БІЗДІҢ ЖАҚТА ЖОЛБАРЫСТАР БАР...

БІЗДІҢ ЖАҚТА ЖОЛБАРЫСТАР БАР...
жеке
блог

 

БІЗДІҢ ЖАҚТА ЖОЛБАРЫСТАР БАР...

 

(Әңгіме)

 

Қыс бар аязын сүйретіп өз шеңберіне жеткен. Үскірік аяз дала билеп, ақ ұлпа қыраулары ауылдың әр үй терезесіне оюдан қайта-қайта мүсін жасауға шебер-ақ. Күндіз жер ананы жалтыратып, сағым болып көрініп жататын жол бетін айнадай етіп көзге шағылыстырса, кешке таман бір алапат дүлей билейтіндей, боран алдындағы сәттің бір үзік сыр айтуы іспетті сықырлаған тыныштық орнайды. Мойынқұм Бетпақдаланың жазық даласымен шектесіп жатқанымен оны көптің түсінігіндей құмды, шөл алқап деп те атай алмайсыз. Төбелі тау-тасқа айналған ойпат жер бірер шақырымда сахараның шөліне айналып, ары қарай тағы да тау-тасты орман қалыңына еніп жалғаса береді. Шеңгел, сексеуіл, жантақ, жыңғыл, қарағаштардан қалың боп өскен, тіпті арасында адам жүрер жол жоқ алқапты орман емей не? Ауыл қарттарының аузына тағай салсақ, естімеген елде көптің көкесі осында. Нулы орман сілемелерінен, өзен жағасындағы қамыс ботпасынан қабан, қоян, қасқыр тіпті керек десеңіз жолбарыстар табылып жататын таңғажайып әлем бар да болса осында шығар. «Жолбарыс деген атауды ол жануар бізде мекен етпесе біз қайдан біліппіз, түге!» десіп сенбеген адамдарына ренжи қарап, тіпті бір өз көздерімен анықтап көргендей осы ауылдың кәрі-құртаңдары сөз етісіп кейде айтысып қалып жатады. Жолбарыс туралы осындай әңгіме-жайларды бесігінен естіп келе жатқан ауылдың қара домалақтары мен сары домалақтары еш шүбәсіз сене беруге де ынтық. Тіпті солар туралы ертегі де жасап шығарып «жолбарыс бүй депті, жолбарыс сөйдепті» десіп әңгімелерін қазан ақыр қылып, өтіріктеріне соңында өздері де сеніп, шақыр-шұқыр әңгімелерін жиілетіп кетті. Осыны пайдаланып өздерінен біраз кішілерді алдандырып, сексеуіл бұталауға шыққандарында «жолбарыс әні келеді, міне келеді» деп ана сайға бір сілтеп, мына сайға бір қол шошайтып, соған ішіндегі шын сенгендеріне қарап күлісіп алатындары үлкендеріне таптырмас ойын-қалжың. Осы оймен Әзім де өзгелерден қалыспайын дегендей өзімен көршілес тұратын Мұхтар атайдың немересі Серікті тап осылай алдарқатып келе жатыр:

-  Серік, сен қазір сексеуіл теріп жүріп бізден адасып, алыстап кетпе, әйтпесе жолбарыс жейді,-дей салғаны кеп. Қалғандары қыран-топан күлкіге басты.

-  Е, сонда бұл жерде жолбарыс бар ма? Біз сенбей жүрсек...

Өзінің жалғыз алданып келе жатқанына көнгісі келмей әдейі «біз» деп кішкентай Серік қорыққанын барынша білдірмейін дегендей үлкендерше сөйлей салып еді.  

-  Әй, мына бала сенбейді ғой,- деді енді шын шошиын деген Серікке бір қарап, Тастанға бір қарап көзін қысып, - Ал, Тастан, әншейінде әңгімеден аузың тиылмайды ғой, жолымыз қысқарсын, анаукүні маған айтқан әңгімеңді мына балаларға айт, біле жүрсін, бұлар да ер жетті ғой.

Әңгіменің орайын келтіретін Тастан есегінің үстіне жайғаса қозғалақтап отырып қойып мәселеге арыдан ауыз салды. 

- “Алдыңғы жылы малды күзеуге апаратын болдық. Күздің қақаған аязы, жер әлі қара, қар түспеген. Таңертеңнен ерте тұрып әкеміз екеуміз жол қамына кірістік. Менің астымда жаздай қойшының тепкісінде болып әбден азыған торы бесті, әкем өзі талай жолға шығып, сырын қанық біліп алған өзінің кәрі болса да әлі кете қоймаған жуан айғырды мінді. Сол күні малдың жүрісі бір өнбей әбден қиналғанымыз есімде. Сол неден екен десек, бәсе, хайуан екеш хайуанның өзі бұларды алыстан торып жүрген жыртқыштың барын бірден сезе қоятыны рас дүние екен-ау!”

-  Жыртқыш?! Ол не тағы?

-  Ой, бала, әңгіменің дәл ортасынан киіле бермей әрмен қарай тыңдасаңшы, өзім де айтайын деп отырған жоқпын ба? Содан не керек, малды жүргізбей, алдын кес-кестеп жүрген бір бәленің бар екенін әкем сезгендей болып малды сол қанаттан қайырып, алдыңғы жақтағы жерді бір шолып қайтайын деп шаба жөнелді. Мал басының ырғатыла басып, негізгі айдаушысы кеткенін сезді ме әйтеуір оңға қарай бір, солға қарай бір шашырап, қайыруға көнбеді. Кенеттен қатардан шыға жайылған қой гүр етіп үркіп, сай-салаға бытырай қаша жөнелді. Не ары не бері бара алмай састым да қалдым! Алды жақтан әлдекімнің дауысы етіледі. «Таста-а-а-ан!», жалт қарасам, жер-ошанды шашырата шауып келе жатқан әкем шайтан көргендей дәл өзіме қарай ытқып келеді екен. Мәссаған! Әкемнің үрейлі көздерін сонда бірінші рет көруім екен, түсінбегенім, малдың алдын тоқтатудың орнына тура маған қарай беттеп келе жатқаны несі дей бергенімде әкем қос ауызды алды да гүрс етіп аспанға мылтықты атты. Әлденеден шошынып астымдағы тор бестім үрке қашып мені аударып кетті. Тұла-бойымды қорқыныштан сол сәт билей алмай,  әкем қараған тұсқа көз тастасам... не көрдім дейсің ғой! Жолбарыс! Иә, жолбарыс, жалы күжірейіп, маған бір қарап, әкеме бір қарап алып, төбе асып бүлкілдей жөнелді.

-  Қойшы-ей! Тап жолбарыстың өзі ме?!

-  Мынауыңа “қорыққанға қос көрінеді”-ні айту керек-ақ қой, әйтпесе жолбарыс бізде қайдан болсын?!

-  Иә, қатырады екен, ә? Әй, Тастан, сенің көргенің мүмкін қырдың қызыл түлкісі шығар,- деп қыран-топан күлкі басталды да кетті.

Тастан «осы әңгімені қайдан ғана айта салып едім» дегендей не өзіне ренжуді, не ішек-сілесі құрып өтірік-шынды күліп жатқан балаларға ренжуді білмей, көңілсіздеу жағдайына күйінген. Бар ашуын есегінен алардай бір-екі рет тебініп қойып алға оза берді. Тастанның жеңіл күле салмай, шын көңілсізденгенін байқаған балалар «осы, болған жайт рас па, қалай өзі?» дегендей күлкілерін сол арада тарс тиып, үндемей қалысты. Алғашында кішкентей Серікті қорқыту мақсатында айтылған жай әңгіме шындыққа айналып бара жатқандай Әзімнің өзі біраз үнсіз қалды. Өзгелердің айтарын күтіп, әліптің артын бағуға тырысқандағысы еді. Ешкім ауыз ашып сөз сөйлей алмаған соң, шыдай алмай:

- Тастан, саған бәріміз де сендік, бекерге өкпелейсің, қатарлас бізбен,- деп басу айтқан болды.

 Енді ауылдан бұдан өткен қызық оқиға шықпайынша ел аузында жүретін бұл әңгімеге балалар түгелдей сенуді де бастап-ақ еді. Ендігісі міне, жолбарыс туралы оқиғалардың барлығын да суға сінген шоқтай бір леппен өшіріп-ақ кетті...

Ал Тастанның айтуы бойынша біздің жақта жолбарыстар бар...       

 

Ардақ ҚҰЛТАЙ