Дәуір алдындағы дәрменсіздік

Дәуір алдындағы дәрменсіздік
жеке
блог

«Әлем зұлымдыққа толы. Қоғам қатыгез. Адамдар ашулы. Санамызда әлде бір үрей бар... Иә, бүгінгі дәуірдің дүрмегі көңілге ауыр бір мұң тастайды. Ізгі сезімдеріміз көше кезіп қайыр тілеп жүргендей. Ынсапсыздық һәм ашкөздік»

Әлемде болып жатқан түрлі атыс-шабыстарға, соғыстарға қарап отырып, осылай ойлайсың кейде. Сөйтіп, ашынған кезде ащы даусымыз ауада қалқиды...

Өткен жолы ғаламтор бетінен бір оқиғаны оқып, көңілім қатты құлазыды. «Сириялық 4 жасар бүлдіршіннің суреті бірнеше сағат ішінде интернет әлемін дүр сілкіндірді». Осы бір жас баланың жәудіреген көзіне қарасам болды жүрегім шым ете қалады. Ұмыта алмай-ақ қойдым. Бұл оқиға азда болса адамдарға ой салар деген ниетпен бөлісуді жөн көрдім. Оқиға былай болған екен... 

«Осман Саджирли есімді түрік фотографы Атмех босқындар лагеріне арнайы репортаж жасау мақсатында келеді. Фотограф суретке түсірмекші болып, фотокамерасын бүлдіршінге бағыттаған сәттегі 4 жасар қыздың қарекеті Осман Саджирлидің көңілін босатып жібереді. Бүлдіршін өзіне бағытталған камера объективін көрісімен, оны қару деп, ал, фотографты қарулы әскер адамы деп ұғынып, екі қолын жоғары көтеріп, «берілемін» дегендей ишарат білдірген.

Фотограф бүлдіршіннің бұл ісіне қайран қалып: «Иә, мен камераны оған бағыттағанымда – баланың үрейі ұшқан көзін көрдім. Оның қатты қорыққанын байқадым. Мені көрісімен, ернін тістеп, қолын көтерді. Ал, негізінде балалар фотокамераны көргенде күледі, не ұялады, немесе қашып кетеді» деп, алған әсері жайлы ойын айтты. Фотограф бұл көрініс жан-дүниесіне қатты әсер қалдырғанын жасырмады. «Мына әлем жайлы әлі көп нәрсені түсіне алмайтын 4 жасар бала үшін оптикасы бар адам кезіксе қолыңды көтеріп, берілу керек деген ой қайдан келуі мүмкін» дейді ол. Айтулы оқиғадан хабар беретін сурет қазіргі уақытта интернет желісін дүр сілкіндіруде. Саджирлидің әлеуметтік желідегі  парақшасына қойылған аталмыш фотоны бірнеше сағат ішінде бірнеше мың адам көріп үлгерген».

Біз бұрын осынша жүрексіз емес едік қой. Жас баланың бұл әрекеті - зұлымдық жайлаған заманға деген қарсылық секілді. Ол фотограф алдында қолын көтеріп тұрған жоқ, ол мейірімсіз ғасырдың алдында дәрменсіздік танытып тұр. Ол адам өмірін ойыншыққа айналдырған өз дәуірінің алдында жеңілгендігін мойындап тұр. Ізгі сезімін соттаған заманда дүниеге келген сенің не кінәң бар еді, Жас жүрек?