Дала қызы
(Досқа сыр)
Қарашы, досым менің ана қызға,
Жұтынып таныса алмай қаламыз ба?!
Талдырмаш ару ертең мен білемін,
От болып түсер әлі-ақ арамызға.
Алдымен танысайын өзім болып,
Қалмасын қызғаныштан көзің толып.
Құтқарып қалайықшы аруды ана,
Барады жүрегінде сезім солып.
Сен көктен мен қарайын қара жерден,
Сұлуым, келбетің-ай дала көрген.
Досым-ау, білесің бе, дәл осындай,
Қанша ару адасып кеп қалада өлген...
Ех, досым, дала қызы дертім болған,
Еріксіз езіп тұрып еркімді алған.
Ана қыз еске салды ескі күнді,
Ескі күн сенде менің сертім қалған.
Жалған-ай жарамды аштың жүректегі,
Ана ару тіпті досым дір етпеді.
Тап сондай талшыбық қыз көңілі пәк,
Қай жерде отыр екен тілеп нені...
Дала қыз даламенен ауырады,
Көп гүлге көмкеріліп омырауы.
Алыстап бара жатыр, тек естілді,
Жетекте желген бұзау қоңырауы...
26.02.2015