"Динамо" кубогы үшін өткен тартысты турнир
блог
Негізі бұрынғы қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша, қалалық спорт басқармасы әрдайым БАҚ өкілдерінің қосылуымен Спорт күніне орай үлкен жарыстар ұйымдастырып тұрушы еді. Биыл ондай жарыстарда өткізу туралы сыбыр да жоқ. Мүмкін шаhар басшысы Досаев мырза, спорт адам денсаулығын жақсартатын бірден-бір шипа көзі екенін білмейтін шығар. Дегеніменде ескі дәстүрді ұмытпай жылдар бойы халық үшін игі шараларын жасап келген орындар бар екенін айтқалы отырмыз.
Ғасырға жуық халық саулығы үшін тынбай табанды жұмыс жасап келген "Динамо" ДШСҚ алғыстан басқа айтар жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары экономикамыз дағдарысқа ұшырап, көптеген кәсіпорындар мен зауыттар жабылып, колхоз совхоздар тарап тарих беттерін кете бастаған ауыр бір кезең болғаны баршамызға белгілі. Сол жылдары «Қайрат», «Спартак», «Буревестник» секілді белді спорт қоғамдары өтпелі кезеңнің қийындығына шыдамай тарап кеткенде, өз шаңырағын берік ұстап қалған «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы еді. "Динамо" сапында кезінде әлем, еуропа тіпті олимпиада жарыстырында топжарған спорт жұлдыздарының саны жетіп артылады. "Динамо" қоғамының қатарында сап түзеп ел үшін тер төккен спортшылармыздың Лондон олимпиадасыдағы тарихи табысы есімізде. Бұл кешегі күннің тарихы. Ал, бүгінгі күнде сол "Динамо" ДШСҚ игілікті шараларды ұйымдастырып спорт сүйер қауымның көңілінен шығып келе жатқан ұйым деп білеміз. Кеше Алматыдағы "Динамо" стадионында БАҚ өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында шағын футболдан өткен дүбірлі жарыс сөзіміздің дәлелі. Жарыстың басталар алдында ақпарат құралдарымен басқосу жиыны болып өтті.
Бұл отырысқа «Динамо» республикалық денешынықтыру спорт қоғамы төрағасының 1-орынбасары, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкері Асқар Омарқұлов келіп қатысып, " Динамо" ДШСҚ қоғамының жылдар бойы жүріп өткен тарихы мен бүгінгі күнгі атқарып келе жатқан жұмыстарынан толықтай мағлұмат беріп өтті. Содан кейін, журналистер көкейкесті сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алды.
Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін, жасыл алаңда шағын футболдан өтетін жарыстың салтанатты түрде ашылуы болып өтті. Алаң шетінде еліміздің әнұранын "Динамо" орталық мұзыкалық оркестірдің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде орындауы жарысқа әсер бергендей болды. Бұл да бір шараға айтулы қоғамның тиянақты дайындалғанының бір белгісі ретінде көрінді.
Жарыстың ашылу салтанатына шақырылған құрметті қонақтардың арасында қазақ футболының аты әйгілі ардагер ойыншылары Сейілдә Байшақов, Михаил Гурман секілді белгілі тұлғалар қатысып, "Динамо" басшылығына осындай спорт күніне орай өткізген жарысқа зор алғыстарын айтып, қатысушы командаларға жеңіс тіледі. Сосын осы жарыстың бас төрешісі, белгілі қаламгер Әлім Анапияновтың айтуымен екі алаңда кескілескен ойындар басталып кетті.
Финалда Алматы қаласы Құқық қорғау органдарының құрама командасы мен "Sport.преss" журналистер командасы кездескен еді. Полиция қызметкелерінен құралған қала құрамасы журналистерден сәл басым түсіп бас жүлдені жеңіп алды. Дегеніменде журналистер қалам ғана ұстап емес, допты да тамаша ойнай білетінінін шиеленіскен тартымды тамаша ойындарымен көрсетіп, көрерермендердің ерекше қошаметіне ие болды. Осылайша жарыс соңында жеңімпаз командалар мен қатар, үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік қақпашы деген номинациялар бойынша ойыншылар ұйымдастырушылардың әзірлеген бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Журналистердің командасынан үздік шабуылшы атағы маған бұйырыпты. Оған аллаға тәубе дедім. Бұл жарыстың бас кубогі ауыспалы болмақ. Қай команда үш рет турнирдің жеңімпазы болса, кубок сол командада түпкілікті қалады екен. Ол туралы жарыстың бас ұйымдастырушысы "Динамо" ДШСҚ бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов жарыстың жабылар сәтінде жария етті.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл турнир алдағы жылы дәстүрге айналып, командалар саны кбейе түспек. Аламан өткен жарыс соңында қатысушылар естелікке суретке түсіп, турнирден алған тамаша әсерлерімен бөлісіп тарқап бара жатты.
Ақын Ордабайұлы