Дін - дәстүрдің негізі

Дін - дәстүрдің негізі
жеке
блог

www.kaznu.kz

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Философия және саясаттану факультеті Дінтану мамандығының 3 курс студенті Ильясова Ш.Б.

Жетекшісі аға оқытушы Тунгатова У.А. 

 

  Дін дәстүрдің негізі десек қателеспеген боламыз. Cебебі кез келген салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып сияқты дүниелердің астарында сенім жатыр. Ал сенім дегеніңіз – дін. Демек, дін мен дәстүрді бір бірінен ажыратып қарай алмайсыз. Әрине, бүгінде қазақ баласы дін мен дәстүр деген уақытта бұл жерде қандай да бір сенімді емес, ислам дінін меңзеп тұрғанымыз анық. Ислам халықтар мен этностардың, ұлт пен ұлыстың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихтарын, мұрасын, құндылықтарын жоққа шығармайды. Әсіресе, мұсылман халықтарының өмір сұру салты мен дәстүрлері исламға сәйкес өмір сүру ережелерімен үйлесімдігін тауып біте қайнасқан. Өзіміз бала кезімізден естіп өскен тиым сөздер, (тырнақты түнде алма, күл-қоқысты баста, кеш мезгілінде кір суды далаға төкпе, малды теппе, қарғыс айтпа, ысырап қылма, нанды баспа, тамақты үрлеп жеме, тырнақты шайнама және т.б.) қариялардың айтқан өсиеттері мен кеңестері тұнып тұрған дін. Бұлардың басым бөлігі аят пен хадистермен ұштасып жатқанын көреміз. Мысалы, «тамақты үрлеп жемеу» дәстүрін алайық. Расында да пайғамбардың (с.ғ.с.) тамақты үрлеп жемеу туралы хадисы келген. «Тамақты суытып жеңдер, себебі онда үлкен береке бар» деп айтқан. Егер ыстық тамақты үрлеп жеп отырсаңыз, сізбен бірге отырған адам жиіркенуі мүмкін. Адам ауызынан шыққан иіс немесе желмен ұшып шыққан тамақ қалдығы сияқты нәрселер қасыңыздағы адамның тәбетін қашырады. Сол сияқты тамақты үрлеп жемеудің басты себептерінің бірі – үрлеп отырған адам тұмау, түберкілез сияқты т.б. ауа арқылы жұғуы мүмкін аурумен сырқаттанып жүрген болуы ықтимал. Егер ондай адам тамақты үрлеп ішсе онымен дәмдес болып отырғандардың денсаулығына куіп төнді деген сөз. Сондықтан қазақ халқы да жоғарыдағы хадиске сәйкес балаларына «тамақты үрлеп ішпе, ұят болады» деп тәрбие берген. Әрине, мұндай дәстүрлердің барлығының шығу тегін, оның басты себебін немесе мазмұнын терең білебермейміз бірақ, соны бастаған ата–бабаларымыз білген.

Келесі мысал, «малды теппе» немесе «біреуге қарғыс айтпа» тиым сөздерін алайық. Дін ислам жан-жануарға жәбір көрсетпеуге, оларды қорламауға шақырады. Керісінше, оларға мейірімді болуға жігерлендіреді. Тіпті, пайғамбардың (с.ғ.с.) бауыздайтын малдың көзіне пышақты көрсетпеуге және ол пышақтың өткір болуын қадағалауды айтқан. Ал бір әйгілі хадисте жезөкше әйелдің қатты шөл қысқан етке су беруінің арқасында күнәлары кешіріліп, жәннатқа барғандығы туралы хабарланған. Осы сияқты хадистер бізді «малды теппеуге, қорламауға» шақырады. «Біреуге қарғыс айтпа» деген дәстүріміз пайғамбардың (с.ғ.с.) «Қарғыс айтпаңыздар! Егер қарғыс сол адамға тимесе, онда өзінің иесіне қайтып келеді» деген хадисын қайталап тұрғандай. Сол сияқты біздің дәстүріміз дін исламмен үндесіп жатыр.
ҚМДБ өткен жылдарда «Дін мен дәстүр» жылы деп атауы да бекер емес. Дін қызметкерлері, дінтанушылар мен имамдарымыз дін мен дәстүрдің сабақтастығын кеңінен насихаттауға күш салуда. «Жиһадты» ұрандатып, Сирия соғысынан бірақ шыққан қандастрымыздың басым бөлігі осындай қарапайым дін мен дәстүрдің үйлесімдігін білмегендіктен кетіп жатты. Олар көп жағдайда дінді дәстүрден ажыратып қарады. Халықтың тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасын дәстүрін діннен бөлек дүниелер деп ойлады. Бұлай ойлау қате. Сол үшін мұның қайтарымы бізге қымбатқа түсті.
Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады.
Ал дәстүр – ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.
Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары.
Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді. Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық шырмауында болған қазақ халқы осы отаршылықта болған басқа да түркі мұсылман халықтары сияқты асыл дінінен алыстай бастады. Отаршылардың басты мақсаты отарланған елдің байлығы мен халықтық ресурстарын өз қажетіне асыру екендігі бесенеден белгілі жайт. Ал сол мақсатқа жету үшін отарланған халықты төл дінінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, тілінен, мәдениетін жұрдай ету қажет. Әйтпесе, өздерінің кім екендігін жадынан шығармайтын жұрт түптің түбінде тәуелсіздік жолында аянбай күресері хақ. Сол сияқты қазақ халқы да отарланған ел ретінде талай зобалаңды бастан өткерді. Алдымен дінін насихаттауына қатаң түрде тыйым салды. Сосын бірте-бірте тілі де шеттетіле берді. Сөйтіп, өзінің діні мен тілінен бейхабар, өзгенің сойылын соғуға әрдайым дайын тұратын мәңгүрттер тобы пайда бола бастады. Сондай алмағайып заманда діннен «ата-бабамыз мұсылман болған» деген ұғым мен кейбір кәлима-сөздер ғана қалды. Кеңес билігі діни ұғымдар мен терминдердің барлығын адыра қалған архаизмдерге айналдыруға тырысып, олардың ескішілдік белгісі деп түсіндірді. Сөйтіп, Құдайды мойындамайтын атеизм ілімін идеологиялық арқау еткен коммунизм мұраттарына бейімделе бастаған жұртта ендігі жерде діннен тек салт-дәстүр мен адамгершілік принциптері, ұлттық ерекшеліктер ғана қалды.