Біздің жігіттер!!!

Біздің жігіттер!


Бүгін бұрынғы кезде мейрам деп есептелген 23-ақпан жігіттер күні екенін ескеріп, Мен жанымда жүрген жігіттер жайлы жазба жариялауды ұйғардым. Негізі көптен бері ойда жүрген еді. Өйткені, үш жылдан бері таңертеңнен кешке дейін бір жерде жұмыс істеп, бірге тамақтанып, бірге қайтатын әріптес жігіттер, туған бауырларыңдай етене жақын болып кетеді екен. Бәріміз бір үйдің баласындай болып кеткен, ерекше атап өтетін Төрт жігіт туралы айтқым келіп отыр. Оларды неге басқалардан бөле-жара жазғанымның себебін түсіндірейін. Біздің ұжым негізі өте үлкен. Бүкіл ұжым ұйымшыл әрине. Бірақ бәрімен бірдей әңгімең жараса бермейді ғой енді. Қызықтары бір, яғни приколдары ортақтар - өзара бір топ. Кез-келген көп адам жиналған ұжымдарда да сондай шығар?! Сонымен көп созбай негізгі не жазғым келгеніне көшейін. Менің әңгімем жарасып, ортақ прикол ұстайтын жігіттер, олар: Болатбек, Жарқын, Сәкен, Әзиз. Оларды осы жерде бәрі дерлік біледі, бірақ менің білгенімді, білмейтін шығар?!:)) Жеке тоқталып өтейін. Бәрі де мінезге бай, бір-біріне ұқсамайтын ерекше, ал әңгімелері жарасады.

Болатбек – ол ерекше жаратылған жан. Оның өзін ұстауы әркезде әртүрлі. Оны алғаш «Алаш айнасына» келген кезде көргенімде, оқымысты, қалада өскен жігітке, мультиктегі Знайкаға (очки тағатын болған соң шығар) ұқсататынмын. Менің оған ырза болатын кездерім де, қатты көңілім қалатын кездер де болады. Бірақ ең бастысы, оның ешқашан ешкімге жамандық жасамайтыны, арамдық істемейтіні. Жеке басының қамын ойлап, біреуге кесірін тигізбейтіні. Алайда көңіліне келетін сөз естіп, өзіне ұнамайтын тірлік жасаған адамды аямайды. Әрине ешкімді ұрып соқпайды, бірақ сүйегіңнен өтетін сөздермен жаныңды шығарады. Ол ашуланып тұрып айтқан сөздеріне есеп бермейді, ал кейінірек сол үшін өкініп, кешірім сұрауы да ғажап емес. Менің бір рет одан жазықсыз сөз естіп, қатты көңілім қалып, мүлдем сөйлеспей кеткен кезім болған. Бірақ, сол кезде сөйлеспей жүрсек те, мені туған күніммен құттықтап смс жіберген. Мен іштей ырза болдым. Ол да өз қателігін түсініп, өкініп жүргендей болды.  Бірақ бірден түк болмағандай сөйлесіп кете алмай жүрдім. Кейін уақыт өте келе, (Жарқынның тойына бара жатқан кезде ғой деймін) әңгімеміз де күшті жарасып, «өсек-өмірдің гүлі»-деп, подрушкалар сияқты болып кеттік. Кейде жұмыстан үйге дейін екеуміз жаяу қайтатынбыз. Жол-жөнекей 28-Панфиловшылар паркінде отырып біраз сөйлесетінбіз, сыр бөлісетінбіз. Одан кейін, ол менің махаббат хикаяма, мен оның махаббат хикаясына өз көзімізбен куә болдық. Олай дейтін себебім, мен квартирада қыздармен тұрған кезде, ол біздің үйге жиі келіп тұратын. Үйдегі қыздардың бірін оған ойнап жабыстырып жүріп, олар ақыры кәдімгідей әмпей-жәмпей болып, жүріп кетті. Ал Мен Нұрмұхаммедпен жүретінмін. Сонымен кейде төртеуіміз қосылып қыдыратынбыз. Ой небір қызық күндер бастан өтті ғой... Бірақ, өтті де кетті! Енді қазір төртеуміз, қыдырмақ түгілі, аздап бөтенбіз... (бұрынғыдай етене жақын емеспіз) Сол кезде Болатбектің қыр-сырына қанық болдым деп айта аламын. Ортақ әңгіме де көп болатын. Қазір де жаман емес. Әріптес ретінде ойнап-күліп жүреміз:))

Жарқын – ол әзіл-қалжыңға ерекше жақын. Адамдарға жұғымы бар жан. Әсіресе қыздарды бірден үйіріп әкетеді, алып бара жатқан түрі болмаса да:))) Әзіл-қалжыңға ебі бар. Қарапайым жазбасының өзі тартымды болып тұрады. Кешегі Массагет.кз.-ке жазған посты дәлел. Оны он.кз. сайтында жұлдыз болып отырғанынан да байқауға болады. Тез тіл табысып, адамды өзіне баурап алатын қасиеті бар. Олай ойлауыма да себеп бар. Осы «Алаш айнасына» алғаш бәріміздің басымыз жан-жақтан жиналып жатқанда, бірінші білісіп-танысуға жаныма Жарқын келген. Әлі есімде 2009-жылдың 5-қаңтар күні, жаңа жылда - жаңа жұмысқа орналастым. Оның үстіне, жұмысқа шыққан күннен бастап, Гоголья-Сейфуллинадан Бегалинаға, жаңа офиске  көшіп келу керек болды. Мен үшін жаңа орта болғандықтан, жаңа өмір басталғандай болып еді... Бастықтар абыр-сабыр болып, көшудің қамымен қағаздар толтырып, қалғандары заттарды сыртқа тасып, бір-бірін танитындар өзара әңгіме құрып тұрған. Мен ешкімді танымай, өзіммен-өзім бір шетте тұрмын. Сол кезде Жарқын жаныма жақын келіп, жөн сұрасып, сөйлесіп кеттік. Одан кейін Ол, «Қазір баратын жаққа менің машинама отырасың ғой, жарай ма? Менің барсеткамды ұстай тұр, мен қазір заттарды шығарысып жіберейін»-деп барсеткасын ұстатып кетті. Содан екеуміз жаңа жұмысқа, жаңа офиске бірге аттандық. Ол жол-жөнекей комплимент айтқаны да есімде. Көзіме күн шағылыса берді, ол сонда «Күннің көзі де әдемі қыздарға түседі дейді ғой:)»-деген. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық»-дегендей, танымасам да, өзіме жақын тартып кеттім. Сол күннен бастап машинасына отырып, әлі күнге түспейтін болдым:) Күн сайын десем де болады, екеуміз жұмыстан үйге қарай бірге қайтамыз. Бағытымыз бір. Әңгімеден аузымыз жабылмайды. Кейде өсек айтуымыз да мүмкін:)) Олар Нұрмұхаммед екеуі біркездері жақсы дос, бауыр болып кеткендіктен, кейде сол туралы әңгіме қозғаймыз. Басқамен айтпайтын сырымды, кейде Жарқынға айтамын. Соның арқасында жол қысқарып, тіпті әңгімеміз бітпей қалады. Әрине бірге жұмыс істеген үш жылдың ішінде ренжісулер де болды. Қатты көңілім қалған кездер де болған. Бірақ оның бір жақсы жері, түк болмаған адамдай бәрін жуып-шайып жібереді. Мен де көп кек сақтай алмайтын адаммын. Қатты көңіліме тисе, біраз уақытқа дейін сөйлеспей, тіпті ол жаққа қарағым да келмей жүремін. Кейін қайда барасың, өзі амалын тауып сөйлеген соң, «ырылдарсың қаппассың, сенен жақсы таппаспын»-деп жібіп кетемін. Қазір «жақсы доспыз»-десем де болады. Бір-бірімізді қағытып сөйлеуге де ұстамыз. Аузынан тастамайтын боқтық сөздерін, кейде өзіне қолданамын. Ол оған қарқылдап күліп алып «Осы біркүні сен де жігіт болып кетпеші!»-деп қояды. Жарқынмен жағдай осылай:)

Сәкен – сырлы сандық сияқты, бәріне жұмбақ, тұйық жан. Ол өз сырын ішке түйеді, ешкімге ағынан жарылып әңгіме айтпайды. Тіпті бәріміз жаппай жабылып, кірісіп бір әңгіме айтып жатсақ, ол сырттай бақылаушы адам сияқты отыруы мүмкін. Ол бірақ ешкім ойламаған жерден, ешкімнің ойына келмеген сөз айтады. Ұтымды, өткір бір әзіл айтып, бәріміздің көзімізден жас аққанша күлдіреді кейде. Әрбір нәрсеге әрі мәселеге өзіндік ерекше ойы бар. Өзінің қатысы жоқ, өзіне қызықсыз әңгімеге қосылмайды. Бір таңқалатыным, Сәкеннің ешқашан бір адамды жамандап жатқанын көрген де, естіген де емеспін. Ол тіпті жай ғана «ұнамайды маған ол» - деген сөзді қолданбайтын сияқты. Мен айтпақшы Сәкенмен де күнара жұмыстан бірге қайтамын. Өйткені Сәкен тұратын жақта, менің көп туысқан, нағашы әпкелерім тұрады. Соларға жиі қонаққа баратын болғандықтан, Сәкенмен бірге қайтуым да жиі. Ол екеуміз қайтқанда, көбіне мен сөйлеп отырамын. Ол жай қойған сұраққа ғана жауап беріп отырады. Болады кейде, қызық тақырыптар талқылап кететін кезіміз. Мысалы мен ішіме сыймай бара жатқан сырымды айтып, ой бөлісемін. Ал кейде, мүлде үнсіз отыруымыз мүмкін:)жеткенше, радиодан музыка тыңдап. Мен біреуге ренжіп немесе біреуге таңқалып, сол туралы айтсам, ол маған қосылып жамандамайды. Сол кезде ойланып қалам, «мүмкін меніңкі дұрыс емес шығар»-деп. Сондай қасиетімен, адамды ойлантып, өзін сыйлата алады. Содан соң маған ұнайтын тағы бір мінездері бар. Жалпы нағыз жігітке тән қасиет – ұсақшыл (мелочник) еместігі, адамгершілігінің молдығы, адамға адалдығы. Тарқатып айтар болсам, ол сенімен жақын дос болып кетпесе де, сені сыртыңнан сатып кетпейді. Оған бір сөзбен айтқанда, сенуге болады. Міне, менің Сәкен туралы түйген ойым – осы. Менің оған осы уақытқа дейін қатты ренжіген кезім болмапты. Сол үшін Сәкенді әріптес ретінде өте қатты сыйлаймын. Бір жаман жері - жеке өмірі, өзі туралы ешкімге ештеңе айтпайды. Сол үшін оны жақын танымайтын адам сияқты жүреміз. Жігіт болып, қыздар туралы қызығып әңгіме айтып жатқанын көрмейсің. Өзімізбен-өзіміз далбасалап, қыздарды өзіміз жабыстырып жүреміз. Жарнама жасап жіберейін, осы мүмкіндікті пайдаланып. Қыздардың құлағына алтын сырға, Сәкен сияқты сүрбойдақ, сері жігіттен құр қалмаңыздар:)) Сәкеннің тойы бірінші болып қалуы мүмкін:))!

Әзиз – атына заты сай, әзиз, абзал жан. Ол біздің ұжымдағы жасы жағынан ең кішісі, сондықтан еркесі десе де болады. Қазір әке атанып отырғанымен, бізге әлі бала сияқты көрінеді. Әзиз негізі ешкіммен жұмысы жоқ, өзімен-өзі. Ал бірақ белгілі бір нәрсеге байланысты жиналатын болсақ, ол шетте қалмай, кәдімгідей атсалысады. Өзінің ұйымдастырушылық қасиеті де бар. Мойнына артылған жауапкершілікті немесе сенімді ақтай алатын адам. Жаңалыққа және ізденіске жанықұмар. Оны мен осы он.кз.-те жазған посттарынан, сосын  «Айна тв» жобасын ойластырғанда байқадым. Неше түрлі идея айтқан адам – Әзиз болған сол кезде. Ерінбей ізденіп, адамдарды әр жағынан зерттеп жазба жазған бірден-бір адам – Әзиз болған сияқты. Былтырғы өткен Наурыз мерекесін атап өтуді ұйымдстыруды, АМГ холдингі «Алаш айнасына» тапсырған болатын. Сол кезде бүкіл спорттық ойындарды ұйымдастыру Әзиздің  мойнында болған. Өзі қызық көріп, барлық ойынға қатыспаса да, басқаларға қызық болу үшін барын салып, басы-қасында жүрді. Одан соң осы өткен жаңа-жылдық кештің концерттік бағдарламасын, бастықтар жастарға тапсырды. Сонда Әзиз ән айтып жүрмесе де (даусы болмаса да:)), бәрінен қалыспай, ол жерге де атсалысты. Тауға сырғанақ тебуге бару туралы идея да – соның идеясы. Оны да іске асырды. Сосын бәріміз басымыз қосылып мафия ойнағанда, ол ешкім айтпай-ақ жүргізуші болады. Ол соның міндеті сияқты. Кейде күлеміз, «сен өзің ойнамадың ғой, саған несі қызық»-деп. Ол болса «маған жүргізген қызық»-деп қояды. Айтпақшы бәріміз қосылып түскі ас ішіп отырғанда, кейде Әзиз келіп қосылады. Үнемі бірге отырмаған соң шығар, кейде біздің әзілімізге, әңгімемізге ілесе алмай қалады. Сол кезде біреу бір әңгіме айтып, бәріміз күліп болған кезде, ол түсінбей қайта сұрайды. Оған түсіндіріп айтқан соң барып, бір өзі тарқылдап, тоқтамай күліп алады. Оның осы қылығына, сосын біз прикол ұстап күлеміз. Кейде ренжіп қалатыны да бар. Содан соң шығар, ол бізге әлі бала сияқты көрінетіні. Біздің Әзиз сондай. Айта берсең әңгіме көп. Осымен тоқтатайын.

Міне, біздің жігіттер осындай. Бұлардан басқалары да мақтауға тұрарлықтай. Бірақ «бәрін айт та, бірін айт» дегендей «Алаш айнасының» бетке ұстарлары - осылар. Айта кетер тағы бір жайт, менің осы ұжымдағы қыздар Әйгерім, Айнұр, Мәриям, Қуаныштардан гөрі, осы жігіттермен әңгімем көбірек жарасады. Әрине олармен де сәлеміміз түзу, бірақ ортақ қызықтар жоқ сияқты. Сол үшін «неге қыздармен жүрмейді?», «неге олар туралы әңгіме қозғамайды?»- деп ойлағандарға жауап осы:)! Сосын қыздардың мейрамы емес қой, не?-десең я:))

Жігіттер мейрамдарың құтты болсын! Сендерге қолдан келген сыйлығым – осы болсын!!! Егер артық кетсем, кешіресіңдер ғой?!!! Мен сендерді құрметтеймін және осы болмыстарыңмен жақсы көремін!!!

Ал жариялайын!!!:))



Бөлісу: