Даналық бастаулары. 5-ші жазба

Жиренше шешен және піскен қаз

Қарашаш сұлу, жұртқа белгілі данышпан болған соң, заманындағы хан күндеп, Жиреншемен қас болды. Бір күні ханның көңілі шапқан соң асбашылар алдына бір қаз пісіріп алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен. Хан оған бұйырды:

- Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама және өзіңе, біріне артық, бірімізге кем жібермей бөліп бер. Егер, біреумізге бір мысқал артық-кем болса, өзіңді қатты жазалаймын, - деп.

Сондағы, Жиреншенің бөлісі...

Әз Жәнібек пен жоқ іздеген бала

Әз Жәнібек мал қарап жүрген балаға кез болып:

- Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? – деп сұрайды.

- Жалғыз түйемнен көз жазып қап, соны іздеп жүр едім, - деп жауап береді бала.

- Балам, біз қай үйге қонамыз?

- Бір қой жеймін десеңіздер қай үй болса да қона берерсіздер. Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге түсіңіздер.

- Бала не деді? – депті, сонда атқосшылар.

Мөңкенің тапқырлығы

Бірде Қабақтың үлкені, сегіз жасар Мөңкені ертіп, жолға шықты. Жолда олар көшіп кеткен жалғыз үй жұртын көрді. Келе жатып бала Мөңке:

- Мына үйдің он ешкісі, бір үлкен көк серкесі, қара шолақ иті бар екен депті. Біраз жүрген соң:

- Мынау үйдің әйелі екіқабат екен, ай-күні жетіп отыр, - депті.

- Балам, осы сен не деп келе жатырсың? – дегенде:

- Мына көшкен үйді айтып келе жатырмын, - деп жауап қатады. Көп ұзамай олар көшкен үйді қуып жетіпті. Келсе, баланың айтқанындай ол үйдің он ешкісі, бір көк серкесі, бір қара шолақ иті бар және әйелі екіқабат екен. Атасы баласының тапқырлығына таңырқап:

- Балам, мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрағанда, Мөңке дәлелді жауап берген екен. Сіздер, Мөңке орнында болсаңыздар қалай жауап берер едіңіздер?

Бөлтірік шешен мен құрдасы

Бөлтіріктің өзімен тұстас бір туысы оған кездесіп қалғанда мынадай әңгіме айтады.

- Ел жатып қалған кез еді. Біреу үйімнің тұсына келіп:

- Кім бар-ау, құдайы қонақпыз, - дейді. Мен:

- Нешеусің? - деп сұрадым. Ол:

- Үшеуміз, - деп жауап береді. Мен:

- Үшеу болсаң басқа үйге барып қон, біздің үй тар, - дедім. Ол жөніне кете барды. Артынан қарасам, бір-ақ адам екен. Сонда, Бөлтеке, оның "үшеуміз" дегені несі?




Бөлісу: