Біздің түлектер- біздің мақтанышымыз!
блог
Мамыр айының соңғы сенбісінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түлектер күні аталып өтеді. Дәстүрлі түрде арнайы бағдарламамен, мерекелік концертпен тойланатын түлектер күні биыл да елеусіз қалмады. Әлемдік пандемияға қарамастан, ҚазҰУ түлектері мен қызметкерлері айтулы күнді онлайн форматта өткізді.
Филология және әлем тілдері факультетінің жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы да өз түлектерімен қауышып, салтанатты мерекені қашықтан атап өтті. Кездесу университет ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов пен ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қ.Ә. Мәмидің құттықтау сөзімен басталды. Құттықтау сөз университеттің халықаралық аренадағы жетістері туралы бейнероликпен жалғасты. Бейнероликтегі әл-Фараби кітапханасы, Ғалымдар үйі, Аквапоника нысаны, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы сияқты жаңа құрылыс нысандары мен университет инфрақұрылымының дамуы түлектерді тамсандырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия ЖОО-ларынан жалғыз болып QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде топ-210 ең үздік университеттер қатарына еніп, 207 орынды бағындырды. ҚазҰУ-дың халықаралық беделі күн санап артуда. «Times Higher Education» Британдық агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азияда алғаш болып әлемдегі ең үздік ЖОО-лар тобына кірді. «UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингінде ҚазҰУ 172 орын алды, Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы еуропалық рейтингінде ҚазҰУ «АА» бағасына иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының тобына енді. Танымал халықаралық «Great Value Colleges» (АҚШ) ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ әлемнің технологиялық дамыған университетінің ішінде 31-ші орынды бағындырды. «QS World University Ranking by Subject» пәндік рейтингі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша әлемдегі ең үздік 51-100 топқа кіріп, бірден 50 сатыға көтерілді. Университетіміздің аталған жетістіктері түлектер қауымын таңдай қақтырды. Әлемнің үздік университеттерімен қара шаңырақ ҚазҰУ-дың қатар тұруы түлектер үшін үлкен мақтаныш.
Кафедра түлектерімен кездесу барысында кафедра меңгерушісі, профессор Г.Б. Мәдиева түлектер назарына кафедра тарихын баяндайтын презентация ұсынды. Кафедраның өткен тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы баяндалатын презентацияда кафедрамыздың негізін салушы тілші ғалымдар туралы да айтылды. Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы бірнеше жыл қатарынан факультет бойынша көш бастап, университеттің үздік кафедралары қатарына енуде. Кафедра оқытушылары мен студенттерінің жетістіктері түлектер тарапынан жоғары қошеметке ие болды.
Сонымен қатар, көпшілік назарына «Тәлімгерлік» жобасы ұсынылды. Аталмыш жобаның түлектер мен қазіргі білім алушылар арасындағы сабақтастық пен сыйластықты ұлғайтуға бағытталғандығы көпшіліктің көңілінен шықты. Жоба идеясы бойынша университет түлегі қазіргі білім алушылар қатарынан қандай да бір студентті таңдап алып ерікті түрде тәлімгерлік танытып, оған жол сілтеп, бағдар беруі тиіс. Мұндағы мақсат, түлектердің университетпен байланысын нығайта отырып, бітіруші түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілуіне септігін тигізу.
Жыл сайын өтетін кездесуде түлектер кафедраның жалынды жастарын қолдап, арнайы шәкіртақылар тағайындайды. Аталмыш дәстүр биыл да орын алды. Белсенді студенттерді ынталандыру мақсатында бірқатар атаулы шәкіртақылар табысталды. Университет түлегі, бүгінгі таңдағы ардагер ұстаз Ж.У. Мукашеваның атаулы шәкіртақысы «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының биылғы түлегі С. Медетбекке, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары М.Қ. Мәмбетованың шәкіртақысы магистрант Б. Мырзабековаға, ал кафедра меңгерушісі Г.Б. Мәдиеваның атаулы шәкіртақысы докторант Г.С. Нәбиеваға табысталды. Шәкіртақы табыстаушы қазіргі университет қызметкерлері – кезінде қара шаңырақта бакалавриат, аспирантурада білім алған түлектері. ҚазҰУ түлектерінің қазіргі студенттерге шәкіртақы табыстауы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі іспеттес.
Zoom бағдарламасы арқылы өткен онлайн кездесуде АҚШ, Вашингтон қаласынан Тілдер жөніндегі біріккен ұлттық комитет – Тілдер және халықаралық зерттеулер ұлттық кеңесінің атқарушы директоры, Ph.D. У.П. Риверс, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Е. Саурықов, Американың Мэриленд университетінде ғылыми тағылымдамада жүрген кафедрамыздың аға оқытушысы, PhD Ж. Таубаевтар кафедра ұжымына видеоқұттықтауларын жолдады. Сонымен қатар, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек, айтыскер ақын Балғынбек Имашев, «Хабар-24» арнасының жүргізушісі, диктор Бауыржан Жақсылықов, Мичиган университетінде білімін жалғастырып жатқан Жолдас Өрісбай, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жадыра Мұзбаева, Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Дәулет Айгүл сынды кафедрамыздың дарынды түлектері жылы лебіздерін білдіріп, қара шаңыраққа арнауларын тарту етті.
Студенттік шақ әр адамның өміріндегі ең қызықты, жарқын кездердің бірі екені айқын. Сол себепті де, түлектер кездесуі естеліктер мен жүрекжарды тілектерге толы болды. Барлық дерлік түлектің «Біз ҚазҰУ-мен мақтанамыз» деп оқу ордасына деген алғыстарын айтып, ілтипаттарын білдіруі оқытушыларды ерекше қуантты. Еліміздің әрбір аймағында белді қызметтерді атқарып жүрген қара шаңырақ түлектерінің өз оқу орнын мақтан етуі білім берген ұстаздардың да кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатты. ҚазҰУ қабырғасынан түлеп ұшқан әр түлектің жетістігі университет жетістігі деп білеміз.
ҚазҰУ түлектерінің кездесуі университет ректорының басшылығымен ұйымдастырылған аса қажетті шаралардың бірі деп есептейміз. Ешбір кедергіге қарамастан, дәстүрлі кездесудің онлайн форматта өтуі түлектер, университет оқытушылары мен студенттері үшін қуантарлық жағдай болды. Мамыр айының соңғы сенбісі әрбір ҚазҰУ азаматы үшін айтулы күнге айналып үлгерді.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері
кафедрасының меңгерушісі Г.Б. Мәдиева,
доценті Ж.Ж. Күзембекова,
аға оқытушысы Г.С. Нәбиева