Даналық бастаулары. 2–ші жазба
блог
БАЛА ЖАМБЫЛ
Ілгеріде, Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап, Бөлтірік шешен келген екен. Бір жас бала:
– Ассалаумағалейкум! – деп, Бөлтірікке сәлем беріпті.
Бөлтіріктің қартайған, көзден қала бастаған кезі болса керек:
– Уағалейкумассалам! Атың кім, шырағым? – депті.
– Атым – Жамбыл! – депті.
Бөлтірік баланың қолын ұзақ ұстап тұрып:
– Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар, шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі боларсың түбі! – деген екен.
Қазақта сәуегейлер көп болған ғой, жарықтық, қалай болжаған десеңізші. Айтса айтқандай, Жамбылдың даңқы күллі әлемге жетті, - деп жазған, Мырзатай Жолдасбеков өзі де күндердің күнінде Жас Жамбыл, Бала Жамбылдың тұсауын кесіп, зор сүйінішпен аталық ақ батасын берген, барша қазаққа кеңінен танытқан абзал жан, абыз атаға айналарын сезді ме екен. Бұл, 2011 жылдың 5 сәуірі болатын. Әз аға, дәл осы күні, Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Жамбыл Дүйсеновтің «Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый» деп аталатын жыр кешін мемлекеттік дәрежеде өткізіп, «Келіңіздер, бірге болыңыздар, ағайындар!», - деп, бар қазаққа жар сала, «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы мақала да жазған еді.
...Жыр алыбы Жамбылдың есімін алған бала кім? Ол қайдан пайда болды? Бәрін қызықтыратын осы сауал. Бала ақынның әкесі Дүйсен - Алматы облысы, Жамбыл ауданында, ал анасы Кәмшат - Қарасазда туып-өскен. Жамбыл - Дүйсен мен Кәмшат көп жыл бойы зарығып күткен бала. Міне, сол бала екі жасында әріп танып, бес жасында әжесі мен анасына арнап өлең жаза бастаған. Кішкентайынан әжесінің ертегі әңгімелерін тыңдап өскен баланың көңілі кітаптар мен газет-журналдарға ауа беріпті. Бала болып ойыншық ұстауды да білмепті. Осының бәрі тегін емес екенін түсінген ата-анасы Алла берген дарынды тұншықтырып алмайық деп, балаларын ақындыққа баулыған. Анасы Кәмшат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, балаға поэзияның қыр-сырын ұғындырады. Бала бойындағы дарынды ұштай түседі. Жамбыл Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №131мектеп-лицейге қабылданады, мектепте де зеректігімен көзге түседі. Мектептің алғашқы жылында-ақ 1 және 2-сыныпты бітіріп, 3-сыныпқа көшеді. Ал, өлең өнеріндегі жетістігі де жоқ емес. Оның ең алғашқы жүлдесі - Білім күніне арналған мектепiшілік жыр сайысында жеңіп алған бас жүлдесі. Одан кейін Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған қалалық жас ақындар байқауында, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткен қалалық мүшәйрада, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған көркемсөз оқу сайысында бас жүлдеге ие болады. Содан, ел арасына Бала ақын туралы әңгіме тарай бастайды.
Расында да, бұл бала тегін бала емес. Өлеңдері от шашып тұр. Жамбыл өлеңдеріндегі төрт аяғы тең түскен ұйқастар мен әлі бала танымына бейтаныс тіркестер таңданысыңызды туғызбай қоймайды. «Бұл - құбылыс!» дегізерлік оқиға. Осы жылдың ақпан айында Алматыда Жамбылдың жыр кеші өтті. Шығармашылық кеш елдің көңілінен шығып, көкейіне қонады. Содан кейін бала Жамбыл Астанадағы Мырзатай атасына сәлем жолдайды. «Мырзатай атама сәлем айтыңдар, сәуірдің 3 күні Президенттің сайлауы өтеді. Нұрсұлтан атам қайта сайланады. Мен сәуірдің 5-інде сегізге толамын, сол күні Астанада Президенттің мәдениет орталығында жыр кешімді өткіземін» депті. Содан мен аң-таң болдым, бұл қандай бала деп. Телефон арқылы баланың ата-анасымен, баланың өзімен сөйлесіп, «Шырағым, біреулер араласып жүрген жоқ па» деп сұрадым. Анасы: «Жоқ аға, бұл біздің зарығып көрген перзентіміз. Денсаулығым нашар болды. Дәрігерлер «бала көтерме» деді, бірақ Алла бала берді, жарық дүниеге әкелдім. Балаға ойыншық әкелсек, қарамайды, тек қаламды ғана ұстай берді» деді. Сосын Жамбылдың өзімен сөйлесіп, «Астанаға кел, жолығайық, қауышайық, қазақта көрісу деген дәстүр бар» дедім» дейді Мырзатай аға. Жамбыл Наурыздың қарсаңында ата-анасымен Астанаға келеді. 22-наурыз күні Президенттің мәдениет орталығында өткен «Қош келдің, әз-Наурыз» деген шарада өлеңін оқиды. «Өлеңдерінің ішінде үлкен адамның өзі он ойланып, жүз толғанып таба алмайтын сөздер бар. «Колбинизим» деген сөз бар. «Өлеңді қалай жазасың?» деп сұрадым. «Өлең құлағыма ұйқасымен келіп сыбырлайды» дегенді айтты бұл бала. Жамбылға да, Мұқағалиға да өлең қонған ғой. «Өлең кірген түсіне жөргегінде мен болам» деуші еді ғой қарт Жамбыл. Кенен Әзірбаев Ноғайбай би айтты деген «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дегенді айтып еді. Бала Жамбылдың да құлағы өзінен қырық жыл бұрын туған сияқты» деп Мырзатай ағамыз ағынан жарылды. (Халима БҰҚАРҚЫЗЫ. «Жамбыл ақын қайта туды!»).
Сол, Жамбыл қазір республика жұртшылығына, үлкен-кішіге кеңінен танымал, белгілі. 2012 жылы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қорында «Періште тілек» атты тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында Нұрсұлтан Әбішұлы өзін бүгінгі жас ұрпақтың қарышты қадамы қуантып, сергек санасы тебірентетінін айта келе, «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан Жамбылдың мынадай шумақтарын келтіргені есімізде:
«Көк туым шалқып төрімде, елімнің бағы таймасын,
Жас болып ару Астанам, құлпырып күндей жайнасын.
Тәуелсіздігім – тәтті сый
Тәңірден келген, ағайын,
Бар қазағым бақыттың - жиырмасыншы жылын тойласын!»
Қадірлі ағайын! Біз бүгін, «Балапан» бағдарламасының жүргізушісі ретінде де кішкентай көрерменнің көзайымына айналған жас талант, Бала Жамбылдың «Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый» деп аталатын жыр кешінен әзірленген арнайы материалды «Мен қазақпын!» өлеңімен қатар назарларыңызға ұсынбақпыз.
«Жас құдіреттің жырларынан қарт Жамбылдың ұлы эпикалық сарынын, Мұқағалидың отаншылдық асқақ үнін естисіз. Жер дүниенің астаң-кестеңі шығып, бұлқан-талқан болып жатқан заманда осы баланы Алланың қазаққа берген сыйы ма деп қаласың. Көзден, тілден аман болса, жас пері қазақтың сөзін ұстағалы тұрғандай, осы баламен бірге Жамбыл да, Мұқағали да, олардың рухы да туған еліне қайтып оралғандай көрінеді.
Алланың құдіретіне шек бар ма! Алтын құрсақ аналар бұрын да талай даналарды туған ғой, Жамбыл бала – сол ұлылардың заңды жалғасы болғай».
Мырзатай Жолдасбекұлы.
Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый
Мен – қазақпын!
«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген»,
Мақтанамын анам туған тіліммен.
Дүниеге жар саламын айқайлап,
Сәби жүрек, пәк періште үніммен.
Мен – қазақпын, ұлылардың көзімін,
Абай, Мұхтар, Баукеңдердің сөзімін.
Жеткіземін жауқазындай жырыммен,
Жұбан, Мағжан, Сәкендердің сезімін.
Мен – қазақпын, мен – ұлтымның ұлымын,
Мұқағали, Мұхтарлардың жырымын.
Басқа жанға бас имейтін Тәңірден,
Мен азатпын, бір Алланың құлымын.
Мен – қазақпын, жатты бауыр көремін,
Қолда барды қонағыма беремін.
Пенделікті пейіліме жеңдіріп,
Ертеңіме еш алаңсыз сенемін.
Мен – қазақпын, алдаспандай өткірмін,
Елім десем, келмес қарап тек тұрғым.
Өкінемін өгейсітіп өз тілін,
Өзге тілде шүлдірлесе көп құрбым.
Мен – қазақпын, шындық менің ұраным,
Шындықты мен алашым деп ұғамын.
Тілім, жерім, елім дейтін еңіреп,
Ертең мен де ата жолын қуамын.
Қазақпын мен, пір тұтамын тілімді,
Қара нар боп көтеремін жүгіңді.
«Қазағым» деп қарс айырылған жүрегі,
Бала Жамбыл – мен боламын бүгінгі!
Мақтаныш, үміт, лебіз
«Мен үшін де, қазақ әдебиеті үшін де бүгін тарихи күн деп есептеймін. Ғажап құбылыстар болады. Ойда жоқ жерден ел таң қалатын дүниелер шығып жатады. ХХІ ғасырдан алда көп нәрселер күтемін. Сол күткен жақсылықтарымның басы мына Жамбыл балам деп ойлаймын. Маған енді немере есепті ғой. Ой өрісі ақыл тоқтатқан адамдармен тең. Шынымды айтайын, мен мына кішкентай Жамбылды танимын деп мақтанатын болдым. Студент кезімде Шәмшімен бір бөлмеде тұрдым. Сонда ұйықтап жатқанда оның құлағына терезеден бір шу естілетін. Сөйтіп оған ән келген. Моцарт төрт жасында құлағын басып жылаған. Оған музыка солай келген екен. Біздің Жамбылдың да дарынын тәңірім өзі көктен түсіргені күмәнсіз».
Асанәлі Әшімов