік мәртебесінің жоғарылауына ықпал етеді. Кез келген қоғамның әлеуметтік құрылымы аса күрделі түзілім болып саналады. Қазіргі ғылыми-техникалык төңкеріс дәуірінде және бірнеше рет күрделеніп, жаңарған қоғамдық өмірде әр түрлі таптар, сословиелер, интеллигенциялар секілді, олардан өзге де топтардың - жастар мен әйелдердің, басқа да демографиялық топтардың рөлі үнемі арта бастады, бұлар да қоғамдағы өздерінің жағдайын жақсартуға, мүдделерін толык қанағаттандырып, жүзеге асыруға тырысуда. Осы тұрғыда, студенттер кез келген ұйымдасқан әлеуметтік топ әлеуметтік тұрғыдан стратификацияланған болып келетінін айтып, өз пікірлерімен бөлісті.
Ашық сабақ студенттерге сұрақтар қою арқылы тақырыптың маңыздылығын ашатын ой-тұжырымдамалармен қорытындыланды.
Қойшыбаева Салтанат Санатқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Конфликтологиядағы діни бірегейлік»
мамандығының 1 курс магистранты
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану және мәдениеттану кафедрасы
филос.ғ.к., аға оқытушы Кантарбаева Ж.У. жетекшілігімен