Біздің мақтанышымыз

                                               Біздің мақтанышымыз

             Спорттың күрес саласында өзінің шеберлігін танытып, биік белестерден көрініп жүрген Петропавл қаласының күресші қызы Улбике Қасымбекова Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанды. Оған қоса республикалық тунирлерге барып, жеңісті қолдан жібермей жүлделі орындар алып жүр. Олардың ішінде Түркияның Измир, Беларусияның Минск қалаларында қыздар мен жасөспірімдер арасындағы өткен дүрбелең сайыста екінші, үшінші орын алып бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналды. Нақ осы жылы Ресейдің Түмен қаласында бірінші орын алды. Жаста болса талантты, талапты қызымыз Грузияда, Қырғызтанда, Тайпейде тағы да бірнеше қалаларда болып Қазақстанның атағын шығарып, көп туымызды көкке желбіретіп жүр. Осы сәтті пайдалана отырып, қаламыздың мақтанышымен әңгімелесуді жөн көрдік.

-Спортқа қызығушылығың қалай басталды?

-Менің спорт әлеміне келуіме себепші болған бапкерім Бақытжан Сайдоллаев ағамыз. Бесінші сыныптан бастап маған күрестің қыр-сырын үйретіп жүр.

-Күрес жалпы қыздар үшін өте күрделі, алғашында спортпен айналысуыңа отбасың қарсы болған жоқ па? Сені басында кім қолдады?

-Әрине, отбасым басында қарсы болды. Күреспен жүріп сабағың нашарлап кетеді деп ойлағаны рас. Бірақ уақыт өте екеуін де алып жүру қолымнан келетінін дәлелдедім. Мені қолдаған әкем болатын. Әкемнің қолдауының арқасында көптеген жетістіктерге жетіп жүрмін.

-Сені басқа қалаларда көп болады деп естідік, жат елде жүргенде елімізді сағынасың ба?

-Көптеген қалаға барсам да, дәл өз отанымдағыдай жұмақ жерді көрмедім. Іштей үнемі елімді ойлап оның суын, ауасын, табиғатын,қонақжай адамдарын сағынып жүремін. Әсіресе анамды көп ойлаймын. Алыста болса да тілеуімді тілеп отыратын анамнан күш аламын.

-Спорт өнерінде өзің пір тұтатын адамың бар ма?

-Осы уақытқа дейін мен біреуді пір тұту жайлы ойлап көрмедім. Басында тек жаттықтыруымшы сияқты мықты болғым келді, оның әр үйреткен тәсілін тез меңгеріп соған еліктейтін едім. Менің пірім ол-менің жаттықтырушым. Шын мәнінде Улбикені, Улбике еткен менің бапкерім. Осы дәрежеге жетуім тек оның ғана еңбегі мен сенімінің арқасында. Бақытжан ағайыма алғысым шексіз.

-Алға қойған мақсаттарың қандай?

-Менің ең басты арманым Азия чемпионы атанып шет елде Қазақстанның ән ұранын шырқатып, байрағымызды биік етіп көтеру. Әр күні тынымсыз жаттығып, мақсатыма жетемін деген үміттемін. Содан соң 11-сыныпты жақсы тәмамдап өзім армандаған жоғары оқу орнына грантқа түсу.

-Ал, ендеше мақсатыңа жетуіне тілектеспін, сені әлі талай биіктерден көретінімізге сенімдімін

                                                            Әңгімелескен Маржан Қасымбекова,

                                                             Новокаменка орта мектебі

 



Бөлісу: