Чех еліндегі күндерім. Нұрлан Албан мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі

Чех еліндегі күндерім. Нұрлан Албан мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі
жеке
блог

Чех еліне сапарымыз аяқталуға жақын қалды. Кутно-горадағы сүйектерге толы шіркеу, Збирок қорған сарайындағы кешкі ас, басты шара форумды артқа тастадық. Жүгімізді жинастырып, кетуге дайындалдық.

Форумда өзге елдерден келген делегация мүшелерімен танысып, жақсы араласып кеткен болатынбыз. Әрқайсысыларымыз өз еліміздің салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігі туралы айтып жаттық.

Алматыдан кетпес бұрын, жүктерімді жинастырып жатқанда, әкем: «Балам, өзіңмен бірге қазақ әуенін алып кет» деді. Содан соң, сөмкеме Жаңа Жыл қарсаңында Қорлан ару сыйлаған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің «Ер Тұран» атты екінші күйтабағы мен Нұрлан Албан ағам жеке өзіме сыйлаған «Сәлем» мен «Қарттарым, аман-саумысың» атты күйтабақтарын салып қойдым. Бар мақсатым өзге елде өз отандастарымды көріп жатсам, соларға табыс ету болатын. Алайда, уақыт тығыз, одан қалса біз жұмыс кестесіне тәуелді болдық. Қандас бауырларымды кездестіре алмадым(((.

Ең әуелі, Ресей, Моңғолия және Грузия делегация кетті. Олармен барлығымыз қимай қоштастық. Содан кейін қонақүй бөлмесінің кілтін тапсырып, өзімізде жолға кетуге дайындалдық. Бірақ та, бізден бұрын Әзірбайжан елі кететін болды. Бакуден келген делегация құрамында белгілі блоггер Владмир Зимин де болды. Уақыт өлтіріп, Вова екеуміз әңгімелесе отырып, қызығушылықтарымызды айта бастадық. Бір кезде Вова фольклорлық музыкаға жаны құмар екендігін, ол музыканы іздестіріп, тыңдайтынын айтып қалды. Мен де музыкадағы талғамыммен бөлістім. Бір кезде ұлттық музыка туралы сөз қозғадық. Мен өз ұялы телефонымдағы әндерді қосып, екеуміз қазақ ұлттық музыкасын бірге тыңдап отырдық. Ол біздің музыкаға қатты қызықты. Осы кезде есіме сөмкемде жатқан альбомдар түсті. Воваға «Тұран»-ның музыкасы қатты ұнағандықтан, оның қолына «Ер Тұран» альбомын ұстаттым. Ол мәз болды, тіпті, аспаптар туралы сұрай бастады. Сұрақтарының барлығына жауап беріп, оған ансабмль туралы ақпаратты қайдан алуға болатынын айттым. Кейін елге оралған соң, ол маған жеке хат жазып жіберіпті. Хатында музыканың қатты ұнағандығын, бейнебаяндарды тұщына көргендігін айтыпты. Тіпті, твиттерінде «ай лайкед Ер Тұран» деп бірнеше рет жазып тастаған. Вовамен қазір де хат алысып отырамын, бір сөзінде, ансамбльдің концертін өз елінде көргісі келетіндігін айтып қалды.


Сапар барысында біздің жанымызда Наталья деген чех елінің азаматшасы болды. Оның шешесі орыс екен. Өзі Прага қаласында туып өскен. Қазақстаннан келгендігімізді естіген ол кішкентай күнінде біздің елде болғанын айтып жатты. Болашақта Алматыға ат басын бұру туралы жоспарымен де бөлісті. Наталья бізге өз елі туралы көп ақпарат берді. Оған шексіз риза болдық. Натальяға естелік болсын деген ниетпен Нұрлан ағамның альбомдарын табыс еттім. Ол да мәз болды. Кейін хат алысып, хабарласқанда қазақ әнінің әсемдігін, Нұрлан ағаның дауысын естігенде күллі қазақ даласының сазын естігендей болғанын айтты.

Орыстарда «Сыйға алғанды сыйламайды» деген мақал бар. Меніңше, ол бос сөз. Екі орындаушының қолынан алған сыйлығым бұл күнде әлемнің екі нүктесінде жатыр. Мен соған қуанамын. Себебі, өзгелерде біздің сазды білу керек.

Өзгелерге осылай сый жаспа, өзім күйтабақсыз қалдым((((( Аман болса басым, күйтабақ та табылар))))