Дауыс пен сөз-жанның сыйы дейміз ау...

Заман ағысын күшейтіп әр жылда сан құбылып келеді. «Заманына қарай адамы» демекші, кезіндегі тіршілік пен қазіргі болмысты салыстыра алмассың. Бұқаралық ақпарат құралдарының өткен тынысынан да жер мен көктің алшақтығындай өзгерісті байқап келеміз. Осымен не айтпақпын? Әрине, технология дамып, жаңа әдістерді пайдаланылғаны дұрыс қой, бірақ эфирдегі мәдениет, жағымды, қоңыр, биязы дауыс, байсалдылық, көрермен ықыласы қайда қалмақ? Көгілдір экран сонысымен қызықты болмап па еді?
Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде газет-журналдар бір қадам артқа шегінді. Бастапқыда радио, сосын бертін келе теледидар көптің көзайымына айналды. Газет-журналдар маңызын жойған жоқ (трендтен түспеді), ондағы мәдениетте шама-шарқынша бәз баяғы қалпында ал радио мен теледидардағы әдеп заңдылықтары ақсап тұрғаны хақ. Тіпті, қазір төртбұрышты құрылғының арғы жағындағы өмір халыққа қызықты болып барады. Ол жерде қандай мәдениет барын айтудың өзі қорқынышты. Бір қарасаң мән бере қоймайтын тақырып. Мәдениет деген не ол, неге керек деп айтуыңыз мүмкін. Көгілдір экран халықтың санасын улайды, оң солын танымай енді бой түзеп келе жатқан жеткіншектерді, тілі шықпаған нәрестелерді тәрбиелейді. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Сол әрбір жас тағдырдың бойында «Қалаулым», «Астарлы ақиқат», «Қызық live» тәрбиесі бүр жарып жатпасына кім кепіл. Жас балалардың да жүзінен ашушаңдық, шыдамсыздық байқалып қалады кейде. Әрине, не көрді, не үйренді соның нәтижесінен бала психологиясы бұзылады. Мәдениет деген міне осы үшін керек. Шынайы ашынғандықтан осы тақырыпқа ой толғағым келді. Эфирдегі мәдениеттің сақталу заңдылықтарын білгір маманша толғап айта алмаймын. Эфирге шығып, сол жердің ауасымен тыныстап көргенім жоқ, алайда, маған айтылған теориялық дүниені білемін. Эфирдегі мәдениет ең бірінші жүргізушінің сырт келбетінде.Оның бойын тіктеуі, жақсы көрінуі өзіне деген сенімділікті береді. Сенімді адамнан әлсіз, кедір-бұдырлы сөз шықпайды. Дем шығару, тыныс алу дұрыстығы, үш ықпалдың, үндестік заңының дұрыс қолданылған соң, жүргізуші сөзінің анықтылығына, тұшымдылығына мән бергені жөн. Меніңше экранда сауатты сөйлемеген жүргізушінің өз тыңдармандары яки көрермендері миллион емес жалғыз болса да көрерменнің орны бөлек. Егер сөздік қорында іліп аларлық көркем сөз болмаса, жаттанды сөзден гөрі сөйлемеген ең дұрысы. Бағдарламаның өтімді болуы, көптің жадында қалуы тікелей жүргізушінің өзіне, оның сөзіне байланысты.
Қазіргі эфир тіліне көптің көңілі толмайды. Себеп, әдеп пен мәдениеттің қашқанында. Қазіргі таңда бәріне белгілі «Қалаулым», «Қосlike», «Бір болайық», «Астарлы ақиқат» сынды бағдарламалардың жағдайын көріп жүрсіздер. Халыққа берері болмай тек рейтингтің құлына айналып бара жатқанымен қоймай, талай экран алыптарының дара жолын лайлап, тарихи жауһар көздердің құтын қашырды. Ұяттан асып мәдениетті құрдымға жіберді. Қазір бұл бағдарламалардың қатарын «ҚызықLive» пен «Көреміз» толықтырып келеді деп ойлаймын. Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабектің жүргізген бағдарламасы көңілашар шоу әрине. Бірақ қонақпен сұхбаттасқандарының, сұрағының бас-аяғы жеке бастың күйттеген қу тіршілігінен әрі аспайды. Сөйлегеннен күлгені көп бағдарламаның арасында жүргізушілері Құдайберген Тұрсынов «Көгілдір экран құпиясы» кітабында талдаған «ыңғайсыз», «тұрпайы», «ажарсыз» сөздерді айтып отыра береді. Бұл экранның арғы жағындағы миллиондаған көрерменді сыйламағаны деп түсіндім. Тақырыпты жазу барысында осы бағдардаманы ашып қарағанымда дәл сол сөз жүргізушінің аузынан менің қамсыз құлағымды мүжіді. Сыйсыз қалған, қадірі қашқан көрерменнің бірі мен болып қалғанымды іштей түсіндім. Руслан Өтепбайдың «Көреміз» бағдарламасының да бірнеше саны көптің көзін ашып, үлгі болу емес, мәдениеттен қашып рейтингті көтеру үшін жасалынғаны айдан анық. Әрине, Дина Төлепберген мен Руслан Өтепбайдың сөздік қоры бай, сөз қолдану аясы кең, бірақ сол эфирдегі анайы сөздерге, ұрыс-жұлыс, айқай-шуға жол беріп отырған соң оларды мойындаудан алшақпын. Мен Нартай Аралбайдың сөз мәйегін, тұшымды ойлары мен сөзінің өтімділігіне қызығатынмын. Алайда, осы мәдениет төңірегіндегі ақпарларға қарасам ол халыққа агрессия береді екен. Нық, батырып,үркітіп сөйлеу экран талаптарына сай емес абзалында. Сауық Жақанованың айтуынша міндетсіп сөйлеу, қабақтың түйілуі мен шүйлігіп қарау бұл ұрысып тұрғандай рең береді екен. Ал қазақтың мінезі үн секілді, үн мінез секілді жайдарлы, дархан болуы шарт. Мен қазіргі телерадиожүргізушілердің және болашақ өзімнің бойымнан Сауық апаның жұмсақ, жылы үнін, Дана Нұржігіттің кәсібилігі мен өзін көрсету емес, бағдарламаға деген жауапкершілігін, Бейсен Құранбектің сөз ділмәрлығын, жанашырлығын көргім келеді. Көптің көзіндегі, жақсының жақсылығын айтар аузындағы нағыз журналист болғым келетінін түсіндім. Ал қаймағын сарқып аларлықтай сөздің машығын келтіретін алтын қордағы Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасын көріп сөз мәдениеті, тіл мәдениеті осы екен ғой деп таң-тамаша болдым. Жүйелі сөзді өрнектеп көрерменді ойға қалдыратын, елдегі мәселені шынай талқылап шешімін табатын бағдарламада небір саясаткерлер, жазушылар, қоғам қайраткерлері қонақ болған. Бұл бағдарламаның маңызығ абыройы болғаны соншалық кейбір тұлғалар алыстан ат терлетіп Сағат Әшімбаевқа алғысын жеткізу үшін өздері келетін болған. Сөз құдіретін, тіл маңызын жеткізе алған жүргізшіні ел ардақтап, қастерлейді. Сағат Әшімбаев есімі әлі күнге ел есінде. Қазіргі журналистиканың иісі мұрнына жетпейтін жұлдыз әншілердің тіл мәдениетін қайдан түсінсін. Осыдан кейін небір мықты диктор, жүргізушілер эфирдегі мәдениетті танытып кеткен журналистер зейнетке шығып, диванға жайғасқан сәтінде теледидарды не радионы қосқанында жаңағыдай небір боқауыз сөздер кетіп жатса қандай күйде болар екен деп уайымға қаламын.



Бөлісу: