Дарынды дарабоздар ҚазҰУ-де бас қосты

Дарынды дарабоздар ҚазҰУ-де бас қосты
жеке
блог

18 ақпанда Бейіндік мектептің ұйымдастыруымен "Жас Әл-Фараби" "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бейіндік мектебінің 10 жылдығына арналған "ЖАС ӘЛ-ФАРАБИ" атты мектеп оқушыларының Х Республикалық ғылыми – зерттеу жұмыстарының  конференциясы жоғары деңгейде аталып өтті. Конференцияда 280 қатысушының ғылыми жұмыстары мен баяндамалары ретінде теориялық, эксперименттік және қолданбалы сипаттағы ғылыми жұмыстары мен ғылыми өнертабыстары ұсынылды.

Конференцияның басты қонақтары - Қазақстанның барлық облыстарынан, атап айтсақ, Маңғыстау, Орал, Қостанай, Петропвл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Семей, Алматы, Талдықорған қалаларынан жиналған дарынды шәкірттер. Олар 24 қаңтар мен 10 ақпан аралығында 1-кезеңінде жоба жұмыстарын жіберіп, іріктеуден сәтті өтіп, шақырту алған болатын.

Конференция ҚР Әнұранымен шымылдығын ашып, алғы сөз Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы С.Қ. Суатай білімді оқушыларға сәттілік пен жеңіс тілеп, келген қонақтарға үлкен ризашылығын білдірді. Әрі қарай көпшілікке ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің доценті, фил.ғыл. кандидаты Л.Ә. Асқар  "Әл-Фараби - әлемдік деңгейдегі ойшыл"  атты баяндамасын жалғастырды.

Бейіндік мектеп директоры К.Ауғажықызы 10 жылдан бері оқушылардың білім мен ғылымға деген ізденісін жоғалтпаған ғылыми-зерттеу конференциясының өзектілігіне тоқталып, оқушылар мен жетекшілеріне ізгі ілтипатын білдірді. Сонымен қатар, Бейіндік мектептің құрылуына зор еңбек сіңірген ұстаздар қауымын Р. Б. Каупенбаева, Д.Е. Алпысбаева, М. Н. Аппакова, М.А. Ахметова, С.Аманбаева, Ш.С. Удуримова, Ш. А. Мадиярова, С.С. Ыбраймова, Н. Ш. Қуанбаев, С.М. Садвакасова т.б, Б. Искаков жылы лебізін білдіріп, алғыс хатпен марапатталды.

Конференцияның 2-кезеңінде секциялар (бағыттар) бойынша жұмыстар әр факультеттерде химия, физика, биология, математика,география, тарих, қазақ филологиясы пәндері бойынша оқушылар жобасын қорғады. Әр факультеттің оқытушы-профессорларынан құралған тәуелсіз сарапшылар әр оқушының жұмысын сарапқа салды.

Кеш барысында қонақтар мен ұстаздарға ҚазҰУ психология кафедрасының доцент м.а. З.М. Садвакасова шеберлік сағатын өткізсе, Бейіндік мектеп оқушысы С. Ханалиева “Эбру өнері: су бетінде сурет салу” бойынша қызықты тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, “Әл-Фараби”кітапханасы мен мұражайына саяхат жасай отырып, рухани демалды.

Кеш соңында әділ-қазылардың сараптау шешімімен дарынды шәкірттерді Бейіндік мектеп директоры К.А. Есенова жеңімпаздарды І,ІІ, және ІІІ орын Дипломдарымен марапаттады.

ҚазҰУ- де өткен Х республикалық ғылыми-зерттеу конференциясы болашаққа бағдар болған, білімнің қайнарынан нәр алып, ғылымға тәй-тәй басқан  қарлығаштарына үлкен сенім мен мотивация бола алары анық. Бұл ғылыми конференция алда да өз аясын кеңейтіп, жұмысын тереңдете жалғастыра береді.

К. А. Есенова
Бейіндік мектеп директоры

А.А. Ермагулова
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы