Қазақ небір бейнетті күндер кешіп, зорлық пен қорлық, қайғы мен қасірет шеккен халық. Қалың қазаққа кесапат болып жабысқан, аяғына тұсау болған бодандық 300 жылға жуық уақыт жолын кес-кестей берді. Қалың ұйқыға кетіп, қара түнекке кірген халықтың басынан не өтпеді?! Сондай бір қиын-қыстау заманның бірден - бір куәсі - Міржақып Дулатов болса, дәлелі-Біздің мақсатымыз мақаласы. «Ең алдымен қазақ халқы-Россияға тәуелді халық»-деп басталады мақала. Қазақты қара жерге таптап, жаншып: «Көк тиын құны, қаңбақ құрлы салмағы жоқ»-деп санаған патша үкіметінің отарлау саясатын аяусыз сынаған бұл мақалада үлкен саяси астар бар.
Мақалада, сол кезеңдердегі сайланған чиновниктер мен урядниктер қазақ жеріне келіп ойран салса, өзіміздің бай-шонжарларымыз қара басының қамын ойлап, патша үкіметінің қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айналғандығы жайлы анық, ашық жазылған. Отаршылдық саясатты жүзеге асырушылардың бірі патша үкіметі ғана емес, ішімізден шыққан «қара шұбар жыландар-байлар» болғаны өте өкінішті! Кедей халықтың мал-мүлкін талан-таражға салып, басына әңгіртаяқ орнатқан чиновниктердің көрсеткен қорлығы аздай, орыс мұжықтары келіп қосылды. «Чиновниктерді арқалаған олар өздеріне жайлы қазақ жерін еркін икемденуде. Тұтас ауыл болып келсе бұлар сорлы қазақтарды ұрып-соғып, бар мал-мүлкін тартып алып кетуде»-деп жазылған мақалада. Әрине, орыс мұжықтары да кедей қазақ жұмысшылары сияқты саясаттың құрбаны болар. Сондықтан да, барлығына оларды айыптай алмаймыз. Бірақ, қазақ не істеуі керек? Россияда жер жетпесе, мұжықтарға қазақтың жері табылады да, қазақ өз жерінен айырылып, алақан жайып отыра ма?! Орыс мұжықтарына жер әпереді де, ал қазақтың өзіне тиесілі жерді кім даулайды? Ұлт зиялылары ма? Зұлмат заманда «тыңшы», «ұлтшыл», «үгіт-насихат жүргіздің» деген негізсіз, ақылға қонымсыз айып тағылып, темір торға тоғытылып, итжеккенге кетіп, «елім» дейтін ердің көзін құртып отырса, қазаққа жаны ашитын кім қалады? Қара халықтың мұң мен зарын еститін жан бар ма? Осыдан кейін, қандай құқық туралы әңгіме болуы мүмкін?!
Мақалада, қазақ халқын тілінен, дінінен, ділінен, әдет-ғұрпынан айыру мақсатында өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру арқылы жасалған орыстандыру саясатының көрінісе де өз орынын тапқан. Сонда, қазақ дүние-мүлкінен, шұрайлы жерінен, малынан, тілі мен дінінен айырылса, ұлт дейтіндей несі қалмақ? Патша үкіметінің мақсаты- қазақ халқын қараңғы қапасқа қамап, мәңгүрт болып қалуы ма? Міне, мақаланың астарлап бізге айтқысы келгені осы! Азаттық қозғалысының алғашқы сәулесіндей жылт еткен «Серке» газетінің жабылуына да осы мақала себеп болды. Жоғарыдағы келтірілген дәйектер газеттің жабылуына себеп болуға толықтай негіз бар екенін растайтындай. «Біздің мақсатымыз» мақаласына мұқият назар аударсақ, Міржақып Дулатовтың демократиялық ұстанымын байқай аламыз. Оның бар қалауы – патша үкіметінің екі ұлтқа да тең қарап, қазаққа әділеттілік танытқаны. Қиыншылық пен таршылық заманда патша үкіметіне қарсы сөз сөйлеп, саясатын сынға алудың өзі үлкен ерлік екенін естен шығармаған жөн. Патша үкіметіне ашықтан-ашық шындықты айту арыстанның апанына барып, жемтік болумен тең. Ұлт зиялыларының кезінде бодан болсақ та, қалам алып, шындықты жазуға сескенбейтін едік. Қазір, тәуелсіз болсақ та, көлеңкемізден қорқып, көзбен көргенді жазуға сескенеміз. Міржақып Дулатов сынды қайсар тұлғалардың жалғасы болар журналисттердің қоғамда аз екенін көз көріп жүр. Бұл қуантарлық жағдай емес.