Дігідік-дігідік шабамын (видео)

Дігідік-дігідік шабамын,

Мен ауылдық баламын.

Ауылда өсіп, өнген соң,

Ауыл жайлы ән саламын.

 

Балалыққа дәл қазір,

Ойша барып қайтайын.

Сондағы бір қара қыз,

Мақпал жайлы айтайын.

...

Қол ауызға жеткенде,

Аяқ сыртқа ұмтылды.

«Үйім бар-ау» деген сөз,

Ойын кезде ұмытылды.

 

Шыбықты ат қып, шаңдатып,

Шаңын жұтып, тыныстап.

Күн батқан соң келуші ек,

Үсті-басты «дұрыстап».

 

Қуыршақты дос қылып,

Ойнағаным жоқ есте.

Асық ойнап, доп қуып,

Келуші едім тым кеште.

 

Бірге әкеммен қорада,

Малды жайғау – жұмысым.

Содан ұлға ұқсаған,

Жәй ғана бір тұрысым.

 

Шалбар киіп жүретін,

Маған әпкем бір күні.

Сыйға тартты көйлегін.

Келтірді де «күлкімді».

 

«Әй, мейлі» деп, әлгі бір,

Киіп алдым көйлекті.

Шықсам тысқа, ойынға,

Жел көйлекті «сөйлетті».


Көтеріліп кетеді,

Басып қоям жайменен.

Қарамастан оған да,

Ойын қудым сайменен.

 

«Оралғанда» үй жаққа,

Әдетімше, қоршаудан.

Жинап екпін жүгіріп,

Бас тартпадым ыршудан.

 

Кенеттен бір «дырт» еткен,

Дыбыс шықты артымнан.

Жерде жатқан шыбықты,

Басып кетті-ау «нар тұлғам».

 

Жалт қарасам артыма,

Дәнеңе де жоқ онда.

Көйлек «үні» екенін,

Ұқтым барып мен сонда.

 

Алғаш киген көйлегім,

Бір сағатқа жетпеді.

«Қыз бол» деген әпкемнің,

Ақылы да өтпеді.

 

Сәл есейген шағымда,

Үй тірлікке тартты әпкем.

«Ыдысты жу» дегенде,

Қашып тысқа мен кетем.

 

Әпкем іздеп шығады,

Тауып: «қайт» - деп айтады.

Ойын қызу. Келем бе?

Әпкем жалғыз қайтады.

 

Әпкем кетті оқуға,

Асүй қалды «мұраға».

Қолым, көзім ыдыста,

Ал бар ойым "қорада".


Тамақ жасау, шаң сүрту,

Ыдыс жуу, үй жинау...

Неге осы бітпейді,

«Нәзік қызды» «мың» қинау (?).

 

Күнде сыпыр, тазала,

Шашылып бәрібір кетеді.

Ал даланы сыпырсаң,

Бір айға сол жетеді.

 

Ыдыс жусам, о, тоба,

Қалам ылғи ұрысқа,

Қанат бітіп кететін,

Мен жуатын ыдысқа.

 

«Бар ыдысты кетік қып,

Бітіретін болдың ғой.

Қыз сияқты жусаңшы,

«Пәленбай жасқа» толдың ғой».

 

Көргенде ыдыс «ұшқанын»,

Анам налып жататын.

Сондайда әлгі Мақпал қыз,

Жаман көзбен «ататын».

...

Тұсамысын жүген қып,

Мініп алып жайдақ ат.

Қайтушы едік жарыса,

Сиырларды сайдан ап.

 

Мініп алып қара атқа,

Жарысушы ем ініммен.

Талай рет қамшы сап,

Озамын деп, сүрінгем.

 

«Жылқы - ердің қанаты»,

дейді... кейде, алайда.

Қыздардың да қанаты,

Болсыншы, «көке», жарай ма?


«Ертең мен дәу болғанда...»

деп ұйықтаушы ек түндерде...

Айта берсең, қызық көп,

Өткен бала күндерде.

 

Шәйді дұрыс құя алмас,

Күндерді ойлап, күлемін...

Ал бүгінде нешеме,

Дәмді ас жасай білемін.

 

Ұрысқаны «үйрен» деп,

Ақылы еді анамның.

Тілін алмас ананың,

Мен де бірі ем «наданның».

 

Ал бүгінде, маматай,

Қызың, міне, өсті де.

Өмірінен алып жүр,

Үшті, төртті, бесті де...

...

Әке, қызың ауылға,

Келіп-кетіп жүреді.

Себебі, ол ауылсыз,

Қалай өмір сүреді...

 

Жаздай қарсы ап, жүрші, әке (?),

Жылда...

...күздей бұл қызды.

Қазір көріп тұрса да,

Сағынады ол Сізді.

...

 

Ойлай-ойлай ой түбі,

Тартып кетер түбіне.

Адам болдық осылай,

Тік жүріп те, сүріне.

 

Сөйтіп жүріп, есейдік,

Қарай-қарай өткенге.

Қанша мойын бұрса да,

Өткенге адам жеткен бе?...

 

Жазда ауылға келгенде,

Еске алар көп естелік.

Өткен-кеткен күндерді,

Ойша тігем кесте ғып.

 

Ауылымның дәл қазір,

Бәрі ыстық... тасы да.

Шыбыны да тым ыстық,

Қорықпай қонар қасыма.

 

Ауылымның ғашықпын:

аспанына, тауына,

адамына, бауырға,

дауылына, жауынға.

 

Көргенімдей көрініс,

Бермейді, әсте, білемін.

Ауылымды сонда да,

Сүгіретке тартып жүремін.

 

(Сүгіреттерді жинақтап,

Мен бір альбом жасайын.

Қайда мейлі жүрсем де,

Қарап, мауқым басайын.)

 

Сағыныш бар кеудеде,

Қимастық бар, наз да бар.

Жүрек түптен сыңсыған,

Бір күрсініс, саз да бар.

 

Тауын, тасын, үйлерін,

Бәрін-бәрін құшаққа ап.

Алсам, шіркін, бір рет,

Ауылымды  құшақтап.

 

Болашаққа оп-оңай,

Мені қалай қиғансың?

Еһ, балалық-шалалық,

Болдың менің қимасым.

 

Бәрі-бәрі өзгерер,

Уақыт салар белгісін.

Бірақ ешбір өзгермес,

Ауылым, ол сенбісің?

 

Қашан, қалай келсем де,

Мен баяғы... Мақпалмын.

Сенде өткен әр күнді,

Жүрек түпте сақтармын.

 

Өскім келмес ойша, әсте,

Ауыл, мен сол баламын.

Мен сен үшін қашанда,

Бала болып қаламын.

 

Қала жақта жүрсем де,

Ұқсап бейне «тау ұлға».

Бір емес екі бүйрек те,

Тартып тұрар ауылға...

 

Н.ғ.: ...мендік сарқыт қойныңда,

         Қалып қойған секілді.

         Ауыл, сені аңсайды-ау,

         Қара қызың кекілді...

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/dqwqpk8Dyqo","width":"425","height":"350"});



Бөлісу: