Динара Адам "Пайдаң тимесе, зияның да тимесін"
блог
– Динара, бұған дейін бірде-бір басылымға немесе телеарнаға сұхбат беріп көрмепсіз. Мұның сыры, себебі неде?
– Сөзіңіздің жаны бар. Телеөндіріс саласындағы көп жылдық тәжірибемде бар болғаны екінші рет сұхбат беріп отырмын. Бұған дейін көпшілікпен жүздесуге дайындығыма күмәнді едім. Тарыдай дүниені іске асырып, тау-тау әңгіме қылу – мен үшін жат қылық. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн деп санаймын. Ал дәл қазіргі уақытта мен және менің компаниямның атқарған қызмет арқасында айтар әңгімем де, бөлісер сырым да, жеткізер ойым да бар. Ел алдында еш ұялмай есеп бере аламын.
– Телевизия саласына келуіңіз неден басталды? Ірі компания ашуға дейінгі еңбек жолыңыз жөнінде айтып берсеңіз...
– Телевизия – бала күнгі арманым. 1997 жылы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірісімен осы салаға келдім. «Қазақстан» арнасындағы «Шапағат» деп аталатын таңғы бағдарламаға іс-тәжірибеден өтуші ретінде қабылдандым. Өз таңдауыма ғашық болғаным сондай, міндеттелген жұмыстың ірілі-ұсақтығына қарамай, жанымды сала атқарған екенмін. Махаббатымды өршіте түскен, құштарлығымды арттыра түскен телевизиядағы алғашқы ұстаздарым Тыныс Шындәулетұлы Өтебаев ағамыз бен Гүлнар Бораш апайымыз болатын. Олардың маған жасаған қамқорлығы үшін айтар алғысым шексіз.
Сапарым тар да, тайғақ та болды. Қай кезде де жолдан аудырмаған кәсібіме деген ынтық сезім деп білемін. «На шпильке», «Секретики», «Super Star» думанының екі маусымы, «Вторжение», «Тойбастар» сияқты жобалардан басталған соқпағым – үлкен болашағымның бастауы. 2006 – 2007 жылдар аралығында «ХитТВ» арнасының тізгінін қолға алдым. Мен жұмысқа кіріскен шақта ол арна жар шетінде тұрды деп айтсам артық болмас. Қазақстан шоу-бизнесі тұтастай қарсы тұрып, арнаны мойындамай, соның кесірінен отандық өнім өз көрерменін таба алмай тұралап қалған еді. Компания президенті Қуат Домбай екеуміз сәтті жүргізген ребрендинг жұмысының арқасында арна екі аяғын тең басты. Көрермені артты. Шоу-бизнес өкілдері назар аударды. «ХитТВ» отандық музыкалық өндірістің орталығына айналды. Әлі күнге дейін сол дәстүр жалғасын тауып, арна өзіміздің дүниені насихаттаушы болып келеді.
Одан кейінгі тірлігім өзімнің компанияммен ұштасты. 2008 жылы отандық телеөндіріс айдынына жеке шықтық. Содан бері үлкен-үлкен жобаларды дайындап, көрерменге ұсынып жатырмыз.
– Динара Адам дегенде көз алдымызға бірден «ADAM Media Group» келеді. Компанияның тарихы қандай және неге «Адам» деп аталады?
– Адам – менің ұлымның тегі. Оның атасы – қазақтың танымал жазушысы Адам Мекебаев. Балам өзінің шыққан тегі мен түбін мақтан етсін деген оймен компанияны осылай атаған болатынмын.
«ADAM Media Group» – бүгінгі таңда сапалы телеөнім жасап отырған бірегей орталық. Біздің қоржынымызда халықтық деп танылған «Екі жұлдыз» думанының 4 маусымы, «Қазақтың 100 әні» думаны, «Инновационный форсаж», «Елім менің» патриоттық интеллектуалдық думаны, «Әнжұмбақ» телеойыны, «Саған сенемін» отбасылық думаны, балаларға арналған бірнеше бағдарламалар, соңғы бес жылдағы жаңа жылдық думандар және т.б. концерттік бағдарламалар түсірілімі бар деп ауыз толтырып айта аламын.
«ADAM Media Group» – ең сапалы мамандар мен техника, көп жылдық тәжірибе. Қазіргі шығармашылық және техникалық құрамды жылдар бойы, бір-бірден, су астынан маржан тергендей жинадым. Мен үшін әрқайсының құны алтыннан артық. Олардың білімі, дарыны мен таланты, жұмысына деген адалдығы теңдесі жоқ байлық. Барлығын дерлік басқа компаниялар екі есе артық қаржымен қызықтырып өздеріне тартпақ та болды. Алайда менің кіршіксіз сенімім мен махаббатымды бір де бірі сатып кеткен жоқ. Сол сенімнің арқасында біз ештеңеге алаңдамай, таза шығармашылықпен айналысып, әр күнімізді жасампаздықпен өткіземіз.
– Биылғы телемаусымда компанияңыз бір емес, бірнеше жобаның тұсауын кесті. Соларға тоқтала кетсеңіз.
– Ең әуелі «Елім менің» интеллектуалдық думаны туралы айтайын. Мен үшін бұл жобаның орны тым ерекше. Осы жоба арқылы біз өз Отанымызға, халқымызға деген махаббатты жеткізуге тырыстық. Біздің қоғамда жалған отансүйгіштікті жамылып сөйлейтіндер көп. Соның арқасында күнін көріп, нанын тауып жейтіндер жетіп артылады. Халық елжандылық дегенді мінберлерден айтылып, жиындарда талқыланатын пафос түрінде ғана қабылдап жүр. Бұл үрдістің соңы – құрдым. Ал «Елім менің» думаны арқылы халық өзінің шын қаһармандарын танып, ерліктерін жыр қылып, жеңістерін мақтан ете алады. Мақсатымыз еш бояма, көпірмесіз нағыз елжандылыққа үндеу еді, көздегенімізге жеттік. Думанды дайындау барысында шығармашылық топтың ақтармаған энциклопедиясы, кеңеспеген ғалымы, қопармаған мұрағаты қалмаған шығар. Тарих, этнография, ғылым, өндіріс, саясат, спорт, өнер және т.б. салалар бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халыққа ұсынды. Осы күні думан халықтың үлкен қолдауына ие болды. Алғыстарын айтып, баталарын беріп қоңырау шалған, хаттар жазған зиялы қауым өкілдері, ризашылықтарын білдіріп жатқан жанкүйерлер бар. Жақында ғана сонау Моңғолия жерінен көрермендер хабарласып, думанға қатысуға өз ниеттерін білдірді. Бұның барлығы бағдарлама жасаушылар үшін үлкен көрсеткіш. Екінші үлкен жобамыз – «Әнжұмбақ». Бұл телеойын да үлкен дайындық жұмысының арқасында жарық көрді. «Қазақтың 100 әні» думанын жасау кезінде шығармашылық топ қазақ әні туралы көп мәлімет жинаған болатын. Бізде өте үлкен ән және құнды мәліметтер қоры дайын тұрды. Барлығын «Әнжұмбаққа» барынша пайдаландық. Соның өзінде біраз қиындықтар кездесіп бақты. Әсіресе ән мәтіні тығырыққа тіреді. Көрермен тек тыңдап қана қоймай, ойыншылармен қосылып орындап, әннің ең дұрыс мәтінімен таныс болсын деген ниетпен караоке пайдаландық. Ал іс жүзінде әннің дұрыс мәтінін орындаушылар да, авторлар да шала білетін болып шықты. Не дегенмен барлық қиындықтарды жеңе білдік және көрерменге тың жоба ұсындық. Қазақтың халық әндерінен бастап, бүгінгі күннің үздік әндерін үлкен сүзгіден өткізіп, теңдессіз еңбек жасалды. Бұл жоба да зиялы қауымнан жоғары бағаға ие болды деп мақтанып айта аламын. Мұхтар Шаханов ағамыз думанның жүргізушісі Жұбаныш Жексенұлымен бір кездесуінде «Сен жүргізіп жүрген хабар қатты ұнады. Сапалы да мәнді. Сен де қатардағы әншілердей емес, ойлы әнші екенсің. Ойынның әсіресе үшінші айналымы сәтті шыққан» деп баға берген екен. Тапсырыс беруші «Қазақстан» Ұлттық арнасы да өз тарапынан көп көмек көрсетті. Осы орайда «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Мәди Манатбек мырзаның еңбегін атап өткім келеді. Екі жобаны да сол кісінің тікелей қатысуымен, кеңестерімен іске асырдық десем артық емес. Ауыз толтыра айтатын үшінші жоба – «Астана» арнасына дайындалған «Саған сенемін. Мой лучший» думаны. Телеарна басшысы Ләззат Мұратқызы Танысбай қашанғы көрегендігімен көрермен тамырын дөп басты. Ләззат Мұратқызының жетекшілігімен жасалған көп дүние шынымен халықтық деп танылды ғой. Сондықтан «Саған сенемін. Мой лучший!» думаны – Қазақстан телеөндірісінде өзіндік орын алған жоба. Қазақ халқы үшін қашан да отбасы орны ерекше болған. Ерлі-зайыптының татулығы тұтас елдің бірлігі саналған. Сондықтан мақсатымыз отбасылық құндылықтарды дәріптеу, үлгілі жұптарды көрсету болатын. Мақсат орындалды, сенім ақталды. Қиын да қызықты тапсырмалар орындау арқылы азаматтар сенім артуға болатын нағыз ер екендерін дәлелдесе, сыңарлары қай сында да ерлерінің қолдаушысы болатындығын көрсетті.
– Қазір телеарналардың барлығы аутсорсингке жүгінеді. Бағдарламаны өздері шығармайды, продюсерлік орталықтардан дайын өнімді сатып алады. Бұл тенденция қашан, қалай қалыптасты? Аутсорсингтің болашағы қандай?
– Аутсорсинг – әлемдік тәжірибе. Барлық мемлекеттердің телевизиясы осылай дамуда. Бұл тәжірибе бәсекелестікті дамытып, сапаны өсірді. Тың мүмкіндіктер ашты. Сондықтан аутсорсингтің болашағы зор деп толық сеніммен айта аламын. Алайда дәл қазіргі уақытта шынымен сапалы дүние жасап жатқан аутсорсингтер саусақпен санарлық. Көп компаниялар бір камерамен жүріп жұмыс жасайды. Бұл өсу емес, өкіндіретін жайт. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» деген хадисінде. Сондықтан қай салада қызмет атқарсақ та елге пайда әкелуді ойлауымыз керек. Бір камера, бір редактормен жүріп қалтаға салған көп қаржы халқыма жасалған қиянат деп ойласа абзал.
– Жекеменшік компаниялар шетелдік дайын өнімнің лицензиясын сатып алып, қазақшалап бізге ұсынады. Содан болар қазақ телеарналары «көшірме орталығына» айналды. Дайын өнімнің өңін айналдырып, қазаққа ұсыну – ұлттық құндылығымыздың жоғалуына сеп болмай ма? Шетелдік өнім көрген көрермен санасы қазақтікін емес, жаттан қабылдайды ғой. «Дайын асқа тік қасық болғанша» неге өзімізге ғана тән төл өнім шығармасқа?
– Біріншіден, франшиза қолдану да – әлемдік тәжірибе. Ең жақын көршіміздің өзін алайық. Ресей телевизиясының мүмкіндігі бізден екі есе артық. Алайда олардың өз өнімі деп саналатын үш қана жоба бар: КВН, «Что? Где? Когда?» және «Дом – 2». Ал біздің телевизия даму сатысында. Сондықтан «көшірме орталығы» деп дабыл қағуға болмас. Осы жолдан адаспасақ «Қазақстанда жасалған» айдарымен талай жоба жасаймыз. Тек уақыт керек. Екіншіден, кез келген франшиза – пішін, технология ғана. Үтір, нүктесімен көшіріп алмауға тырысу керек. Телеөнімнің борышы – халыққа қызмет етпек. Әрбір микроатомы туған елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдауы қажет. Біздің компания жасаған кез келген өнімді мысалға алыңыз. Барлығы ел тарихын танытуға, Отан үшін жұмыс жасап жатқан адамдардың еңбегін жария етуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған. Өйткені біздің компанияның басты ұраны Әйтеке бидің сөзі: «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, Батыр болып найзаң тимесе, Жұрттан алабөтен үйің күйсін!». Үшіншіден, бізде барлығы телеөнім жасауды үйретуге құмар. Басылым беттерінде кірпіш құю, машина құрастыру жайында мақалалар неге жарияланбайды? Ол тірлік қиын кәсіп деп саналады. Ал телеөнім жасау жеңіл деп кім айтты? Бұл да кірпіш құю сияқты өз заңдылықтары мен тәсілдері бар өндіріс. Бұл да әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Бұл да машина құрастыру сияқты маңызды жұмыс.
– Осыдан шамамен бір-екі жыл бұрын қазақстандық телеарналардан қазақтілді бағдарлама іздеп дал болатынбыз. Құдайға шүкір, бүгінде көш түзелді. Қазақтілді бағдарламалар саны артты. Әйтсе де көрермен әлі де ресейлік өнімді көруге құштар. Сіздіңше, қазақ телеарналарын өзге өнімнен, өзге тілден арылту үшін не істеу керек?
– Бұл сауал мені де қатты алаңдатады. Жұбаныш – біз қадам санап өсіп келеміз. Сеніңіз, жақын болашақта қазақстандық көрермен тек өз өнімін тамашалайтын болады. Ал біз өз көрерменіміз үшін еңбек етуді бір сәтке де тоқтатпау керекпіз. Сонда ғана қазақстандық телевизия әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алады. Ол үшін жоғарыда айтылған франшиза мәселесін сауатты қолдануымыз керек. Жанры, аудиториясы қандай болса да, ең бастысы телевизия заңдарына толықтай жауап беріп, ұлттық мүддені қорғай алатын, қай қырынан қарастырсаң да төрт аяғын тең басқан дүниелер тудыру қазақстандық өнімнің беделін көтереді.
– Бірнеше жобалардың жетекшісісіз ғой. Сіз үшін продюсер ретінде, бағдарламаның жетістігі неде?
– Жобаның діттеген мақсатқа жеткен, жетпегенін тек қана рейтинг көрсетпейді. Бағдарламаның нағыз халықтық болғанын халық қана байқата алады. Осы уақытқа дейін жасаған барлық жобаларым көрермен жадында жақсы сақтаулы екеніне күмәнім жоқ. Елге не қажет екенін елден сұрау керек. Мен қарапайым халықты тыңдаймын. Жақында Түркістанға жолым түсті. Қала арасында алып жүрген жүргізуші «Елім менің» думаны туралы аузының суы құрып айтып, «келесі сандарында қолдануыңызға болады» деп қызықты әңгімелер айтып берді. Жоғарыда айттым, Моңғолиядан хабарласып, қызығушылық танытуда. Бізге жетіп жатқан көрермен хаты қанша десеңізші. Мұндай мысалдарды тізе берсең, жетіп артылады.
– Талай жыл отандық телеарналарда қызмет еттіңіз. Қазір бір компанияға жетекшісіз. Маман ретінде бүгінгі қазақ телевизиясына не жетіспейтінін айтыңызшы. Дәл қазіргі тұста қазақ көрерменіне қандай бағдарлама қажет?
– Біздің телевизияда жанр тапшылығы қатты байқалады. Әлем тәжірибесінен 2-3 пайыз ғана пайдаланып отырмыз. Арналарда ойын-сауықтық жанр көптеп кездеседі. Ал сапалы документалды фильм, интеллектуалдық ойын, әлеуметтік ток-шоу, спорттық хабарлар дамымаған. Соқа тимеген тың жердей болып жатыр.
Дәл осы мәселе отандық шоу бизнестің де кемшілігі деп айтар едім. Бізде жанр тапшы. Кілең қайта өңдеу мен сырттан көшіріп алушылар. Әлемде мыңдаған жанр бар. Ал қазақ тыңдарманы қырық жылда қадірі азайған дүниелер мен шетелдің шүлдірін тыңдауға мәжбүр. Өнерпаздарымызда мүмкіндік бар, парызын түсінуге түйсік жетпейді. Кезінде «Дос-Мұқасан» жасаған үлкен ерлікті қазақстандық әншілер әскері жасай алмай отыр. Өйткені ізденбейді, талпынбайды. Өткеннің не істеп кеткенін білмесең, айналамыз не істеп жатқанын көрмесең, жаңа дүние тудыра алар ма екенсің?
– «ADAM Media Group» компаниясы негізінен ойын-сауықтық форматтағы бағдарламалар шығарады. Болашақта байыпты, салмақты хабарлар шығару ойда жоқ па?
– Мен «Елім менің» думанын тек ойын-сауықтық демес едім. Ол – бар болмысымен салмақты жоба. Берері мол, көрсетері көп дүние. Ал біз сияқты аутсорсинг компаниялар түгел дерлік телеарна берген тапсырысты орындайды. Телеарна қаржы бөліп: «мынадай салмақты дүние жасаңдар» деп тапсырма берсе болғаны. Біз кез келген жанрды алып шыға алатын деңгейдеміз.
– Алғашқы жобаларыңыздың бірі – «Екі жұлдыз» көрермен тарапынан біраз сынға ұшырағаны есте. Жалпы, өзіңіз сынға қалай қарайсыз? Айтылған сыннан қорытынды шығарасыз ба?
– Иә, кезінде «Екі жұлдыз» думаны көп сынға ұшырады. Қалай дегенмен жоба төрт маусым өмір сүрді. Өз көрерменін жоғалтқан жоқ. Қазақстандық телевизияның даму жолындағы тың бетбұрыс болды. Дәл қазіргі кезде көп телеарналар ұсынып жатқан форматтар «Екі жұлдызды» қайталайтыны жасырын емес.
Сынның айтылғаны жақсы. Демек, жобаға деген қызығушылық бар. Айтылған сынға үйреніп кеттік. Өсіретін сынды қабылдадық, қолдандық, нәтиже көрсеттік. Қашанда жаңа дүние жасап жатқан адам сынға ұшырайды. Сондықтан мойымаймыз да, қайтпаймыз да. Тек сын конструктивті болса деген бір ғана тілегім бар.
– Кезінде сіздің жобаңыз ретінде шығып, халықаралық дейгейде танылған әнші Қайрат Түнтеков соңғы кездері сахнадан көрінбейді. «Қайрат екеуіңіздің араларыңызда келісім-шарт бұзылды. Енді ол сахнаны мүлдем қойып кетті» деген сыбыстар да естіледі...
– Қайратпен продюсерлік жұмысымды тоқтаттым. Бір жыл бұрын Қайраттың өз еркі бойынша арамыздағы келісім-шарт күшін жойған болатын. Шын жүректен жақсы көріп, талантын сыйлайтын болғандықтан еркіндікке жібердім. Таңдауы сол болса, мен кедергі болғым келмеді. Мен үшін өмірімнің жазылмай қалған бір парағына айналды. Болашақта бір жерді жарып шығатынына күмәнім жоқ. Қайталанбас өнерпаз. Ол менің оған деген достық ниетімді біледі. Кез келген уақытта қол ұшын сұрай алады.
Қайраттан кейін басқа да жобаларды қолға алып көрдім. Алайда бірінің дайындығы, бірінің шеберлігі жетіңкіремеді. Біреулері өз таланттарына мені сендіре алмады, енді біреулеріне менің сенімім жетпеді. Сондықтан жұмыс істеуден бас тартуға тура келді.
Осы жылдың шілде айында тағы бір талантты өнерпазға кездейсоқ тап болдым. Караокеде ән салып тұрған жас жігіттің ерекше тембрі, дауыс бояуы, ән салу мәнері ұнады. Сөйлесе келе, оның музыкалық білімі бар, танымы терең екеніне көзім жетті. Қолға алып, көмектесіп көремін деген шешім қабылданды. Жарты жыл болды, жұмыс істеп жатырмыз. Жақында үлкен сахнаға шығарып, жұмысымыздың нәтижесін көрмек ой бар.
– Оқырманға қызықты болар, туылған жер, отбасыңыз, хоббиіңіз жайында айта кетсеңіз...
– Динара Абайқызы Адам. Солтүстік Қазақстан облысы Афанасьевка ауылында дүниеге келгенмін. Ұлым бар. 9 жаста. Менің хоббиім – бала күнімнен сүйіп, таңдаған мамандығым.