ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев Шымкент қаласындағы жоғарғы аграрлық колледж студенттерімен кездесті.
Іс-шараға колледждің 100-ге жуық белсенді студенттері мен оқытушы құрамы толығымен қатысты.
Кездесу мақсаты - колледждің базалық мүмкіндіктерін пайдаланып, студенттерді электрондық түрде қызмет алуға шақыру және дағдыларға үйрету.
Жиын барысында Департамент басшысы Елбасы өз Жолдауында келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды және жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды назарға алды.
Жастар еліміздің болашағы сондықтан, әрбір азамат өз іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен үлгі болып, еліміздің даму жолында өз үлесін қосуы және жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда алдыңғы қатарда болуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Жиын барысында колледж директоры Г.Бекбергенова бүгінгі таңда колледжде «E-gov Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» және COWORKING қолайлы орталығының қызмет атқаратынын, сонымен қатар «Студенттерге қызмет көрсету орталығын» ашу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді .
Кездесу соңында Ғ.Тұрсынбаев елімізде цифрландыру жүйесімен барлық салалар қамтылып келетінін айта келе, бар мүмкіндіктерді пайдаланып жастарды электронды түрде қызмет алуға шақырды және бұл бастаманы облыстың барлық оқу орындарында енгізуді ұсынды.