Денис Тен және жаңбырдың астындағы Екеу

Кеше күн жарықтық Алматыда бұзылды. Таңертең шайдай ашылып тұрған күнге қарап, жеңіл-желпі жұмысқа бара салғам. 

"Денис Тен және оның достары" шоуы соңғы күндердің басты тақырыбына айналып жатқан соң, біз де кереметті көзбен көрмек болып, жұмыстан шықтық. Біз дегенім - Болат-Ботик екеуміз. 

Оның алдында Каспий банктің басшылығы Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе келген. Ол кісілер де Kaspi bank бас демеушілік жасаған Денис Теннің шоуын тілге тиек етіп отырды. 

 

Күн жаңбыр. Жаңбыр болғанда, сел. Кейбір жерлерден аяқ алып жүру мүмкін емес!

Қайран басым, осы суды басы ашық туфлимен кешіп өттім. Ботик екеуміздің суды кешкеніміздің өзі бір қызық болды. Қызық дейтінім, судан өте бергенде басым айналып, аяғымды тартып алу мұң болып, әрі бағдаршамның жасылына үлгерейін деп сасқанымнан Ботиктің арқасындағы сөмкеге жармасыппын. Ол судан әрең өткен соң, "Мына сел мені аяғымнан да, артымнан да тартқылады" деп көзі бақырайып, қорқып тұр. "И, мен ғой тартқан артыңнан" деген соң жүрегі орнына түскен болар.

Осындай "құрбандықпен" такси ұстайтын тұсқа өлдім, талдым деп жетіп, енді такси тоқтата алсақ шы! Белуардан келетін суды жаяу тұрған адамға шашып жіберіп, тұсымыздан өте шығады, өте шығады. Үсті-басымыз малмандай. Шашса, шаша берсін бәрібір су болдық қой деп біз де әр көлікке үміттене қарауымызды қоймаймыз.

Әйтеуір таксиге міндік-ау. Бір байқағаным, адамдардың бәрі мәз. Ботик екеуміз сірә, мәзбіз. Көктемнің ақырғы сұрапыл жаңбыры үшін қуандық па, Денис Тенге бара жатқанымыз қуаныш сыйлады ма, әйтеуір езуімізден күлкі кетпеді. Көшедегі адамдардың табиғаттың тосын мінезінен қорғанып, бүрсектеп бара жатып, қуана күлгені үшін де қуанған шығармыз бәлкім. 

Дірдектеп тұрсақ та, көңілді бардық.  

Шоу басталуына әлі бірнеше минут бар. Ерте келіп алдық. Айналамызда күртеше, бас киім, қалың орамалдар қаптап жүр. Менің кигенім - жұп-жұқа костюм. Ботикте тіпті бір ғана футболка! 

Олимпиаданың күміс жүлдегері, Әлем Чемпионы Дайске Такахаши қол созым жерде отыр 

Шоу басталды! Бұл бір біз көрмеген ерекше, айтуға тіл жетпейтін "бірдеңе" болды! Шоуды айтам. Мұз айдынында Олимпиада чемпиондарын Олимпиада чемпиондары алмастырып, кезек-кезегімен көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап жатты. "Мынауың мықты екен" деп ойлап үлгергенше, екінші чемпион шығып одан да зорғысын көрсетеді.

Канадалық Элладж Балде залды жарды!

Мао Асада... 3,5 айналым акселін жасай алатын дүние жүзіндегі жалғыз спортшы қыз! Олимпиаданың күміс жүлдегері, ең танымал спортшылардың бірі Жапониядан шығып, өзге елдің шоуларына қатысу ұсынысын ешқашан қабылдамайды екен. Денис Теннің абыройының арқасында ол өз карьерасында тұңғыш рет шетелге шығып, өз өнерін паш етті! Сондықтан да Жапониядан арнайы "Денис Тен және оның достары" шоуы үшін 300 көрермен ере келіпті. 

Стефан Ламбьель, Татьяна Волосожар мен Максим Траньков, Дайске Такахаши, Каролина Костнер, Джоанни Рошшет, Эван Лайсачек, Татьяна Тотьмянина мен Максим Маринин, Мираи Нагасу, Брайан Жубер, Владимир Беседин мен Алексей Полищук, Элладж Балде, Гев Манукян, Алексей Ягудин... 

Неткен сұлулық, Каролина!

Бұлар мұз айдынында әлемге танымал спортшылар! Қайталанбас өнердің иелері, мәнерлеп сырғанаудың шеберлері, спорт тарихын жасап жатқан әйгілі тұлғалар!

Шын мәнінде, чемпиондардың өнерлерін көзбен көріп, жүрекпен сезіну айрықша шабыт береді екен. Біз бұл кезде мұз айдынына жақын отырсақ та, малмандай су болғанымызды ұмытқанбыз. Өз-өзімізді ұмытып, жан-тәнімізбен нағыз өнерге берілгенбіз. 

Бір футболкамен отырған Ботик те: "Тоңып отырған жоқпын" деп таңырқады. Өнердің әсері болар деп түйдім, өйткені шылқыған су болып мұздың жанында төрт сағат тапжылмай отырып көріңіз...

Бұл жігіт біраз қыздың жүрегіне шоқ салған болар...

Әр елдің спортшысы өнерін көрсеткенде, көз алдыңа сол ел келе қалады екен. Әр адам - өз ұлтының айнасы екенін анық түсінесің. Қимыл-қозғалысынан, болмысынан өз Отанының иісі аңқып тұрады.

Мүйізі қарағайдай АҚШ, Италия, Ресей, Канада, Жапония елдерінің чемпиондарынан соң, шынашақтай Денис Тен қазақтың ұлттың киімімен айдынға жұлқына шығып, өнерін көрсеткенде қуаныштан көзімнен жас ыршып кете жаздады. 

Ал ең соңында бәрі қазақтың ұлттық киімін киіп, домбыра үніне сырғанаған кездегі сезімді айтсаңшы, шіркін-ай! Атақ пен ақшаның ортасында жүрген өз елінің еркелеріне қазақтың ұлттық киімін кигізіп қана қоймай, қоңыр домбыра үніне билете білген Денис Тенге ақ алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 

Айтпақшы, Алматының әкімі Ахметжан Есімов пианинода ойнап, Денис Теннің шоуында бастан-аяқ отырды. 

Соңында спортшылар қаз-қатар тізбектеліп, алдыңғы орында отырғандарға қолдарын берді. "Ааааа!" Ырымшыл қазақпыз ғой, ұлы спортшылардың алақан табы тиген қолыма қайта-қайта қарағыштап, біраз толқыдым. 

Ботик те толқып тұр екен. Лық толы зал кеткісі келмей, қол шапалақтап ұзақ тұрды.

Біз де кеткіміз келмеді. Тоңғанымыз енді сезіліп, денеміз дір-дір ете бастады :) :) 



Бөлісу: