Біздің жігіттер

Біздің жігіттер
жеке
блог

   Қазақ елінің ертеңгі тірегі-бүгінгі қайсар рухты жастар. Біз ерлік туын биік көтерген  ерлерімізді тәуелсіз мемлекетіміздің қорғаны дейміз. Абырой, міндет, қаһармандық, борыш деп ұрандаған сарбаздарымыз болса, ертеңгі мемлекет шаңырағы шайқалады деп мүлдем алаңдамаймыз. Ал олар қаншалықты үмітімізді ақтап, Отан алдындағы борыштарын өтеуге ниет білдіріп, аға ұрпақтың ерлік дәстүрлеріне сай болып жүр?

   Бұрын әкелеріміз елін, жерін қорғауды ұлы міндет ретінде санады. Бұл-Алладан келген әмір деді. Сөйтіп, Отан алдындағы борыштарын 2-3 жыл бойы өтеп, елдеріне абыроймен оралды. Ал бүгінгі жастарымыз Отан үшін от кешуге дайын ба? Меңінше, бұл жайында олар мүлдем ойланбайтын сынды. Бұған дәлел, әскери азаматтық борышын жұрт қатарлы өтеп, өз Отаны алдында кез-келген жағдайға сай тұратын сарбаздар санының күннен-күнге азайғандығы. Қазір жас жігіттеріміз "Отанды қорғау" ұғымынан гөрі, көлік міну, қыдыру, соңғы үлгідегі ұялы телефон алу дегендерді жоғары қояды. Сонымен қатар, шетелдерге еліктеп қойған шаш үлгілері, киінген киім киістері, сөйлеу мәнерлері бәрі-бәрі ер азаматтар үшін мүлдем жат қылық. Осындай еркін өмір сүруге бейімделген жастар  әскердің  қатал тәртібіне қайдан  шыдасын. Дегенмен, жастардың  барлығына күйе жағып, топырақ  шашудан  аулақпын.

   Жалпы биыл ел бойынша 29 мыңнан астам ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылмақ. Оның 4мыңы Қазақстан Республикасы Қарулы күштер қатарына, қалғаны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі,  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан  мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери бөліміне  жіберу көзделген. Олардың арасында "қашқындар"  мен  "әскери билет үшін келдім"  деушілір жоқ  деп  үміттенеміз. Бүгінгі күні бұл да нан табу әрекетінің біріне айналып кетті ғой.  Ендігі жерде он екі мүшесі сау бола тұрып, әскерге барудан жалтарып жүргендер  үшін жаңа заң қабылданды. Яғни, борыштарын өтегісі келмейтіндер 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оларға 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынады. Қабылданған жаңа заң оң  нәтиже береді  деген ойдамыз.

Олай болса, Қарулы Күштер  сапына жолбарысша жосылып,  арыстанша атылатын мықты жігіттер саны көбейе берсін. Қарулы Күштеріміз неғұрлым мықты болса, соғұрлым мемлекетіміз де айбынды болмақ. Лайым солай болғай!