Деген екен
блог
1.Көшенің басында бір әже тұрады:жасы 90-нан асыңқыраған.Өткенде ғой, қатты ауырып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кеткен ұл-қыздарына хабар жібертіпті. Ұл-қыздары жылап-еңіреп аналарының басында кезекке тұрып күзетіпті. Бәрі жылап-сықтап бұрыш-бұрышта аналарымен қоштасып жүр дейді ғой әлгі жерде. Сөйтіп "жүріп кетеді-ау, жүріп кетеді-ау" деген әжеміз 3 күннен соң тұрып кетіпті. Аттай шауып, өзі жүріп, өзі тұрып жүр. Қуанысқан ұл-қыздары Аллаға разылықтарын айтып қайтадан тарасыпты үйді-үйіне.
Ертеңіне әжеміз көрші апаға кеп: "Ойбууу, ұят болдау,ә?! Бала-шағам сонша шашылып түкпір-түкпірден жиналып еді, өле салуым керек еді",- деген екен.
2.Осыған сай тағы бір қызық болды: Тұрсын апа да осылай орнынан тұрмай сырқаттаныпты. Ұл-қыздары Алматы,Астана, Қызылорда, тағы бірі Семейде тұрады екен. Қолындағы ең кенже ұлы бәріне хабар таратыпты: "апам соңғы сөзім бар, келсін деп жатыр",-деп. Ана дегенде ет жүрегі елжіремейтін жан бар ма? Бірі жүрдек пойыз, енді бірі ұшақпен жетіпті. Бәрі қөаладағы үлкен ағаларының үйіне бірінші түсіп, бір-бірімен ақылдасып, жиналып апасының үйіне, қара шаңыраққа, кіріп келсе: есік ашық, "Келін" телехикаясының даусы шығады. Жылап-жылап әлі таусылған ерке қызы "апалап" кіріп келсе, апамыз диванда...қолында пульті:"Келдіңдер ме ,ей?",-депті. Аң-таң қалған бала-шағасы бұл қылығының мәнісін сұраса: "ауырған түгім де жоқ. Өлмей тұрып бір, өлер алдында тағы бір көріп қалайын деп едім сендерді", -деген екен.
3. Жасы жетпіске келсе де менің түп нағашы атам көлікті әлі өзі жүргізеді. Бір күні Төле би ауданынан келе жатса, жол полициясы тоқтатып, құжатын сұрап болып: "Ата, сызықты басып кеттіңіз ғой",-дейді ғой. Атам аспай-саспай, мұртын сұқ саусағымен бір сипап: "басса немене,айналайын, сызығың майысып қалды ма?"-деген екен.
4.Менің әжем біраз болды естуден қалып барады. Жақында мамам хабарласып, хал-жағдай-сұрасқаннан кейін бірааааз әңгімелескен ғой. Ішіндегі бар сырын айтып, көз жасын сығып болып тұтқаны қойыпты. Әжем де тұтқаны қойып жатса, келіні:"апа кім екен? Ұзақ сөйлестіңіз ғой. Сіз үндемедіңіз, не дейді?" десе:"Әй,білмеймін ,ей. Бір қатын. Не айтқанын түк естімедім",-депті туған қызын. "ойбай,апа, не дейді?" -деп қайтара сұраса: "Айттым ғой білмеймін! "иии-иии" дей бердім көңілі қалмасын деп" ,-деген екен.
5.Үйге Құран оқытып, қонақ шақырдық. Тура сол күні інім ауырып, бір бөлмеден шықпады. Жұрт тарап, өзіміз бен жақын ағайын-туыс, аз-ақ әншейін 50 шақты адам қалғанбыз ғой. Қазақтың әдеті емес пе, қонақ кеткен соң "жақсылап бір өзімеееез шай ішейікші" дейтін. Сөйтім "өзімееез" шай ішіп отырғанда, інім шықты бөлмеден. Інім енді 8-ге өтті ғой. Атам көріп қалып:"Өй,Ғабиддин! Сен үйде ма едің? Мен сені армияға кетіп қалды ма десем",-деп қатырды.
Қарттар аман болсын! "Қариялы үй-қазыналы үй" дейді, "қазынасын" өкіметке өткізіп жатқандар қаншама?! Үйде қарт болмаса да, қарттардың әңгімесін тыңдап, батасын алғанды жаным сүйеді. Есімде қалған қарттардың қалжыңын өздеріңізге бір жеткізгім келгені ғой.