Депрессия деп дегбірің қашпасын

Депрессия деп дегбірің қашпасын
жеке
блог

Қазіргі қоғам – берілген ақпаратты тез сіңіріп алатын қоғам. Деректің бәрін бойына дарытып алып, қайсын пайдаға жаратарын білмей дал болатындар да аз емес. Соның салдарынан адамның ішкі күйінде үлкен өзгеріс басталады.

Әлем психиатрларының мәлімдеуінше біз қазір психикалық күрделі кезеңге қадам бастық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психикалық аурулардың физикалық ауруларға қарағанда әлдеқайда кең таралып жатқанын айтады. Тіпті, дүниежүзінің әрбір бесінші тұрғыны психикалық ауытқу салдарынан зардап шегеді. Осы тұста қазіргі қоғамның жаттанды сөздерінің біріне айналған «депрессия» термині еріксіз ойға оралады. 

Депрессия – латын тілінен аударғанда көңілсіздік, жабырқау ұғымдарын білдіретін адамның ішкі күйі. Бұл күйзеліс әдетте ұзаққа созылмайды, егер созылса адамды үлкен психикалық ауруға шалдықтырады. 

«Депрессия» термині 19 ғасырда пайда болғанымен, қолданысқа 20 ғасырдың 20-30 жылдарында ғана кеңінен ене бастады. Бұл ұғым пайда болмас бұрын шамамен 2000 жыл бойы депрессияның орнына «меланхолия» термині қолданылған. Ал «меланхолия» термині алғаш рет Гиппократтың еңбектерінде кездеседі. Бұдан шығатын түйін – психикалық кері кету күйі адамзат жаратылған кезеңде пайда болып, адаммен бірге дамып келеді.  

Өкінішке қарай,

«Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз...

​...Асқақтаған хан болса,

Хан ордасын таптай білген елміз, - деп Қазыбек би сипаттаған өр 

рухты қайсар қазақ халқы қазір «депрессия» атты сұм тағдырдың шырмауында тұр. Статистика сүйенсек, Қазақстан депрессияның таралуы бойынша 180 елдің арасында 93-орында. Елімізде тұрғындардың 4,4%-ы депрессиядан зардап шегеді. Бұл дегеніміз – Қазақстанда күйзеліске бейім азаматтардың саны 732,7 мың адамды құрайды деген сөз.

​Адамдар қоршаған ортада болып жатқан оқиғаларға сай белгілі бір кезеңде күйзеліске түсіп, кейін бұрынғы өмір ағынына қайта оралса, жақсы. Алайда кей жағдайда депрессияның соңғы нүктесі суицид болып жатады. 2023 жылғы есепке сүйенсек, Қазақстанда суицид 3,4%-ға өскен. Соның ішінде жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 30%-ға көтерілген. Соңғы 10 айда депрессия салдарынан кәмелет жасқа толмаған 169 жасөспірім өз өміріне балта шапқан. Депрессия адамзатқа қаншалықты зиян? Оған үлкен мәселе ретінде қараған дұрыс па? Бұл туралы психолог, логотерапевт Амангелді Мейрамбекұлы толық айтып берді. 

- Адамды депрессияға нендей жағдайлар түсіреді?

- Адамның өзін 3 түрлі бағытта қарастырамыз: рухани болмысы, жаны және тәні. Депрессия тән мен рухани болмыста болып жатқан мәселелерден туындайды. Біз міндетті түрде адамның қай бағытта депрессияда жүргенін білу үшін медициналық тексерістен өткіземіз. Себебі, депрессия витаминдердің жетіспеушілігінен де туындайды. Мысалы, Д3 витамині жетіспесе адамның өмірінде бәрі керемет болса да, үнемі көңілсіз жүреді. Бұны біз эндогендік депрессия деп атаймыз. Енді адам медициналық тексерістен өтіп келді делік. Тексеріс нәтижесі мінсіз, витаминдер жетіспеушілігі жоқ. Бірақ, адам өзімен-өзі депрессияда жүр. Мұны біз ноогендік (рухани) депрессия деп атаймыз. Рухани депрессияға адам өз құндылықтарынан айырылып қалғанда түседі. Мәселен, отбасылық мәселелерде, емтихандарын тапсыра алмай қалғанда, жетістікке жетемін деп жете алмай қалғанда, жақынан айырылып қалған кезде рухани депрессияға шалдығамыз. 

- Елімізде кімдер депрессияға жиі түседі? 

- Депрессия жас талдамайды, бәрінде бола береді. Ал жыныс тұрғысынан айтар болсақ, депрессияға, әрине, әйелдер жиі түседі. Мысалы, жастар сенімділігім аз, адамдармен дұрыс коммуникация орната алмаймын деп келуі мүмкін. Ал, ересектер әйелдерәлеуметтік желілерден өзін жан-жақты дамытып жүрген адамдарды көріп алып, «менің өмірім қалып бара жатыр» деп келеді. Ерлерді көбіне материалдық жетіспеушілік депрессияға түсіреді. 

- Қандай депрессиялар суицидке апаруы мүмкін?

- Эндогендік депрессия суицидке апарады. Ағзаға витамин жетіспесе, адамда нигилистік көзқарас қалыптасады. Нигилистік көзқарас дегеніміз – ештеңеден мән көрмеу. Солай ештеңеде мән жоқ деген оймен суицидке баруы мүмкін. Ал биологиялық сау адамның суицидке баруы екіталай. Себебі, адамның жаратылысы – кез келген қиындыққа төтеп беруші. Биологиялық сау болғанына қарамастан өзін суицидке итермелейтіндер де болады. Олар – проблеманың шешілу жолын білмейтіндер, рухани тұрғыда толық қалыптаспағандар, өмірлік тәжірибесі аз жандар. Суицидтің басты себебі – өмірден мән таппау. Фридрих Ницщенің "Өмір сүруге негізі бар кез келген адам барлық жағдайғатөтеп бере алады" деген сөзі осыны растай алады.

- Көбіне кімдер суицидке барады?

- Өз-өзіне қол жұмсайтындардың көбі – жастар. Оларды ортасы жан-жақтан қысып тастайды: отбасы, ата-анасы, достары, мектептегі ұстаздары, қоғам. Солай бала басына түскен сынаққа төтеп бере алмай, суицидке барады.

- Депрессияға үлкен проблема ретінде қарау қаншалықты дұрыс?

- Эндогендік депрессия тұрғысынан қарасақ, депрессияны үлкен проблема ретінде қарау –дұрыс. Ондай жағдайда денсаулықты қадағалау керек. Қазір «мен депрессиядамын» деген сөзді адамдар жиі айтады. Бірақ, біреу мақтан үшін айтса, біреу мүлдем басқа мағынада қолдануы мүмкін. Негізі депрессиядағы адамдар «мен депрессиядамын» деп айтпайды, керісінше, бәрін ішінде сақтайды. 

- Депрессиядан қалай құтылуға болады?

- Депрессиядан құтылудың бірден-бір жолы – өмірден мән табу. Грек философиясында «ұстаздың баланың алдындағы міндеті – бүкіл ақпаратты баланың миына құйып беру емес, баланың ішінде ашылмай тұрған гүлді ашу» деген сөз бар. Сол себепті, біз өзімізге келген адамдардың бәріне сол «өмірдің мәнін», өз құндылықтарын  тауып беруге тырысамыз. 

Айналада болып жатқан жағдайды әр адам әртүрлі қабылдайды. Сол жағдайды ушықтыратын негізгі фактор – бәрін жүрекке жақын қабылдау. Өмірдегі әр оқиғаны елеп-ескеріп отыру кішігірім депрессияның бастауы болуы әбден мүмкін. Ал ол депрессияны келген жерінен кері қайтарып жіберу де, ұлғайтып үлкен проблемаға айналдыру да адамның өз қолында. 

​​​​​​​                                                                                                                          Аяулым АБАЕВА

​​​                                                                                           Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

                                                                                           Жетекші: аға оқытушы Н.Б.Рушанова