«Дала уалаятының газеті»- қазақ баспасөзінде ойып тұрып орын алған басылымдардың бірі. Газет мың сегіз жүз сексен сегізінші жылдың бірінші қаңтарынан бастап, мың да тоғыз жүз екінші жылдың көкек айына дейін он төрт жыл бойы Омбы қаласында шығып тұрды.
Басылым барынша алдыңғы көштің кемшіліктерін кері қайталамай, қателіктерінен сабақ алуға тырысты. Меніңше, сондықтан «Түркістан уалаятының газеті» салыстырмалы түрде өзге басылымдардан бергені бойынша артық болып, өзгелерден артта қалмады.
Редакция алқасы, озық ойлы оқырманы үшін бар мүмкіндікті қарастыра барын салған. Жанкүйерлерін жалаң сөзбен желіндетпей, байыптай отыра баппен сөйлеп, салиқалы да самақты ойларды ортаға тастайды.
Соның ішінде, жаныма жаққаны- газеттің әдеби жанрдағы материалдарды көптеп жариялауы. Бұл тізімде шетелдік классиктердің шығармалары,ақын- жазушылардың жұмыстары және әртүрлі аудармалар мен қазақ әдебиетінің тың туындылары бар. Атап айтар болсақ, Пушкин, Радлов, Крылов, Толстой еңбектері үзбей түпнұсқа мен аударма нұсқада жарық көріп отырған. Бұған қоса, шығыстың «Мың бір түн», «Ләйлі- Мәжнүн» тәрізді туындылардан үзінділер берілген.
Мен үшін, осылардың арасында, газеттің тұғырын көтерген- қазақ ауыз әдебиетінің құнды қазыналары. Олардың өзі бір сарында оқырманды сан соқтыра шаршатпай бірде Абай мен Ыбырайдың ағартушылық өлеңдерін шығарса, бірде батырар жыры мен лиро-эпостық жырлар жарияланды. Енді бірде оқырманға ақын- жазушылардың өлеңдері және қысқа көлемді әңгімелер жолданып отырды.
Міне, осындай құндылықтар «Дала уалаятының газетінің» абыройын асқақтата түсті. Және олар ауыз әдебиетінде айтылмасқа айналған дүниелерді кері жаңғыртып, жансызға жан бітірді.
Назерке Альбертқызы
Әл- Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті