ШАХИНҰР
Бүгін, «Мектеп бітіру кеші». Осы орайда, жас түлек, Сәдуақас Шахинұр жайлы мына бір материалды назарларыңызға ықшамдап ұсынғанды жөн көрдім.
Ақ жол! Сәт сапар, жас түлек!
Талантты танып жүрміз бе?
«Егемен Қазақстанның» биылғы 18 қыркүйектегі санында Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың алғысөзімен жарияланған Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Борлысай орта мектебінің оқушысы Шахинұр Бақытбекқызының екі хатын оқығанымда:
– Үлгі берер ағаның
Ізін бас та, жолын қу.
«Болам» деген баланың
Қамшы бер де белін бу, – деген сөз ойыма орала кетті.
Шынында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, ұлтжанды азамат Мырзекең бұдан бұрын алматылық 8 жасар Жамбыл есімді жеткіншекті Президенттік мәдениет орталығының сахнасына шығарып, төрткүл әлемге таныстырған еді. Елде жүрген біздер таңдайынан жыр сорғалаған бала өлеңдерін теледидардан көріп, тыңдап, тамсанғанбыз. Көп ұзамай бұқаралық ақпарат құралдары онға енді ғана толған бүлдіршіннің жеке жыр жинағының тұсаукесерін жарыса жазып, көгілдір экраннан көрсетті. Енді, міне, қаршадайынан ұлы Абайды пір тұтып өскен Шахинұрды таныдық.
Жолдасбеков ағамыз өзін осылай елдікті, келешекті ойлаған кесек болмысымен көрсетіп отыр. Бұл, егемен елдің болашағы Жамбыл, Шахинұр сияқты бойына Алла дарын берген, білімге үйренуге ынтызарлығы мол жеткіншектер қолында екенін түсіну. Ақиқатын айтқан жөн, алдыңғы буын аға-апаларымыздың көпшілігінің бойында осы қасиеттер көріне бермейді. Олардың өз тұсында жүктелген міндеттерді орындағанына дауымыз жоқ, тек зейнет демалысына шыққаннан кейін де орынтаққа таласып немесе бірімен-бірі сөз жарыстырып жүргенін көргеніңде қарның ашады. Енді біреулері лауазымды қызметтерге өз баласын немесе немересін отырғызуға тырысып, жанталасып жатады. Кәсіби мерекелер, салтанатты сәттер тұсында бәйге алуға, ат мініп, шапан киюге өзін-өзі жарнамалайтындар да, араға әлдекімді салатындар да баршылық. Осындай пендешілікпен өскелең ұрпақ бойындағы жақсы қасиеттерді көруге құлшыныс танытпаймыз, көрсек те көрмеген боламыз.
Асылы біздің әрқайсымыз Мырзатай ағамыздың «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?» деген сұрағын өзімізге қойып, жауап іздеуге тиістіміз. Көңілге медет қылатының ел ішінде бабалардың асыл мұрасын зердеге түюге құштар жастардың, өз білгенін жеткіншек санасына сіңіруге ықыласты аға-апалардың бар екені...
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, («Ана тілі» 2 қараша, 2012 жыл).
«Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?»
(«Егемен Қазақстан». 26 қараша, 2008 жыл)
«Бұлақ көрсең, көзін аш» – дейді дана халқымыз. Өткен жылдың басында Алматыдан Жамбыл дейтін 8 жасар бала арнайы келіп сәлемдесіп, батамды алған еді. Баланың дарындылығына көзім жеткен соң, қуанышым қойныма сыймай, жас періні қолынан жетектеп Астанада Президенттік мәдениет орталығы сахнасының төріне жетектеп шығып: «Жамбыл қайта тірілді!» деп жар салған едім.
Сол жолы бала Жамбылды Елбасы да қабылдап, жырларын тыңдап, батасын берген болатын. Қазақ емеспіз бе, періште ақынның талантына күмән туғызғандар да болмай қалған жоқ. Сенсін, сенбесін, 9 жасар бала Жамбылдың таяуда жеке жыр жинағы шықты, Алматыда тұсаукесері өтті. Бүгінде есімі халқына кеңінен танылды.
Тағы да бір жас таланттан хат алып қуанып отырмын. Аты-жөні – Бақытбекқызы Шахинұр, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Борлысай орта мектебінің 11-сынып оқушысы. «Таудың қуысында, Алланың уысында «тұрамын» деп жазыпты қызымыз. Шахинұрдың маған жазған бұл екі хаты жыл адасып, қолыма жақында ғана тиді.
Шахинұр Абайды бес жасынан бастап жаттайды. Бесінші сыныптан бастап оқушылар арасындағы дәстүрлі «Абай-Шәкәрім оқулары» конкурсына үзбей қатысады. Шахинұрдың сіңлісі Шұға да (бүгінде 8-сыныпта оқиды) дарынды болып өсіп келеді. Шұға он бір жасында облыстық ХІ «Абай-Шәкәрім оқуларында» жүлделі үшінші орынды иеленіпті. Қазір Шахинұр он бірінші сыныпта. Абайдың «Ескендір» поэмасын, 45 қарасөзін, 170 өлеңін, Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын, 90 өлеңін, 11 қарасөзін жаттаған. Абай мұраларын санасына сіңіріп, терең ұғынған. Абайды білген адам қор болмайды.
Дарынды оқушы хатында Абай жайында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған менің көлемді мақаламның төңірегінде ой бөліседі. Қазірдің өзінде-ақ Абайды тану деңгейінің көбімізден ілгері тұрғандығы сезіледі. Өзінің уәждерін үнемі Абай сөзімен дәлелдейді. Топырағын қасиет тұтып, әруағына сыйынып барғанда, Абай елінен қағажу көріп, әділетсіздікті басынан кешіріп, қабырғасы қайысып, сағы сынып қайтқанын да жазыпты. Өйтпесек қазақ боламыз ба? Қазақтың қолынан мұндайдың да келетінін жас бала қайдан білсін! Өмірге жаңа ғана талпынған жас жүрек әлі талай әділетсіздікке жолыға ма деп шошимын.
Өмір ылғи дарынсыздардан, жылпостардан, керенаулардан, өсек-аяңнан, сауда-саттықтан тұрмайды. Елімізде Шахинұрлардай ұл-қыздарымыз да бар. Олардың өмірде бар екендігі және аз емес екендігі қуантады. Біздің келешегіміз де – солар. «Кең дүние! Құшағыңды аш, «мен» келемін!» – дейді олар.
«Ей, Қоғам, құлағың сал, солардың жолын аш, алақаныңа сал, әлпеште, бұлақ көрсең, көзін аш!» – деп айқай салғың келеді.
Иә, лек-легімен өмірге Тәуелсіздіктің жаңа ұрпағы, жаңа заманның жаңа адамдары келеді, оларды дер кезінде танып, бағалай да, аялай да білсек болар еді, шіркін.
Хатты оқи сала Шахинұрдың әкесімен, өзімен телефон арқылы сөйлестім. Келесі жылы мектепті Алтын белгіге бітіруге тырысамын деп отыр. Айтқаны келсін, дегеніне жетсін. Елбасы Еуразия ұлттық университетін осындай дарынды жастар үшін ашты емес пе. Университет ректоры Ерлан Сыдықов ініммен де сөйлестім. Келістік. Алтын белгісі болсын, болмасын, Шахинұр, Құдай қаласа, келесі жылы Еуразия ұлттық университетінде оқитын болады. Менің тілегіммен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев інім де Шахинұрға қамқорлық жасай бастады.
Келешекті ойлау, өскелең ұрпаққа қамқоршы болу – үлкендердің, елдің тізгінін ұстағандардың міндеті. Менің де «Сөзді ұғатын кез келді», «Кісілік. Қазақ қайтсе қалады қазақ болып», «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе? Немесе Абаймен сырласу» дейтін және өзге де біраз мақалаларым – бәрі де өмірден көрген-түйгені бар, алды-артын пайымдайтын кісінің елге, әсіресе, келешек ұрпаққа пайдасы тиер ме екен деген ниетінен туған ойлары, тебіреністері, толғаныстары еді. Қайтсек өркениетті ел боламыз дейміз ғой. Бірақ қазаққа айттың не, айтпадың не. Сөзіңді тыңдап отырғансиды, былай шыққан соң-ақ бәрін де ұмытады. Кезінде Бұқар жырауды, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді, Абайды тыңдамаған қазақ менің сөзімді не қылсын. Абайдың: «Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ», дейтіні содан. Өкінішті-ақ.
Кейде көңілің құлазып жүргенде ел ішінен Жамбыл, Шахинұр секілді дарынды жастарымыздың жарқ ете қалғанына қуанасың, шаттанасың. Бабаның әруағына сөз келтірмейтіндер де, жақсыны өлтірмейтіндер де, келешекте көш бастап, халқын өрге сүйрейтіндер де, елдің сөзін сөйлейтіндер де – солар. Сондықтан да олар ұлтының тарихын, дәстүрін, тілін, туған халқынан шыққан елтұтқаларды, әсіресе, Абайды жақсы білулері керек, санасына сіңірулері керек. Өйткені, Абай – қазақтың келбеті. Абай – ілім, Абай – Ұлы Дала мектебі, Абай – Ұлы Дала университеті, Абай – Ұлы Дала академиясы. Абай тағылымын әлі күнге дейін қанға, жанға, санаға сіңіріп бола алғанымыз жоқ; әлі де Абай мектебінен, Абай университетінен өтіп болғанымыз жоқ. Абай құпияларын ашып болғанымыз жоқ. Абай атамыз айтатын кісіні тез қартайтатын күйік дәл осында болып тұр.
Жаһандану заманында ұлттың келешегі, тарихы, тілі не болар екен деп те уайымдайсың. Ұлттық ойлау жүйесін, халқымыздың тұтастығын сақтап қалу үшін, әлгіндей елден шыққан дарындыларды ұлттық дәстүрде тәрбиелеп-өсіру үшін Астанада Абай мектебін, билер-шешендер мектебін ашсақ, сөйтіп, халқымызға тән ойшылдықты, даналықты, көсемдікті қайта қалыптастырсақ деймін. Осы мектептерге ылғи дарындыларды жинап, оларды айрықша мемлекет қамқорлығына алса жақсы болар еді. Отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің бір жолы осы ғой деп ойлаймын.
Бұлақ көрсең, көзін аш!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ. («Егемен Қазақстан». 18 қыркүйек, 2012 жыл)