Біздің негізгі мақсатымыз – Жетісай қаласында рухани байлығымыз «Сырдария» университетінің бар екенін Қазақстанға таныту

 Біздің негізгі мақсатымыз  – Жетісай қаласында рухани байлығымыз «Сырдария» университетінің  бар екенін Қазақстанға таныту
жеке
блог

    Жайдарман сахнасында өзіндік қолтаңбасын  қалдырып келе жатқан «Сырдария» құрамасының аяқ алысы аз ғана уақытты қамтыса да,  әр ойын оларға жетістік сыйлайды. Алматы ашық лигасының және Премьер лига чемпиондары, Жоғарғы лига ойынының «Қола жүлде» иегерлерімен болған  сұқбатымызды назарларыңызға ұсынсақ.

–«Сырдария» құрамасы қалай құрылды? Кастинг арқылы ма, әлде әу бастан-ақ  осы жігіттермен топ құру жоспарда болды ма?

–2013 жылы Астана қаласындағы  «Маусымашар» фестивльіне барғанда іріктеу кезеңінде   Алматы ашық лигасына (Бірінші лига)  жолдама алдық. Іріктеуге  Жетісай қаласынан 2 команда барды. Біріншісі-Сырдария университетінің құрамасы, екіншісі-Жетісайдан құраған  жалпы құрама. Ойынға бөлек бардық-дағы, жолдама алған соң екі команданы біріктіру жайлы  Сырдария  университетінің басшысы – Есенгүл Сейілқызының ұсыныс жасады. Осыдан соң  Сырдария құрамасы құрылды. Командадағы жігіттердің құрамы сол кезде өзгерді. Ойыншыларымыздың бірі отбасылық жағдайларымен, енді бірі басқа мәселер бойынша командамыздан кетті. Қазірде құрамада 8 жігітпіз.

Марат Сәрсенбаев–капитан

Әбжан Нұрсейіт –Хабарлаушы, бірінші дауыс

Марат Түзел–ойыншы

Нұрсұлтан Үсенов –мотор.

Бекзат Боранбаев – өнерлі жігітіміз

Жаңабай Сайбуддинов –өнерлі жігітіміз

Жарылқасын Мұқағали –актер.

Диас Бектас –әуенмен әрлеуші (топер)                   

–Жайдарман ойыншыларына басты қойылатын талаптар қандай?     

    Нұрсұлтан: Жайдарман еңбекті талап етеді. Ешқашан тоқтап қалмау керек. Әрдайым ізденісте жүріп, еңбектену керек. Әр ойын маңызды. Бір ойын мықты көрсетілді ма? Келесі ойын одан да күштірек болуы  қажет. Сол үшін тек қана еңбектену керек.

    Марат Сәрсенбаев: Жайдарманның ең басты талаптарының бірі- ол халықтың алдында өзін-өзі ұстай білуі керек. Жайдарман тек қана халықты күлдіретін  сайыс болса, онда ол сайқы мазақтардың ортасы болып саналады. Жайдарманның цирктен басты айырмашылығы бұл жерде  білім керек. Ақылды сөйлей білу  керек. Жайдарман қоғамда, өмірде болып жатқан жағдайларды жеңіл, нәзік күлкімен жеткізе білетін доданың ортасы. Өнерде керек, тіл байлық та керек, түр керек, сосын спонсар керек. Ең бастысы – білім керек.

 

     –Ата-аналарыңыз тарапынан қарсылық білдірген кездер болды?

    Әбжан: Жоқ, менде ондай жағдай болмаған. Керісінше, маған: «Ойна, көр, үйрен» деп қолдау көрсететін. Қазірде Аллаға шүкір ата-анам жан-жақтан, теледидардан көріп әрекетіме риза. Жайдарманның арқасында мәдениеттілігімді арттырып, тәртібімді өзгертіп, сабаққа қарап, өз-өзімді алып жүретін жағдайға жеттім. Осының бәрі достықтың, сыйластықтың арқасы деп есептеймін.

    Марат Сәрсенбаев: Менде бастапқыда ата-анам тарапынан қарсылықтар болды. Себебі: 2012 жылы мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрдім.  2006-2011 жылдар аралығында колледжде оқып жірген кезде көзге түскеннен кейін, 2012 жылы  ойынға ауданнан күтпеген жерден  шақырту келді. Сол жылы Шымкентке «Үміткерлер» құрамасының ойыншысы болып бардым. Сол кезде ата-анам: «Сен мұғалімсің, жұмысыңды жаса! Жайдарман саған не береді?» деген секілді әңгімелер айтылды. Бірақ, республикалық сайыстарға барып, эфирден көріне бастаған соң ойларын өзгертті. Бірдемеге мақсат қойсаң, оның түбіне жету үшін  бар күш-жігеріңді жинап, еңбектеніп дәлелдей білуің керек. Бір дәлелдеген соң басқалардың саған деген  ойы өзгереді. Қазірде,  Ең мықты жанкүйеріміз ата-анамыз!

     Нұрсұлтан: Ата-анам басында қарсы болмаған, ортасында да қарсы болмады, қазірде қарсы емес. Әрдайым барынша қолдау көрсетіп,шынайы жанкүйер болады. Анамның маған әрдайым  айтатын бір сөзі бар: «Балам, сен мен үшін әрдайым чемпионсың» дейді. Сондықтан осындай әсерлі сөзден соң әр ойында барымды салып өнерімді көрсетемін.

     Марат(ойыншы): Менің де ата-анам қарсылық білдірген жоқ. Ол кісілер керісінше қолдау көрсетуден жалыққан емес. Әр ойынымды  қалдырмай көріп, жанкүйерлік танытып отырады.

    –Ал, Жайдарманды  ойнап жүргендеріңізге қанша уақыт болды? Мектеп қабырғасынан бастап ойнап келесіздер ме?

     Марат Сәрсенбаев: 2006 жылы, яғни   9-шы сыныптан  бастадым. Ол уақытқа дейін аса белсенді болған жоқпын. 9-шы сыныпта «Тау  самалына» барып, жан-жақтан келген талантты қыз-жігіттерді көріп,   КВНге қызығушылым  ашыла бастады. Кейіннен колледжге келіп, ойынды тек  қызығушылықпен ойнап жүрдім. Ал, кәсіби түрде үлкен сахнада 2012 жылдан бастап өнер көрсете бастадым.

     Әбжан: Менің бұл өнерге қадам алысым 8-ші сыныптан басталды. Мектепте оқып жүргенде, қалалық жарыстарға қатысып жүретінбіз. 2012 жылы осы университетке түсіп, 2013 жылдан бастап «Сырдария» командасының  құрамасындамын.

     Марат(ойыншы): Менде  бұл ойынды  мектеп  қабырғасында жүріп бастадым. 11-ші сыныптан бастап. 2014 жылдан бастап  «Сырдария» құрамасының мүшесімін.

     Нұрсұлтан: Мен 10-шы сыныптан бастап ойнап келе жатырмын. Мақтарал аудандық,  Шымкент қалалық жарыстарына қатысып бой көрсетіп жүрдім. Былтырдан бастап университетітіміздің құрамасының мүшесімін.

     Марат Сәрсенбаев:  Жалпы «Сырдария» командасы 2013 жылы құрылды. Құрама құрылғалы бері Әбжан Нұрсейіт, Марат Сәрсенбаев қазіргі кезге дейін ойнап жүріп келе жатқандар. Ал, 2014-2015 жылдардан бері келгендер олар бертін келе өнер көрсетіп жүргендер. Оған дейін командада: Әлішер, Нұрдәулет, Абай, Нұрислам, Нұрлан  секілді жігіттер өздерінің   бір себептерімен ойыннан кетті.

    –Сіздер үшін «Күлкі» деген не мағына береді? Мысалы былай алайық, «Күлкі- күштінің қаруы» ол арқылы бақыт сыйлауға немесе келемеждеуге болады.

    Әбжан: Айқайласып жүргеннен көрі, күліп жүрген барлық адамға жарасады. Күлкі деген өміріңнің бірден-бір мықты қаруы. Ол арқылы ғажап дүниелерді жасауға болады. Мынандай сөз бар. «Күлдіре білу қиын, күлкіге қалу оңай» деген.

    Марат Сәрсенбаев: Жайдарман саласында жүрген соң күлкінің баламасын сол арқылы жеткізсем. Ойын барысын тамашалауға  қаншама көрермендер келеді. Аллаға шүкір  «Сырдария» құрамасы ойнайды деп жанкүйерлік танытып, қолдауға келген көрермендердің үміттерін ақтап,  олардың езулеріне күлкі үйірте білсек, осының өзі біз үшін үлкен  мәртебе.  Ол деген сөз- біздің еңбегіміздің ақталғаны. «Күлкі – адам өмірін  жасартады» дейді ғой. Сол үшін  мен де  оны жасару деп ойлаймын. Ал, басқалардың өмірін жасарту, ол – үлкен бақыт.

   –Бір ойынға дайындалу үшін қанша  уақыт кетеді?

   Марат Сәрсенбаев: Ойынға дайындалу үшін бізде нақты қойылған уақыт жоқ.  Мысалы: әр ойында әр түрлі келеді «Сәлемдесу» 7 мин, «Қайым айтыс» сондай секілді, енді  бірінде 4 конкурс  «Сәлемдесу», «Қайым айтыс» , «Видео ролик» деген сияқты. Конкурстан бөлек кез-келген уақытта дайындық шабытқа байланысты. Шабыт келіп тұрса, жігіттердің идеялары толып, ойларымыздың бәрі бір-біріміздің шығып, әзілдеріміз үйлесіп жатса   онда көп уақыт кетпейді. Кейде мынандай жағдай болады: жігіттер оқуда, Әбжан екеуміз жұмыста миы шаршайды. Танертеңнен кешке дейін жұмыста неше түрлі мәселе болады, отбасылық жағдайымызға байланысты шаршаймыз. Шаршаңқы болып жүргенде дайындықтың да мазасы болмайды. Ол кезде көп уақыт уақыт кетеді. Мысалы ¼ финалда «Бауырсақ» деген ертегіні біз сценариді 10 минутта жазғанбыз. Сәтті шықты. Барлық нәрсе шабытқа байланысты.

    –Негізгі мамандықтарыңыз қандай?

    Марат Сәрсенбаев: менің математика-инфарматика пәнінің мұғалімімін.

    Әбжан Нұрсейіт: Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мамандығының 4 курс студентімін. Биыл оқуымды аяқтаймын.

    Марат Түзел: Қазақ тілі мен қазақ  әдебиеті мамандығының 2 курс студентімін.

    Нұрсұлтан Үсенов: Информатика мамандығының  І курс  студентімін.

    –Сахнада айтылатын сөздерді ұмытып, қимыл іс-әрекеттен шатасып қалып немесе басқа да ыңғайсыз жағдайларға тап болған кездеріңіз болды ма? Жалпы қызықты оқиғаларыңыз?

     Әбжан  Нұрсейіт: Жоғарғы лигада Қазмедиада өткізілген ¼ ойынында тарихи көріністе Мараттың жоңғарларды қыратын жері бар. Сол кезде қылыш тығатын тұсында бір емес,   екі рет тығып «Жұп болсын» деп  импровизация жасағаны бар.  Ол импровизация халықтың көңілінен шығады.

    Марат Сәрсенбаев: Кеше ғана 1/8  ойынында Заттыбек ағаға қатысты әзіл болатын. Арнаулы әзілді айтуды ұмытып кетіппін. Әзілді «Айттым – айттым» деп ойласам, оны ойында емес, дайындықта айтыппын. Кейін Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагокигалық Инстититутына жеке концертімізбен барғанбыз. Сол кезде жартылай финалдағы әзілімізді  ойнадық. Сценаридің арасында Нұрсұлтанның мынандай сөзі бар болатын: «Сыншы жіберейік сынап қайтсын, тыңшы жіберейік тыңдап қайтсын» деген сөздің орнына сыншыдан  кейін бірден «Биші жіберейік  билеп қайтсын» деп сөздерден шатасқан болатын. Сахнада көп қызықты жағдайларға тап боламыз, бірақ бір-біріміздің артымызда жауып, сыр бермеуге тырысамыз.

   –Мықты қарсылас команда деп кімді есептейсіздер?

    Марат Сәрсенбаев: Ойын кезінде есептесу болатын шығар «Мыналардан қалып бара жатырмыз» деген секілді. Ал, аналардан озу керек еді қалып бара жатырмыз деп басқа командалардан өзімізді төмен немесе жоғары санамаймыз.  Біздің басты мақсатымыз- ойынға келдік па? Біз үшін жиналған қауымның көңілінен шығып, өнер көрсете білу керек. Барлық команда біз үшін мықты қарсылас. 1/8 ойынында біз резервпен өттік. Көпшілік ойлап қалады: «Мыналар 1/8 ойынына резервпен өтті, анық ойыннан ұшады» деп, бірақ шын мәнінде ¼ ойынында ең көп ұпай жинаған команда біз болдық. ½ ойынында да жоғарғы бал жинап, премьер лигада чемпион болдық. Сол  секілді мына  команда  мықты ойын көрсетеді-ау  деген кезде, ол осал ойнап қалады. Ал, бір команда болады, мына команданың дайындығы әлсіз-ау деген сәтте, керісінше ол команда озып шығады. Барлық нәрсе дайындыққа байланысты.

    Нұрсұлтан Үсенов: Әр ойын  сайын Мараттың айтатын сөзі бар: «Біз үшін бастысы кубок емес, халықтың көңілін көтеру, әдемі ойын ойнау» деп. Ол сөзкоманданың ұраны.

    –Команда да неге «Қыз» баласы жоқ?

   –Команда  да қыз жоқ. Алдында ой болған командамызға қыз алу. Университет ішінде жүріп кастингте жасап көрдік. Бірақ, командамызға қосылу үшін ең негізгі талап ол- осы «Сырдария» университетінің студенті болу керек. Әрине, өнерлі қыздар көп болды, дегенмен командамыздың стилі қыз баласына келіңкіремейтін сияқты. Мүмкін, ертең «Жаңару» маусымында ширек финалға қыз алып шығатын шығармыз. Ол жайлы ойланып көру керек  екен.

     Нұрсұлтан: Кейде ойында қыз баланы талап ететін жағдайлар болып қалады. Сол кезде Астанада оқитын қарындасымызды (Несібелі)  ойынға қатыстырамыз.

    –Әзілдеріңіздің басым көпшілігін ойдан шығарасыздар ма, шынайы өмірден аласыздар ма?

 

     Марат Сәрсенбаев: Альберт Эйнштейннің мынадай сөзі бар: «Білімнен де жоғары тұратын нәрсе-фантазия» деп. Қиялың болатын болса, алынбайтын белес жоқ. Бірақ, қазір Жайдарман ойынында  қияли әзілдерге қарағанда, өмірде болып жатқан саяси, актуалды жағдайларды әзілмен жеткізіп жатқанды жоғары бағалап жатыр. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар, себебі: жеңіл күлкіден аулақ болу керек. Біздің команда да көбінесе жігіттермен  жиналғанда бастарынан өткен қызық  оқиғаларымен бөліседі. Әзілдерімізді  соған қатысты да, қиялды да ұштастырып  шығарамыз.

     Нұрсұлтан: Әзіл шығару бағыты әр түрлі, кейде қиялдан кейде шынайы. Халыққа танылған актуалды мәселерді әзіл ретінде шығарсақ, ол жиналған қауымға  да, әділ-қазы алқасына да түсінікті болады.

    –Қай қалада жанкүйерлеріңіз көп?

   Әбжан: Жетісай, Шымкент, Астана. Қазақстанның түкпірінде бар деп ойлаймын. Себебі: әлеуметтік желілерде ыстық лебіздерін білдіріп жатады. Қайдансыз деп сұрасаң, әр қаланы айтады.  Оңтүстіктің тілі жалпыға ортақ тіл. Диалект көп пайдаланбаймыз. Сөздеріміз түсінікті. Бәлкім, тіліміздің тазалығы да ойынға әсер етеді. Жалпы әр қаланың тумасы- өз қаласына жанкүйер.

   –Сценарилеріңізді кім жазады?

    Марат Сәрсенбаев: Сценариді команда да ақылдасып жазамыз. Нақты бір адамға  күш салып қою қиын дүние.

    –Естуімше әзілдеріңізді Хамит Ердехан жазады солайма?

    Марат Сәрсенбаев: Ол кісінің  бізге жасаған жақсылытары мен төгілген терлері көп. Оны ұмыту мүмкін емес.  Бізге көмектескен ағаларымызды айтар болсақ, ең әуелі – Аятдин Сүлейменов, «Витамин» командасының ойыншысы, бізді осы Жайдарман  ойынына алып келген, Жетісайдың бар екенін  КВН ойындары арқылы алғаш елімізге танытқан аға ойыншы. Сол кісі арқылы біз Хамит Ердеханмен таныстық. Қазірде сценаридің қаңқасын өзіміз түзеп алып барамыз. Хамит пен Аятдин ағаларымызға көрсетіп,  өңдейтін жерін түзейміз. Біз келе жатқан жолмен ағаларымыз қашан жүріп кеткен. Сол себепті жолдың қай жері тегіс  екенін жақсы біледі. Есенгүл Сейілқызына да айтар алғысымыз шексіз. Сол кісінің арқасында үлкен сахна дәмін татып, халықтың ыстық ықыласына бөлендік.  Ал, былай сценариміздің 80% дерлік командамыздың мүшесі Нұрсұлтан жазып шығады.

     –Танымалдылық жеке өмірлеріңізге өзгеріс алып келді ма?

    Марат Сәрсенбаев: Таныс көбейді. Сен ол кісіні танымауың мүмкін, бірақ келіп амандасып, жағдайларымызды сұрап, ыстық лебіздерін  білдіріп жатады. Немесе таксиде отырған кезде де кейбір ағаларымыз танып, тегін алып келіп тастайды.

    Әбжан: Нағашыларымның ауылына барғанда, үлкен кісілер танып ақ батасын беріп жатады.  Ауданымыздың атын  елімізге танытып  жатырсыңдар деп өз ризашылықтарын білдіреді. 2014 жылы премьер лиганың финалына бара жатқанда Мараттың әжесінің батасын алып шықтық. Сол батаның арқасы да болар сол ойында чемпион атанғанымыз.

     Нұрсұлтан: Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – Жетісай қаласында рухани байлығымыз «Сырдария» университетінің  бар екенін Қазақстанға таныту. Жайдарман ойынын бүкіл қазақ елі көріп тамашалайды. Сол арқылы университетіміз жайлы да біледі.

   –Тағы қанша уақыт ойнайсыздар «Жайдарман» ойынын? Арттарыңыздан еріп келе жатқан ізбасарларыңыз бар ма?

     Марат Сәрсенбаев: Артымыздан еріп келе жатқан шәкірттеріміз бар. Биылдан  бастап «Жетісай құрамасы» деген атпен Алматы бірінші лигасында өнер көрсетіп жатыр. Келесі жылы бұйыртса, телевизиялық жобаға шығуы мүмкін. Біздің ізбасарларымыз солар болғанымен, «Сырдария» құрамасының ізбасарлары  Нұрсұлтан Үсенов, Марат  Түзел, Бекзат, Жаңабай, Диас, Мұқағали деген жігітер Жайдарман сахнасында әлі 2-3 жыл ойнайды басшылық қолдап жатса. Ал, менің сахнада биыл соңғы жылым.

    Нұрсұлтан: Биыл біз алдымызға нақты мақсат қойдық «Чемпион» боламыз деп.

    Марат Сәрсенбаев: Жайдарманда ең басты мақсат – чемпион болу емес. Жайдарманда  екі мақсат бар. Бірі – чемпион боламын деген, екіншісі- халықтың көңілінен шығамын  деген. Негізі халықтың есінде екінші ұстанымды ұстаған ойыншылар қалады. Былай алып қарасаңыз, чемпион болуды мақсат тұтқан команда халықтың есінде қала бермейді. Мына команда деп айтпай-ақ қойайын, дегенмен «Сағыз» чемпион болған жоқ, дей тұра халық ол команданы сүйеді. «АЭСА» командасында ойнаған Арслан деген жігіт болатын. Ол үнемі «Не чемпион болып қалу керек, не халықтың сүйікті ойыншылары болып есте қалу керек» дейтін. Осы екі жолдың бірін әу бастан таңдап алу керек.

   Әбжан: Биыл бұйыртса,  4 курспын. Егер де, магистратураны жалғастыратын болсам, онда сахнада тағы 2 жылдай боламын. Университет басшылары рұқсат беріп жатса, ары қарай жалғастырамыз. Бірақ, бірден кетіп қалсаңда болмайды. Себебі: сахнаны, халықтың ыстық ықыласын сағынасың.  Жайдарман ол-наркотик. Біреулер өзіне «Лицо» жинап алу үшін ойнайды. Ондайлар көп.

   –Марат қандай капитан?

    Марат Сәрсенбаев: Жалпы сыртына қарап баға беру дегенге өзім теріс пкірдемін. Көбісі айтады екен: «Марат басқа балдарға қарағанда кісі. Адам менсінбейді» деп. Сол кісілерге айтарым «Келіңіздерші сөйлесейік». Жалпы адам қай жерде болмасын өзін сол ортаға сай ұстау керек қой. Ол маска кигенге жатпайды. «Нұр Отанның» жиналысына спортивка киіп бармайсың ғой. Сол секілді әр ортаның өзіне тән  атмосферасы бар. «Дружба- дружба, служба-служба»

    Әбжан: Көп командада капитандары өзім шықсам, өзім ойнасам деп басты рөлдерді  өздеріне алып алады. Жиі көреміз ондайды. Ал, Марат өмірде де, сахнада да бір Марат. Мараттан жаманшылық көрген емеспін.

    Нұрсұлтан: Марат – аға капитан. Жайдарманнан тыс шынайы өмірде де «Сендерді халық көреді. Өздеріңді кез-келген жерде лайықты ұстаңдар» деп ағалық ақылын айтады. Жүрер жолымызды түзеп, ағалық қамқорлығын аямайды.

    Марат Сәрсенбаев: Командадағы жігіттеге ризамын. Кейде кемшіліктерін бетіне айтамын. Оларды жақсы көргендіктен айтамын, әрине. Егер маған бәрібір болатын болса, бұларда менің шаруам болмас еді. Жүрсе жүре берсін дер едім. Кейде жігіттер менің кемшілігімді айтады. Бірақ, айтылған сынды дұрыс жағынан түсінер болсақ, ешбір реніш болмайды. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» дейді ғой. Сол үшін барынша жігіттерге дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын.

 

                                                                                                 Сұқбаттасқан: Дана Пердеш