2010 жыл. Тамыздың ыстығы тарқап, күздің кереметі сезіле бастаған кез. Дәл осы күн күні кеше болғандай-ақ жадымда ерекше сақталып қапты. Сақталардай-ақ бар, себебі бұл күн - балалық шақтың жаңа кезеңі, өмірімнің өзге баспалдағы ретінде менің тарихымның бір бетіне айналды.
"Дарынның" ең алғашқы қоңырауы соғылып, ең алғашқы бүлдіршіндері сапында тұрған күннен-ақ тілмен түсіндіре алмас, сөзбен жеткізе қоймас күй кештім. Бойымнан бірталай өзгеріс байқадым. Бұған дейін көп ашылып, көсіле сөйлеуден тіпті алыс Айшолпан қыз бала арманына тағы бір қадам жақындай түскендей.
Рас, өнерді шексіз сүйемін, бала шақта сол өнерге өз үлесімді қоссам деген қиял бүгінде өмірімнің мәніне айналды. Қанатымды қатайтып, сеніміме сызат түсірмеген құт мекенім - "Дарыным". Сахнаның да сан түрімен таныстырып, оның киесін ұғындырып, өнердің бал дәмін таттырған да осынау Дарындылар Ордасы. Білліктілердің қазанында бір қайнап, өр өнерге бас сұқтым. Білімділермен бір жүріп, білім көкжиегімді кеңейттім. Арманыма жету үшін арда мақсат қойып, өз жолымды таңдау үшін үлкен мүмкіндіктер тудырып, талантымды шыңдап, дарынымды дамытқан даралар мекені - ол тағы "Дарын"!
Биыл ұясынан ұщқалы отырған, қарыштап қанатын қаққалы отырған түлекпін. "Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" дейді. Білім ордамыз бізге бақытқа бастар бағыт берді деп үлкен сеніммен айта аламын. Себебі, әрқайсымыздың өз дегеніміз бар, ұяда көріп, бағындырсақ деп, көздегеніміз бар.
"Дарын түлегі 2017"... құлақтың құрышын қандырардай жағымды естіледі, солай ғой? Дәл осы күнді ерекше күттім. Енді бүгін сәті туғанда мектебіме деген бір ерекше сезім кеудемді кернеп барады. Қимастық па екен, білмедім... Рас, физикалық тұрғыдан шаршап немесеүй тапсырмасынан жалыққанда "Осы мектепті ешқашан сағынбаспын" дегенді аузыма жиі алатынмын. Алайда, олай емес. Сағынбау мүмкін емес. Мұның бәрін уақыттың өзі дәлелдегендей.
Бұл мекеннің мақтауын қанша асырмасам да, бар тылсымы мен тың тұсына лайық сөзді таппаспын. Сөз соңында, түлек ретінде тірек болған мектебіме тұғырың биік, ғұмырың ұзақ, абыройың асқақ болсын деген жүрекжарды лебізімді білдіргім келеді.