Кеудеде бүршік жарып көктемгі үміт,
Күндерде ақ нөсерін кеткен құйып.
Алыстан менмұндалап тұрған жоқ па,
Еңбек ері – Зылиха жеткен биік!
Өмірдің әр саласында аты шыққан қазақ қыздары аз емес. Солардың ішіндегі шоқ жұлдыздың бірі – Зылиха Тамшыбаева. Қойлы өңір Кербұлақтың, жер жәннаты Жетісудың, Шоқан бабамыздың табаны тиген, киелі мекен Күреңбелдің біртуар азаматшасы, «Социалистік Еңбек Ері», «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі» депутаты ғана емес, Ел анасы Зылиха Тамшыбаева өз елім деп жүрегін тулатқан, Жетісу жырына айналған жан.
Қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген, анасынан жастайынан айырылған Зылиха апамыз өзінің еңбек жолын институтқа түсудің орайы келмей, оқу бөлмесін жандандырудан бастаған. Осының бәрін көріп-біліп отырған Шоқан ауылының адамдары оны 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етуп, көп ұзамай, колхозшылар оны колхоз бастығы етіп сайлайды. Аудандағы ең артта қалған шаруашылық – «Еңбекші» совхозында аз уақыт парторг, іле-шала директор болып қызмет істей бастайды. Бұл шаруашылықтағы негізгі сала – қызылша, содан кейін – егін, мал. Мал маманы Зылиха техникалық дақыл - қызылшаны егіп-баптаудың талай тәсілдерін жүре үйренеді. Агроном Болат Тоқсанбаев деген кісімен ақыл қоса отырып, Битай Тәтенова, Закария Сейітова сияқты қызылша өсіру шеберлерінің тәжірибесіне сүйеніп, тыңайған жерлерді игеріп, жердің құнарын жақсартты, уақытша арықтарды жойып, каналдарды кеңейту, суды молайтудың нәтижесінде соңғы жылдары жалпы егіс көлемі 600 гектарға дейін көбейеді, бидайдың өнімі әр гектарға 28 центнер, қант қызылшасы 600 центнерге дейін жетті. Соңғы үш жылда аталмыш совхоз елге 190 тонна таза қант берген. Қызылшадан түскен табыс совхоз қаражатының 97 пайызын құраған соң-ақ, шаруа өрге басады. Осы қажырлы еңбегі үшін көп ұзамай, Социалистік Еңбек Ері атанады. Бұл ауылды ел анасы 30 жылдан астам уақыт бойы, табан аудармай басқарады. Еңкейген кәрісінен, еңбектеген жасына дейін ауылда ешбір шаңырақ шайқалмайды, әрқайсысы шаруашылық басшысының назарында болған. Ел анасына айналған Зылиха Тамшыбаеваны қадірлемейтін, құрметтемейтін адам кемде-кем.
Еңбегін есептеуге тең келмес батыр анамыз: «Қазіргі заманның жорығы – еңбек. Адамды ер атандыратын да – еңбек. Еңбексіз өмір – сөнген көмір. Еңбек түбі – мереке, көптің түбі – береке. Қатты жерге қақ тұрар, қайратты елге бақ тұрар. Өмір деген ұлы жорықта адам болып қалыптасуға талпыну керек. Ермек қуған бәлеге жолығады, еңбек қуған қазынаға жолығады. Мен қазынаға жер жәннаты Жетісуда жолықтым. Сондықтан да Жетісу – менің өмірім, жырым, таусылмайтын әнім. Жетісу – ауылым менің» деген екен. Зылиха анамыздың осы салиқалы сөзі, саналы ғұмыры бізге, жас ұрпаққа үлгі-өнеге деп мақтанышпен айтамын.
Ғылыми жетекшісі: Қозыбақова Ф. А.
Орындаған: Байтлеуова А