Даналық бастаулары. 6-шы жазба

Даналық бастаулары. 6-шы жазба
жеке
блог

Шамасы, 3-ші сыныпта болар, бастауыш мектепте оқып жүргенімізде ұстазымыз – «Абай жақсы көрген ертегі» деген шығарма оқып берген еді. Қазіргі оқулықтарда бар-жоғын аңғармадым, ол туындының аты – «Ажалдан құтқарған асыл сөз» болатын. Менің де ерекше құмартып оқыған, әрдайым жадыма түйіп жүретін шығармам бар. Ол, Сұлтанмахмұт Торайғыров жазып қалдырған – «Ескі сөз». «Ауырмай есімнен жаңылғанымды» «Көңіл күнделігіне» арқау еткен соң, «Ескі сөз» сол жазбаны толықтырар деген үмітпен назарларыңызға ұсынамын.

 Ескі сөз

Орта жүздегі Әз Тәйтеке бидің үрім-бұтағы, аулының игі жақсыларымен оннан аса кісі өрдегі Қуандыққа жолаушылап барыпты.

Ыстық шілде күнінде шаңқай түсте бір ақ боз үйдің сыртына тұра қалып, сөйлесе қалса, адам шықпаған соң өздері кіріп келіп отырысыпты.

Сөйтсе оларға сөйлесу үшін шығарлық жан жоқ екен. Екі кісінің құшағы жеткісіз бір бәйбіше қатын отыр екен. Екі жылқының терісінен қылған бір қара саба қымызға лық толулы тұр екен.

Бәйбіше жөн сұраған жоқ. Бұлардың шаңырқап келгенін көріп, орнынан әрең тұрып, зорға қозғалып барып, сабаны пісуге мұршасы келе алмағандықтан аяғымен толқып, «Балалар, біреуің келіп шараны аузына тоса беріңдер», - депті. Сонда бұлар мырс-мырс етіп күліп жіберіпті, - дейді.

Бәйбіше бір көлді бір көлге қотарғандай сабаның аузын қисайтып құлатып, шараны шарасынан асыра құйып: «Ал, балалар, іштеріңе сыюы білсін, орталарыңа алып іше бер» деп шаршап, «уһ» деп отыра кетті, - дейді.

Бұлар қымыз ішіп кенеліп, маңдайлары терлесіп, өздеріне өздері келіп болған соң, бәйбіше баяулап, қоңырлап сөйледі дейді:

- «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра», деп еді, балалар! Мана, мен қымыз құйып жатқанда күлдіңдер-ау, сонда неменеге күлдіңдер? – дейді.

Онда олар айтады:

- Сіздің сабаны аяғыңызбен толқығаныңызға күлдік.

- Оның несіне күлдіңдер?

- Біздің жақтың қариялары асты аяғымен тепкен ырымға жаман деп ұрсып тастаушы еді. Мына кісі ырым-жырымды білмейді екен-ау деп, өзіміздің жақта көрмеген нәрсеміз болған соң, бізге ерсі көрініп, соған күлдік, - дейді.

- Балалар, бұрынғының мақалын естіген жоқ екенсіңдер. «Барында батып іш, жоғында сатып іш, тәңірі беріп тұрғанда – шалқаңнан сұлап жатып іш». «Дүние деген шіркін кетер болса, өпкеніңмен келмейді, бері беттеп келер болса, тепкеніңмен кетпейді». «Кедейлер ырым етер, ырымы қырын кетер» деген екен, ырымшыл болсаңдар елдерің кедей екен ғой, кедей елдің кісісі кекірт келеді деген бекер емес қой», дегенде бұлар дәнеме айта алмай ұялып қалыпты.

 

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең

Жат тоқып ал көңілге.

 

Сөз мәнісін білмесең,

Өлең оқып не керек?

Не айтқанын сезбесең

Жарапазан не беред.


Сұлтанмахмұт Торайғыров