Қаламы сөйлейтін қаламгер Жүрегінде иманы бар кез келген мұсылман қауымы Аллаға қалай сенсе, періштенің де бұл құпиялы әлемде барына солай сенеді. Бірақ әзірге оларды көрген де немесе тілдескен де адамзат баласы жоқ. Ал біз оны күнде көріп, тілдесіп жүрміз десек, сенер ме едіңіз? Имандай иланғаныңыз абзал. Өйткені ол біздің «Айқын» газетінде істейді. Аты-жөні - Төреғали Тәшенов.
Олай дейтін себебіміз ол ер жасы - елуге келсе де қулық-сұмдықтан ада. Адамзат баласына пайдасы тимесе, зияны жоқ. Мінезі - сабырлы, салмақты. Мойнына асылып, төбесіне шықсаңыз да былқ етпей тұра беруге бар. Ол үйінен күнде 10 ауыз сөз алып келсе, соның бесеуін кешке дейін пайдаланбай, қайта алып кетуі әбден ықтимал. Өйткені оның тілі - қолындағы қаламы. Ал сөйлей қалса, көп сөз шығындамай, нысанаға дөп тигізеді. Соның бір парасын назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық. Оқи отырыңыздар, күле отырыңыздар... «Мы не живем...» Бірде Төкең Түркияға іссапарға барады. Бұл сапар оған қатты әсер еткен болуы керек. Жер бетіндегі жұмаққа барып келгендей аузын ашып, көзін жұмып, ішегін тартып қайтады. Әріптестері оны қаумалай қоршап алып, Түркиядан алған әсері туралы сұрай бастайды. Сонда ол айналасына байыппен қарап алып: - Мы не живем, а существуем, - деген екен өзінің бүкіл әсерін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырып. Халыққа керек той «Айқын» газетінің ақсақалы Жұмабек Жанділдин Төкеңнің ер жасы - елуге келіп, өзінің мерейтойын тиісті дәрежеде атап өткелі жатқанын естіп: - Әй, Төреғали, бүкіл әлем тоқыраудың топалаңын күтіп, қалтырап, дірілдеп отыр. Ал өзің тапқан-таянғаныңды банкке төлеп, несібеңді несиеге айырбастап жүрсің. Сөйтіп жүріп той тойлағаның неңді алғаның? - дейді әріптес інісіне қалжыңдап. Сонда тау қозғалса да қозғала қоймайтын Төкең біраз кідіріп барып: - Жұмеке-ау, сол той маған емес, халыққа керек болып тұр ғой, - деген екен. Адам өлтіретін әзіл Төреғали Тәшенов, Жомарт Сапар, Сейсен Әмірбек - бәрі «Айқын» газетінің қалжыңқұмар қызметкерлері. Олар бір-бірімен ылғи да қатты әзілдесіп жүреді. Бірі аға, бірі іні болғанымен, заман құрдас емес пе?! Кейде олардың әзілдері адам өлтіреді. Бірде елге белгілі бір қаламгер қайтыс болып, оны мәңгілік сапарға шығарып салып келе жатқан олар бір-бірін түрткілеп, әзілге ерік береді. - Төке, - дейді Сейсен Жомартқа көзін қысып қойып, - бір күні Сізді де осылай шығарып саламыз-ау. Жомарт та Сейсенді қостап қояды. Екеуіне есесін жіберіп қоятын Төкең бе? - Алдымда жасы үлкен Жомарт бар ғой, - деп қойып қалады. Ажалдың аяқ астынан келе қалғанын кім ұната қойсын?! Жомарт шошып кетіп: - Жас өле ме, кәрі өле ме, кім біледі? «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген, жақсы сөз айтыңдар, - дейді әңгіме арнасын басқа тақырыпқа бұрмақ болып. Сонда Төкең: Жаратқанға жас керек болса - Сейсен, кәрі керек болса - Жомарт бар ғой, - депті. «Мягкий ислам» Төкең бір кездері имандылыққа бет бұрып, құбылаға қарап, намаз оқып, бес уақыт жайнамазға жығылып жүрді. Ораза айтты асыға күтіп, ел қатарлы ауыз бекітіп, жұма намаздан да қалмайтын. Бір күні әріптестеріміздің бірі той жасап, ұжымдағылардың бәрін қуанышына ортақтасуына шақырды. Тойдың бел ортасында Төкең «өте көңілді» боп шыға келді. Сырттай қараған адамға бас құданың нақ өзі секілді. «Іштегі микробтарды «өлтірейін» дегені шығар» деп қоя салдық. Қас қылғандай ұжымда той да, салтанат та көбейді. Төкең де «бәйгеге» жиі-жиі қосылып, аттың басын еркін жіберетін болды. Гайкісі босап, жайнамазға емес, жерге жығыла беретін болған соң: - Төке, күні кеше намаз оқып жүр едіңіз. Мұныңыз не? Исламға қайшы емес пе? Сіздікі қай ислам? - дейді «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы. Сонда Төкең: - Біздікі «Мягкий ислам ғой. Анда-санда ұрттап тұруға болады» деп бәрімізді қыран-топан күлдіріп алды. Әпенділердің әзілін әрлеп, қалжыңын қоюландырған - Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
|