Дерттің құны – екі мың теңге
блог
БҮГІНДЕ ӘРБІР ІС-ӘРЕКЕТІҢІЗ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН. ТІПТІ, ТЕМЕКІНІҢ ДЕ ЭЛЕКТРОНДЫ
НҰСҚАСЫ ШЫҚТЫ. ТҮТІНІ ТЫСҚА ШЫҚПАСА ДА БУЫ БУДАҚТАП, ӨЗIНДIК ИIСI ЕЛІТІП ТҰРАДЫ. СОДАН БОЛСА КЕРЕК, ЖАСТАР ОСЫ ТЕМЕКІНІ ШЕГУДІ ҰЯТҚА ДА, ЗИЯНДЫ НӘРСЕГЕ ДЕ БАЛАМАЙДЫ. БІРАҚ СОНЫҢ ӨКПЕГЕ ҚАТТЫ ӘСЕРI БАР ЕКЕН. ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІНІҢ СЫРТЫ ПЛАСТИК, IШIНДЕ НИКОТИН СҰЙЫҚТЫҒЫ МЕН ҚЫЗДЫРУШЫ БАТАРЕЙКАСЫ БАР. МАМАНДАРДЫҢ АЙТУЫНША, НИКОТИН ҚОСЫЛМАҒАН ТҮРIНIҢ ӨЗI ДЕ АДАМ АҒЗАСЫНА АСА ҚАУІПТІ.
Әртүрлі дәмі мен тәтті иісі бар темекінің зияны жоқ деп ойлайтындар да аз емес. Алайда, дәрiгерлер
мұның зиянды аппарат екенін ескертiп, дабыл қағып отыр. Себебi, никотиннен бөлек пластик зат кызғанда, обыр тудыратын аса қауіпті химиялық қосынды бөлініп, өкпені қабындырады екен. Құрамында 30-дан астам улы зат болса да, тәуелділік туғызып,шекпесе ашушаң күйге енгізеді. Біреуін кемі 800 рет будақтатуға болатын электронды шылымның ең
арзаны – 2000 теңге.
Ал, мектеп оқушысы осынша ақшаны қайданалады?..
Әрине, оған ата-анасы кінәлі. Себебі, асханағабаруға алған ақшаны осыған жұмсайтынынан олар бейхабар. Өкiнiштiсi, бұл кез-келген оқушыға қолжетімді, кез-келген дүкен сөресiнде де ашық
сатылып жатыр. Тіпті, іздеп сарсаңға салынбайсыз. Бiрақ сауданың негiзi қайнап тұрған жер – әлеуметтік желi. Жасы мен атын сұрамайтын алыпсатарлардың тұрақты тұтынушысы – негiзiнен мектеп оқушылары. Ал, ұстаздар артынан аңдып жүрiп ұстағанмен, тыйылар түрi жоқ. Осыған көз жеткізу мақсатында біз де әлеуметтік желіде зерттеу жұмысын жасап көрдік. Instagram желiсiндегi электронды темекi сататын парақшалардың көптiгiнен басыңыз айналады. Жасырын парақшамен сенiмдi деген бiреуiне «Сәлеметсіз бе?» деп жаза бергенімізсол еді, «Здравствуйте, Lux 1500 затягов 3800. Доставка через такси» деп жасымды да сұрамастан жеткiзу жолын ұсынды. Осыған қарап-ақ, мектеп оқушыларының алаңсыз алып жүргенiне күмәнсіз сендік. Әлеуметтік желі арқылы іздегенін әркез сұрамай тауып, тұрақты тұтынушыға айналған, атын атамауымды өтiнген он бес жасар жеткіншектің аталмыш өнiмдi тұтынғанына да бiраз болған.
– Электронды темекіні әдеттегі темекіні қою үшiн шегіп бастадым. Бiрақ, кәдiмгi темекіні шеккен
жақсы ма деп қалдым, себебi iшке қатты тиіп ауыртады. Алайда, хош иiсi мен дәмi өзiне тартып тұрады. Оған қоса түтіні де шықпаған соң, анам да байқай қоймайды. Басында жақсы оймен бастап едім, қазір тәуелді болып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Шынымды айтсам, өз басым аса бір зиян көрмеймін, жағымды дәмі бар жәй ғана құрылғы сияқты, - дейді ол.
Әлеуметтік желіден еш кедергiсiз сатып алып жүрген бозбала бірнеше сатушының парақшасын ұсынды. Иә, осы сияқты каншама өрімдей жас тәтті темекiнiң құрсауында жүр десеңізші. Бұған болашақ ана болар бойжеткендердің құштарлануы да бас шайқатпай қоймайды. Электронды темекінің ағзаға әсері жөнінде дәрігерлермен де сөйлесіп көрдік, пікірлері жақсы емес.
– Құрылғының құрамында резина өндiруге арналған токсинді формальдегид атты химиялықзат бар. Бұл адам ағзасына түскеннен кейiн, бауырға жиналады. Ал, стиктердегi хош иiстер шылым шеккеннiң ғана емес, оның қасындағы адамдардың да ағзасында аллергия туғызуы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигiзедi, жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті, қатерлі ісіктің туындауына себепші болады. Сондай-ақ электронды сигаретті тартқанда адам түтін емес, қыздырылған кезде бөлінетін темекі құрамындағы химиялық сұйықтықтың буын шығарады, яғни электронды темекі кәдімгі темекіге қарағанда қыздырылатын болғандықтан ағзаға екі есе зиян. Құрамындағы полипропилен қоспасының өзі күнделікті өмірде кейбір азық-түлікті сақтау мерзімін ұзарту үшін консервант ретінде пайдаланылады. Бұл қоспаны зерттегенде аллергиялық реакция туғызатыны анықталған. Полипропиленнің тағы бір зияны – тыныс алу жолдарының шырышты қабықтарын тітіркендіреді. Қыздырылған күйдегі бу адам ағзасына түскенде химиялық қоспаның зияны ұлғая түседі, - дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Алуа Сыралиева.
Орталық басшысының айтуынша, егер электронды сигарет тартып тұрған адамның қасында химиялық қоспаларды қабылдауы жоғары бала отырса, онын аллергиялық реакциясы тез дамиды екен. Тіпті, бұл өнімді өндiрушiлер де сыртқы қаптамасына «жүкті әйелдер мен жасөспiрiмдерге тұтынуға болмайды» деп ескертпе жазыпты. Сондықтан, құрылғының адам саулығына орасан зор зияны барын ұғындыру үшін ақпараттық жұмыс кеңiнен жүргiзiлгенi абзал. Түтiнi тәтті кеселге 27 ел шектеу қойған. Өкініштісі сол, ол тізімнің ішінде Қазақстан жоқ. Дегенмен, мамандар зерттеуі оң нәтижесін беріп, Қазақстанда вейптерді сатуға және пайдалануға тыйым салу үшін заңнамаға түзетулер енгізу туралы шешім қабылданыпты. Енді темекі қоспасы, сұйықтығы мен газын Қазақстанда сатуға және пайдалануға толық тыйым салынады. Бұл жөнінде республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың пікірі электронды ақпарат құралдарында жарияланды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА