Күні кеше өзге елде іс-сапармен жүргенімді айтқанмын. Еуропаның көне қаласының бірі Чехия астанасы Прага қаласында Samsung компаниясының кезекті форумы өткен болатын. Форумда компанияның алға қойылған мақсаттары мен жүзеге асырылуға тиіс жоспарларымен қатар, өткен жылға үлкен қорытынды жасалды. Теңдесі жоқ жаңа өнімдер туралы алдағы күндері толығырақ «Техно» айдарында айтып кетемін. Ал мына жазбам, жалпы сапарым туралы болсын.
Әу бастан форумға шақыруды туған күнімнен соң, екі күннен кейін алдым. Қатты қуандым десем артық емес. Сапар жайлы толық мағлұмат алғаннан соң, шенген визасын рәсімдеу үшін құжаттар жинап, оларды өткізіп, ары-бері біраз жүгірдім. Іс-сапар уақыты жақындаған соң, сабағымнан сұранып, жолға дайындала бастадым.
«Еее, біздің мереке емес қой» деген күні, яғни ғашықтар мерекесінде жүктерімді жинап, әуежайға беттедім. Тіркеу уақыты жақындаған кезде ата-анам батасын беріп, шығарып салды.
Форумға Қазақ жерінен үлкен делегациямен, 200-ден аса адам бардық. Осы екі жүздіктің қатарында болғанымды қалайша қуанбаймын?!
Тіркеуден аман-есен өтіп, аз уақыттан соң, ұшаққа міндік. Украина елінің AeroSvit авиа компаниясының чартерлік рейсімен Прагаға қарай ұштық. Сапарымыз алты сағатқа созылды.
Жазушы-блоггер Рустам Ниязов және мен
Алты сағаттың ішінде бір-бірімізбен танысып үлгердік. «Әңгіме жол қысқартады» дегендей, көзді-ашып жұмғанша Чехия астанасының әуежайына қондық.
Блоггерлер: Дамир, Вова, Данил, Рустам
Кадр сыртында: Мен))
Прагадағы ауа-райы маған Алматының күз мезгіліндегі ауа-райын еске түсірді. Тек ызғарлы жел соғады. Сіздерге өтірік, маған шын, желден мен, тіпті, ұшып кете жаздадым.
Түнгі қала
Бізді форум ұйымдастырушылары қарсы алып, түнгі Праганың көшелерімен таныстырып, қонақүйге әкелді. Тіркеуден өтіп, әрқайсымыз пластикалық кілтімізді алып, бөлмемізге барып жайғастық. Бәрімізге Samsung CIS форум кестесін таратты. Кестеге қарап кеш жатып, ерте тұратынымызды, бос уақытымыздың мүлдем болмайтынын көрдік. Кешкілік асымызды ішкен соң, бөлмемізге барып демалдық. «Ертең ерте тұру керек» деп тәтті ұйқыға кеттік.
Келесі күні ерте тұрып, таңертеңгілік асымызды ішіп, барлығымыз автобусқа отырып, Кутна Гора қаласына жол тарттық. Бұл қалаға бару үшін бір сағаттай уақыт кетеді. Көзді-ашып жұмғанша Кутно Гораға табан тіредік. Бұл қаланың көрікті мекендері туралы толығырақ «Әлемтану» айдарында айтып кетемін. Әзірге шоши тұрыңыздар.
Бұл қаладан түстен кейін қайтадан Прага қаласына келіп, түскі асымызды іштік. Негізі, Чех халқы қазағым сияқты кең пейілді, қонақжай екен. Іс-сапар барысында 1,5 кг салмақ қостым.
Түскі астан кейін қонақүйге барып, киімімізді ауыстырып, автобусқа мініп, Рокицаны қаласының іргесінде орналасқан Збирог қорған сарайына кеттік. Бұл жаққа бару үшін де бір сағат уақыт керек екен. Збирог өте көне қалашық, қорған сарай XIII ғасырда негізін Збынек Заяц қалаған. Бұл қорған сарай туралы да алдағы күнде толығырақ айтып кетемін.
Көне қорған сарайды өз көзіммен көру арманым болатын. Арманым екі есе орындалды десем, өтірік емес. Қорған сарайды өз көзіммен көру былай тұрсын, мен осы ғимаратты аралап, форумның құрметіне ұйымдастырылған үлкен гала-кешкі асының қонақтарының бірі болдым. Осы кеште Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Солтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінен келген делегация мүшелері бір-бірімен жақынырақ танысты. Кешке black-tie бағытында киініп келу басты талаптардың бірі болды. Салтанатты астан кейін, Збирог қорған-сарайын аралап, құнды жәдігерлерді көрдік. Кеш өз мәресіне келген соң, автобуспен қонақүйге тарттық.
Осымен бірінші бөлімді аяқтаймын. Назарларыңызға рахмет! Прага қаласынан арнайы Massaget.kz үшін Ғазиза Ұзақ
P.S. Гала кеште Samsung компаниясының президенті мені биге шақырды деп мақтанып қояйын))))