Батыс психологтарының айтуынша, адам айына 1 күн түк істемей, өз-өзіне демалыс жариялауы дұрыс. Менің қуанышыма орай, аптасына 1 күн мұндай мүмкіндігім бар. Сол күн- сәрсенбі. Демалыс деген аты ғана ғой, қыз бала болған соң, үй шаруасы, тамақ істеу, кір жуу, киім үтіктеу секілді ұсақ-түйек шаруалармен айналысып, сол күніңді қалай өткізгеніңді білмей де қаласың.
Алдыңғы апталардағы қарбалас, осы аптадағы студент-магистранттардың аралық бақылауы мені біраз қинап жіберді. Сол себепті, бүгін өзіме демалыс жарияладым. Оның үстіне, бүгінгі ауа-райы да ешқайда шықпауыма себеп болды.Шаруаларымды бітіріп тастадым да, жылы көрпеге оранып, кітабымды (авт. еск. Atlas Shrugged) оқыдым.
Кейбір тұстарын автор өте қатты шиеленістірген, сондықтан қайталап оқуыма тура келді. Басты кейіпкерлердің бірі- Дэгни Таггарт есімді әйел. Өмірге, мақсатына деген талпынысы қатты қызықтырады.Кейде тіпті, Дэгни секілді сөйлеп, батыл болып, қылықтарына еліктегім келіп кетті.
Қыз балалар қауымына осындай кітаптар оқыған пайдалы, меніңше. Жалпы кітап оқығанның зиянын көрген емеспін, алайда, кейбір кітаптар жүрегіңнен ойып орын алса, кейбіреуін алғашқы бетінен кейін оқығың да келмейтін кездер болады. Сол себепті, өзімнің сүйікті шетелдік туындылардың ТОП үштігін ұсынбақшымын. Аудармашы емеспін, сол себепті орысша және ағылшынша атауларын беріп отырмын.
Халед Хоссейни "Мың жайдары күн" (ағыл. The thousand splendid Suns, ор. Тысяча сияющих солнц) Бұл романда Ауғанстан тұрғындарының өмірі, әйелдер теңсіздігі мен соғыс кезіндегі ауыр өмірлері туралы баяндалады. Басты кейіпкерлер- Мариам мен Лейла. Екеуінде ортақ нәрсе жоқ, әйтсе де сұрапыл соғыс екі әйел тағдырын ұштастырып жібереді. Бұл туындыны оқып отырғанда, еріксіз көзіңізден жас ағып, өміріңізді бағалай түсесіз. Маргарет Митчелл "Жел ұшырып әкеткендер" (ағыл. Gone with the Wind, ор. Унесенные ветром) Басты кейіпкер- Скарлет О'Хара. Өз дегеніне жететін қайсар мінез бен табанды жігердің иесі. Бұл роман да Американың солтүстік пен оңтүстік штаттарының соғысы кезіндегі жайтты баяндайды. Ричард Бах "Джонатан Ливингстон атты шағала" (ағыл. Jonathan Livingston seagull, ор. Чайка по имени Дж. Ливингстон) Бұл туынды өмірге деген көзқарасыңызды түгелдей өзгертеді. Тобынан аластатылғанына қарамастан, бұл кішкене шағала өз арманына талпынып, өз дегеніне жетеді. Әңгімені оқып болған соң, мінезіңізде батылдық, өз-өзіңізге сенімділік, қоғам пікіріне мән бермеуді тәрбиелей аласыз.Әйел баласы оқу, білім алмаған қоғам сәтсіздікке ұшырайды. (Х.Хоссейни)